Шымкент қаласына іссапармен келген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов «Түркістан» сарайында тұрғындармен жүздесіп, мегаполистегі құқық қорғау саласында атқарылған жұмыстар мен жоспарлар туралы баяндады. Еліміздің бас полицейі сондай-ақ тұрғындардың шағымдарын тыңдап, жеке қабылдау өткізді.
Министр кездесу барысында полицейлердің тәулік бойы атқаратын қызметінің нәтижесінде елімізде қылмыс деңгейі жыл басынан бері 19 пайызға, ал республиканың үшінші қаласында 37 пайызға азайғанын айтты. Сонымен бірге қылмыстың жасалуына әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсері басым. Сондықтан оған ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою маңызды. Осы ретте ІІМ Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. «Құжатта азаматтардың сұранысы ескеріліп, құқық бұзушылықтар профилактикасы бойынша басқа да мемлекеттік органдардың жауапкершілігі бекітіледі», деді министр. Ол сондай-ақ тұжырымдама 3 стратегиялық, атап айтқанда, қауіпсіз қоғам, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимыл жасауы және полицияны трансформациялау бағыттарын қамтитынын мәлімдеді.
Бас полицей баяндағандай, қылмыстардың себептері мен салдарына аса назар аударылды. Бұл үшін тұжырымдама бойынша жұмысқа халықаралық ұйымдар, қоғам өкілдері мен сарапшылар, мемлекеттік органдар тартылды. М.Ахметжанов тұрғындармен кездесу кезінде азаматтарды алаңдатқан күрделі мәселелерге тоқталды. Солардың ішінде интернет алаяқтықпен күрес, есірткі сату, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғалары мен мемлекеттік органдардағы жемқорлық туралы біраз жайттан хабар берді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты деректер соңғы 5 жылда елімізде 3 есеге өсіпті. Өйткені көп жағдайда жәбірленушілер полицияға арыз жазудан бас тартады, сол себепті үйдің берекесін қашыратындарды жауапқа тарту қиынға соғатын. Енді заңға жаңа түзетулер енгізілмекші. Яғни «өтініш беру» тәсілінен «анықтау» форматына көшеді. Сонда бұдан былай заң бұзған адамды арызсыз-ақ жауапқа тартуға мүмкіндік туады. Сонымен бірге қайта татуласу мүмкіндігі шектеледі. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейеді», деді Марат Ахметжанов.
Халықпен жүздесуде ведомство басшысы қылмыстардың басым көпшілігі мас күйде жасалатынына тоқталды. Дерек бойынша соңғы 5 жылда алкогольді ішімдікке тойып алып қылмысқа барған адамдардың қолынан 2 360 азамат қаза тауыпты. Мәселен, биыл Шымкентте біреу мас болып көршісіне пышақ сұғып алған. Министр адамдардың ішімдікке әуес болуына алкогольді сусындардың бақылаусыз сатылуы және маскүнемдерді емдейтін орындардың тапшылығы себеп екенін жеткізді. «Осы ретте құзырлы органдар алкоголизмді емдеудің жаңа тәсілдерін енгізу қажет», деді ол. Мәселен, биыл сот 31 адамға қатысты мәжбүрлеп емдеуді тағайындаған. Дей тұрғанмен мегаполисте алкогольді ішімдікке салынып кеткендердің есебінде 2 мыңға жуық адам тұр. Сонымен бірге шаһарда 25,5 кило есірткі мен 6,5 кило оның «синтетикалық» түрі тәркіленген. Бұл улы заттардың жалпы құны 47 млн теңгені құраса, мөлшері 9 мың адамға арналған дозаға тең. Сала басшысы баяндамасында осындай деректер келтірді. Оның айтуынша, қалада 5 ай ішінде 316 мәрте киберқылмыс жасалыпты. Осыған байланысты байланыс операторларымен бірге ауыспалы абоненттік нөмірлермен қоңырау шалуға тосқауыл қойылды. Соның нәтижесінде 18,5 млн қоңырау бұғатталған. Полиция киберқылмыстармен күресу үшін Астана қаласында «Киберпол» қанатқақты жобасын іске қосты. Енді жобаны Алматы мен Шымкент қалаларына енгізу жоспарланып жатыр. Сондай-ақ Марат Ахметжанов мегаполистегі криминогендік жағдайға тоқталып, жыл басынан бері 872 қылмыс тіркелгенін, оның ішінде 101 пәтерге ұрылар түскенін баяндады.
«Біздің мақсатымыз – ұрлықтың себептерін анықтап, салдарын жою. Бизнес-қауымдастықпен бірлесіп, ұрланған мүлікті сатуға мүмкіндік бермейтін тетіктерді қарастырып жатырмыз. Ұрлықтың орын алуына тағы бір себеп – меншік иелерінің өз затына ие бола алмай, немқұрайлы қарайтыны. Мәселен, пәтер ұрлығының көпшілігі бейнекамерасы, домофоны, дабылқаққышы жоқ, олармен мүлде жабдықталмаған үйлерде тіркеліп жатады», деді министр.
Өз кезегінде ІІМ бейнебақылау жүйесін дамытуға ерекше мән беріп отыр, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек. Қазіргі таңда Шымкент қаласында 195 мың камера бар. Олардың көмегімен 194 қылмыс ашылып, 18,6 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліпті. Сондай-ақ ІІМ жол жүру ережелерін бұзғандарды анықтап, жол апаттарының алдын алу мақсатында алғаш рет мегаполисте «Қорғау» жүйесін іске қосқан болатын. Министр жүйе жалған нөмірлермен жүрген, айыппұлдары төленбеген, сақтандырусыз, іздестірудегі көліктерді анықтауға мүмкіндік бергенін жеткізді. Айталық, осы уақытқа дейін 97 жалған мемлекеттік нөмір анықталып, 114 мемлекеттік нөмір алынған және 1 600 жүргізуші куәлігінен айырылып, 8 мың көлік арнайы тұраққа қамалыпты. Сонымен бірге жыл басынан бері жол жүру қағидаларын 69 рет бұзып, 2,5 млн теңге айыппұлды төлемеген жүргізуші ұсталып, көлігі айып тұрағына қойылған. Дегенмен Шымкентте жол-көлік оқиғалары 16, жарақат алғандар 23 пайызға азайған. Ал бірақ, өкінішке қарай, 22 адам қайтыс болды.
Баяндамасында министр көктемде жұрттың жүрегін ауыртып, қоғамдық резонанс туғызған автобус апаты жайлы да пікір білдірді.
«Өмір – баға жетпес құндылық. Өкініштісі сол, оны кейде бағалай бермейміз. Ең үлкен міндет – ол біреудің тағдырына жауапкершілік. Сондықтан оны баршамыз сезіне білуіміз керек. Адамның өмірі кімге сеніп тапсырылса, ол соған бар жауапкершілігімен, сеніммен қарауға тиіс. Бұл – кешегі көктемде болған оқиғаға қатысты әңгіме. Сонда жүргізушінің немқұрайлығы кесірінен басқарусыз автобус 5 адамның өмірін қиды, оның екеуі – кіштентай бала. Жүргізуші қазір абақтыда отыр. Іс әлі тергеліп жатыр. Қайғылы жағдайдың орын алуына себеп болған автобус автопаркінің лауазымды тұлғалары бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке де тартылды. Өткен жылы автобус жүргізушілері жол ережелерін 800 рет, ал 5 айда 850 рет бұзғанын арнайы тексеріс көрсетіп отыр. Осы ретте автопарктің жол қозғалысы қауіпсіздігі бөліміне қойылар сұрақтар бар. Мәселен не үшін рейс алдындағы нұсқаулар сапасыз өткізіледі? Неліктен жүргізушілердің еңбек демалысы тәртібі дұрыс орындалмайды? Сонымен бірге көліктік бақылау инспекциясы, денсаулық сақтау органдары тарапынан автопарктің қызметін тексеру бойынша нақты істер көрінбейді. Ендігі жерде мұндай өкініш, қайғы қайталанбауы керек. Әкімдік, полиция департаменті және прокуратура қоғамдық көліктердің қауіпсіздігін үнемі бақылауда ұстау қажет», деді Марат Ахметжанов.
Бұдан бөлек, министр жергілікті атқарушы органдарға жол инфрақұрылымына және жол белгілерінің орнатылуына назар салу керек деді.
Еліміздің бас полицейімен кездесуде адамдар көптеген мәселе көтерді, жалпы салаға қатысты ұсыныс-ойларын білдіріп, жеке сұрақтары бойынша да шағымдарын айтты. Мәселен, педагог мәртебесі секілді полицияның да ар-намысын қорғайтын мәртебе болу керек деген ұсыныс білдіргендер болды. Сонымен бірге қала іргесіндегі Маятас елді мекенінің тұрғыны Самат Ережепов ауылының төңірегінен Түркістан облысына қарасты газ-бу қондырғысын орнатуға маятастықтар түгел қарсы екенін жеткізді. Алайда Экология министрлігі елді мекен тұрғындары хаттамалық жиналыста қарсылық білдірмеуіне байланысты жобаны іске асыруға рұқсат берген. Бұған Самат Ережепов те, елді мекен азаматтары да аң-таң. Өйткені оның айтуынша, хаттама олардың қатысуынсыз жасалған және ешбір адам оған қол қоймаған. Алайда қалай болғаны белгісіз, хаттама тұрғындардың сыртынан толтырылып жіберілген. Осыған байланысты Маятас елді мекенінің тұрғындары тиісті органдарға арыз жазған. Ендігі жерде соңғы үміттерін осы жиналысқа арқалап келіп отыр екен. Сонымен бірге кездесуде министрдің алдына кіре алмай сыртта қалып қойған азаматтар да көп болды. Соның бірі Айдар Түймебаевпен тілдескенімізде ол «Ломбард24» қаржы ұйымынан жапа шеккен, ендігі әділдікті осы жерге іздеп келіп отырғанын жеткізді. «Осы қаржы ұйымы арқылы жағдайды түзеуге болады дегенге сеніп, 3 млн теңгеден астам ақшамды соларға құйдым. Алайда біраз уақыт өткен соң әлгі ұйым жабылып қалды. Басшылары ұсталып қамалды. Бірақ соншама адамды сорлатып кетті. Енді «жеп» қойған халықтың ақшаларын кім қайтарады? Осы мәселенің аяғы немен бітеді? Мен өзім секілді жапа шеккен азаматтармен бірге әлі күнге дейін әділдік іздеп жүрміз. Және соңына дейін баруға бел байлап отырмыз. Кездесуге бір үмітпен келген себебіміз де сол», деді жәбірленуші.
Халықпен кездескен соң Ішкі істер министрі М.Ахметжанов журналистерге арнайы брифинг өткізіп, сауалдарына жауап берді. Кейіннен әртүрлі мәселемен келген қала тұрғындарын жеке қабылдады.
Қызметтік сапар соңында еліміздің бас полицейі Шымкент ҚПД-ның жеке құрамымен кездесу өткізіп, қызмет барысындағы кемшіліктер мен артықшылықтарды ашып айтты. Сондай-ақ қызмет барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізген Ұлттық ұлан, Қылмыстық-атқару жүйесі мен Полиция департаменті қызметкерлерін марапаттады. Содан соң Жедел басқару орталығына келіп, қала тіршілігін бейнекамералар арқылы бақылады.
ШЫМКЕНТ