• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 13 Маусым, 2023

Орнықты дамудың оңтайлы тәсілі

235 рет
көрсетілді

Астана халықаралық форумы аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ ұйым­дастырған панельдік пікірталас өтті. «Еуразия: орнықты даму жолында» тақырыбына арналған іс-шараға жоғары дәрежелі спикерлер қатысып, орнықты даму проблемаларын шешу бағытындағы ынтымақтастық жөнінде өзекті мәселелерді талқылады.

Панельдік сессиядағы алғашқы сөз­ді­ «Бәйтерек» холдингінің басқарма төр­­ағасы Қанат Шарлапаев сөйлеп, форум­да­ талқыланатын мәселелер ауқымы ке­ңей­генін атап өтті. Оның айтуынша,­ ір­ге­лі жиын сындарлы диалог арқылы әлем­дегі күрделі мәселелерді шешуге мүм­кіндік береді.

«Еуразия – өте қызықты аймақ. Ал Қазақ­­стан аталған құрлықта айрықша рөл ойнайды. Қазіргі жағдайға қарасақ, жет­­кізу тізбегі бұзылған, логистика­ да­ айтарлықтай өзгерген. Азық-тү­лік­ қауіп­сіздігі мен тұрақтылық мем­ле­кет­тердің де, жеке сектордың да күн­ тәр­ті­біндегі маңызды тақырыпқа айна­­лып отыр. Әрине, Қазақстан бұл мәсе­ле­лерді талқылауға ниетті. Орнық­ты­ да­му­ мақсаттарына келсек, мұнда үш аспек­ті­ні айту маңызды. Біріншісі – эко­но­ми­калық өсу. Оны әлеуметтік үдеріс­сіз­,­ қоршаған ортаны қорғаусыз дамыту мүм­­кін емес. Бұл – Қазақстанның бас­ты ұс­танымдарының бірі. «Бәйтерек» – Қазақ­станның қаржы секторындағы ірі агент­тер­дің бірі. Біз таразының бір жа­ғына тұрақ­­тылық пен экономикалық даму­ды, екі­н­шісіне әлеуметтік және қор­ша­ған ортаны қорғау мәселелерін қоюы­мыз керек», де­ді­ Қ.Шарлапаев.

Спикердің айтуынша, көпшілікке маңыз­ды мәселенің бірі – тұрғын үй. Осы орайда, еліміз құры­лыс саласына ерекше көңіл бөліп, бар­шаға қолжетімді ету жолында табысты жұмыс атқарып жатқанына тоқ­талды. Сонымен қатар Отбасы банктің қызметіне тоқ­та­­лып, пайыздық мөл­шерлемесі төмен несие арқылы тұр­ғындарға баспана алуға мүмкіндік ұсы­нып­ отырғанын атап өтті.

«Құрылыс мәселелері, қолжетімді және орнықты болуы керек тұрғын үй мәселелері баршамызға маңызды тақы­рып деп ойлаймын. Біздің еншілес ұйы­мы­мыз Отбасы банк баспана алуға ипо­тека береді, ол – біз үшін өте маңыз­ды қаржылық ойыншы.

Сонымен қатар әйелдерге арналған бағ­­дарлама да бар. Осы орайда, олар­ не­сиені уақтылы төлейтінін, алғаш­қы­­ ­жарнаны жинауда қиыншылық көр­мей­­тінін айта кеткен жөн. Бұдан бөлек, мүм­­кіндігі шектеулі жандарға арналған бағ­­дар­лама да жұмыс істейді», деді Қ.Шарлапаев.

«Бәйтерек» холдингінің басшысы­ Қазақ­стан баламалы энергетика көзде­­ріне де ерекше басымдық беріп отыр­ға­ны­на тоқталды. Оның айтуынша, жел, су, күн энергиясын дамытуға ерекше кө­ңіл бөлінеді, бұл бағытта 400 миллион дол­лар инвестиция құйылған.

«Сондай-ақ «Бәйтерек» аясында ша­ғын­ және орта бизнеспен жұмыс істейтін «Даму» қоры бар. Қор жұмысының нәти­­­жесінде елдің ішкі жалпы өніміне шақ­­қандағы шағын және орта бизнестің үле­сі былтырғы 33 пайыздан 36 пайызға де­йін артты. Алдағы уақытта мұның кө­бейе беретініне сенімдіміз. Әлбетте, ха­лық­­­аралық өлшеммен салыстырғанда бұл көп емес шығар. Бірақ шағын және ор­та бизнестің дамуы экономиканы әртарап­тандыруға жол ашатын жалғыз жол.

Басқа да халықаралық институттармен ынтымақтастық орнаттық. Бізде тең­геге номиналды түрде шаққанда шама­ме­н 200 миллион еуроға несие желісі бар. Әйтсе де, коронавирус пандемиясына­ ­бай­ланысты шағын және орта бизнес­ке қол­дау көрсетуімізді жалғастырдық. Бұдан бөлек, алғашқы әлеуметтік облигацияларды шығардық. Оның көлемі салыс­тырмалы түрде көп емес, дегенмен бір­неше жыл бұрын миллиард теңгелік әлеу­меттік облигацияларға инвестиция тартуға жол аштық. Бұл бағытта атқа­рып­ жатқан жұмыс аз емес», деді Қ.Шар­­­лапаев.

Сонымен қатар спикер Қазақстан ауыл шаруашылығына мол қаражат құ­йып отырғанын жеткізді. Аталған сала­ны тұрақтандыру негізгі басымдық еке­нін атап өтті. Елімізде жер мол бол­ға­нымен, су тапшылығынан зардап шеге­ті­німізге назар аударды.

«Қазақ­стандағы ауыл шаруашылығын неғұр­лым тұрақты ету жолында жұмыс істеуі­міз қажет. Қазақстан – осы сала­дағы ең үлкен несие беретін ел. Осы­ған дейін ауыл шаруашылығына жар­ты триллион теңгеге жуық қаражат құ­йылды. Біз үлкен несиелермен шектеліп қалмаймыз. Шағын несие беру де жолға қойылған. Құрал-жабдықтар мен техниканы лизингке береміз. Қаржылық ұйым­дардың фермерлермен тікелей жұ­мыс­ істеуіне көмектесеміз. Осы орайда, ең маңыздысы, фермерлерге смарт су техно­логиясын қолдануына мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығын дамытуға ерек­ше көңіл бөлуіміз қажет.

Ендеше, мұның бәрі екі мәселені орын­дауға мүмкіндік береді. Ең біріншісі – ауылдық жерлердегі тұрғындарды жұмыс­пен қамту және әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту. Қазақстан халқының 40 па­йыздан астамы шын мәнінде ауылдық жерлерде тұрады. Ал осы саладағы кәсіпкерлік модельді жетіл­діру елді мекендер тұрғындарының өмір сапасын жақсартады. Екінші мәсе­ле, қазіргі таңда жер-жаһанда да өзекті болып тұрған – азық-түлік қауіп­сіз­ді­гі. Әрине, елімізде құс еті және сүт­ өнімдері секілді салаларда әлі де атқа­ры­латын жұмыстар жетерлік. Десек те, маңыздысы – Қазақстанда ғана емес, бү­кіл Орталық Азиядағы азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету. Сол себепті еліміз бұл салаға ерекше ден қояды.

Көптеген адам экологиялық, әлеу­­­­меттік және корпоративтік басқару (ESG) факторлары нарықтан кетеді деп сенді. Бірақ олай болмай шықты. Мүм­кін, кей инвесторлар осы саладан қар­жы­сын шығарып жатқан шығар. Бірақ халық­аралық ұйымдар мен қаржы институттары әлі де инвестицияны сол жаққа бағы­ттап отыр. Қарыз алушылар ESG мақсаттары үшін қаражат алса, олар үшін тіпті жеңілдік мөлшерлемесі бар. Тіпті рейтинг біздің әлеуметтік және экологиялық міндеттемелерімізге байланысты анықталатынына сенімдімін. Осы факторлардың қосындысы жаңа нарықты құруға әкеледі», деді Қ.Шарлапаев.

Бұдан кейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі – тәуелсіз дирек­торы Мари-Хелен Берард сөз алды. Оның айтуынша, Астана халықаралық фору­мы шартараптың басын қосып отыр.

«Еуропа орнықты даму деп атауға бола­тын бүкіл салада орнықты дамуға толығымен ден қойған. Әрине, экономика, даму, табиғи ресурстар, энергетика салаларында қамтылған. Бұл мантраға айналды. Оған қарсы ештеңе істей алмайсыз. Дұрыс жолда, кәсібіңіз зиянсыз екенін көрсетпей, ешбір жоба ұсынуға мүм­кіндік жоқ. Жүз пайыз орнықты, эколо­гиялық тұрғыда таза болу қажет.

Бірақ кейде асыра сілтеп жа­та­­­мыз.­­ Өйткені кей жағдайда жүз па­йыз­­ эко­ло­гия­лық тұрақты емес, бі­­рақ­ жұ­мыс­­пен қам­тамасыз ететін, пай­­да әке­ле­тін жақсы ­эко­номикалық жоба­­лар­ғ­а кедергі келеді. Мен көп мысал кел­тіргім келмейді. Өзім куә болған Фран­цуз Гвианасындағы алтын кенішіне қатыс­ты бір оқиғаны баян­дап берейін. Жал­пы, тау-кен өндірісі қоршаған орта­ға, табиғи ресурстарға, құс­тарға, көбе­лек­терге, гүлдерге, ағаш­тар­­ға зиян тигі­зетін мүлдем орнықты емес нәрсе ретін­де қарастырылады», деді Мари-Хелен Берард.

Спикердің айтуынша, Латын Амери­ка­сы­ның солтүстігінде орналасқан Фран­­­­­цуз Гвианасы осындай әсіре сіл­теу­­­дің зардабын тартып отыр. Бұл не­гі­з­і Фран­цияның аумағы саналады. Сури­наммен және Бразилиямен шекте­се­ді. Ел аумағын түгелдей тропикалық ор­ман алып жатыр.

«Француз Гвианасы – өте кедей ел. Бел­с­енді халықтың 30 пайызға жуығы жұ­м­ыссыз, жастарға істейтін іс табу өте қиын. Бірақ алтынға өте бай.­ Геологиялық тілмен айтсақ, алтын­ды аймақ. Өкінішке қарай, қазіргі таң­да алтынды заңсыз тәсіл арқылы қа­зып алуға тырысатын кедейлер өте көп. Бұл – қоршаған ортаны ластайтын ең ауыр жол. Оның үстіне, алтын іздейтін адамдар көптеген апатқа ұшырайды, өміріне қауіп төндіретін жарақат алады. Кей халық­аралық компания Франция үкі­ме­тіне тау-кен, алтын өндірудің өзге­ше­ тәсілін жасауды ұсынуға тырыс­ты.­ Әйтсе де, экологиялық идеяларға тойып ал­ған­ агрессивті үкіметтік емес ұйымдар бір құс­ты өлтіріп, ағаш кессеңіз, шулап қоя­ бере­ді», деді Мари-Хелен Берард.

Осы орайда спикер Қазақстанның қаз­ба­ байлықтары мол екеніне назар ауда­рып,­ тау-кен өндірісін дамытуға ерекше көңіл бөлудің маңызына тоқталды. Әлем ми­не­ралды ресурстарға мұқтаж еке­нін, бірақ мәселеге байыппен қарау­дың­ қаже­тін­ жеткізді.

Франциялық Rungis SEMMARIS International Market атқарушы директоры Бенуа Жюстер Қазақстанның агросала­да­ үлкен әлеуеті бар екенін, өзекті мәсе­ле­лер­ де жоқ емесін атап өтті.

«Қазақстан жерінің 75 пайызы ауыл­­­шаруашылық қызметке жарамды, бірақ тек 30 пайызы қолданылады. Сон­дық­тан мұны «Бәйтеректің» маңызды мақ­саты деп сенемін. Біздің Орталық Азия­дағы өкіл­дігіміз бар және бірқатар проб­ле­ма­ны анықтадық. Мұнда су ресурс­тары,­ сау­даны ұйымдастыру мәсе­ле­ле­рі болуы­ ықтимал. Оған қоса, қой­ма инфра­­құ­ры­лымы, базарлар, көлік қыз­мет­те­рі жет­кіліксіз. Кедендегі қиын­дықтар, әкім­шілік кедергілер де бар. Салада трейдер­лер, көтерме саудагерлер жетіспеуі мүмкін, бұл қызметті қазір көлік компаниялары монополиялап алған сынды. Салдарынан 30 пайызға дейінгі азық-түлік, көкөніс шығынын көріп отыр­мыз. Еуропада мұндай шығындар 5 па­йыз­дан аспайды. Жеткізу тізбегіндегі жағ­­дайдың нашарлығынан түпкілікті тұ­тыну­шыға өнім қымбат бағада, төмен сапада жетеді», деді Б. Жюстер.

Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) жетекші өңірлік экономисі Эрик Ливни айтқандай, басты мәселе – даму инс­­титуттарының ресурстарын пай­да­ла­на­ отырып, елдерді мейлінше дамыту.

«Біз елдерді барынша тиімді және нәти­желі болатындай қалай дамыта аламыз? Мысалы, Қырғызстан сияқты елдерде белгілі бір дәрежеде ұйымдастыру қажет. Онда тәртіп үлесін енгізіп, рево­люциялар санын азайту қажет. Ал Қазақ­стан­ сияқты елдерде түрлі бағдар­лама, Damu­ қоры, ауыл шаруа­шылығын қолдау, басқа да іс-шара­лар арқылы «Бәйтерек» жасап отыр­ған­дай, ШОБ-қа көбірек көңіл бөлу қа­жет. Бүгін осы жерге халықаралық, жер­гі­лікті компаниялардың өкілдері көп жи­налған. Барлығының ел мүддесін қол­дап отырғаны, сондай-ақ жеке сек­тордың әлеуетін үйлестіруде дамы­ту институттарының білімі мен қор­ла­ры­на қатысты, тағы басқа көптеген мәсе­ле­де көзқарастарымыз бір арнаға то­ғыс­қаны қуантады», деп түйіндеді эко­номист.

Талқылау барысында «Еуразия ор­нық­­ты дамуда қай бағытта келеді?» деген сауал­ қойылды. Гонконг инвестициялық бан­­кинг департаментінің басшысы Бар­ри­ Чан Қытайда орнықты даму мәселесі қа­­лай қарастырылатынын айтты.

«2013 жылы төраға Си таза су мен жа­сыл таулар тұжырымдамасын жарияла­ды. Сонда ҚХР төрағасы тұрақтылық – аза­маттардың әл-ауқаты екенін айтты. Осылай 2013 жылдан бері Қытайда тұрақ­тылық туралы көбірек білдік. Си Цзин­пинь Назарбаев университетінде де Қытай 2030 жылға қарай көміртегі шыға­рын­дыларын азайтып, 2060 жылға қарай көмір­тегі бейтараптығына жететінімізді айт­ты. Бұл біздің ұлттық мақсатымыз және азаматтарымыз осы көзқарасқа же­туге жұмыс істеп жатқанымызды білдіре­ді», деді Б.Чан.

Панельдік сессия аяқталғаннан кейін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ директорлар кеңе­сі­нің мүшесі – тәуелсіз директор, MHB SAS инвестициялық консалтингтік ком­­па­ниясының президенті және құ­­рыл­­­­­тайшысы Мари-Хелен Берардты әң­гі­­­­­меге тартқан едік. Оның айтуынша,­ Еура­зияның тұрақты дамуына мем­лекет­тер­дің бір-біріне ұқсамауы және олардың бас­тапқы жағдайы пара­док­саль­ды түрде ықпал ететінін атап өтті.

«Еуропа істемей жатқан тірлікті Қазақ­­­стан орындап жатыр. Елдеріңіздің аума­ғы үлкен, бізде жоқ ресурстар көп. Екінші жағынан, бізде тәжірибе, білік­тілік, дамыған өндіріс, ауыл шаруа­шылығы, өнеркәсіп бар. Біздің ынты­мақ­тастығымыз ұтымды ғана емес, шын мәні­н­де екі тарапқа да пайда әкелетініне сенім­дімін. Оны қалай жүзеге асырамыз? Бұл – басқа мәселе.

Еуразиядағы әріптестік бастамалар­ нақты жобаларға негізделуге тиіс. Мыса­лы,­ ауылшаруашылық өнімдеріңізді үл­кен нарыққа шығару Қазақстандағы өте жақсы өзгерістерді білдіреді. Тағы бір мысал, сіздің елде уран бар. Бірақ, өкінішке қарай, әзірге Фран­ция оны тек руда түрінде сатып алады. Бірақ өндіріс ошағын ашып, оны байытуға мүмкіндік мол. Әзірге Ресей мен Франция ғана мұны орындап отыр. Француз компания­лары Қазақ­станмен ынтымақтаса отырып, өз тәжі­рибесімен және ноу-хауымен бөлісе алады. Осылайша, шикізатты қайта бөліп, өнімнің өзіндік құнын артты­ру­ға мүмкіндік бар», деді Мари-Хелен Берард.

Шетелдік маманның пайымдауынша­, мұ­ның бәріне инновациялар, ғылым мен техниканың дамуы маңызды рөл ат­қа­ра­ды­. Бүгінде әлем бұрынғыдан мүлдем өз­герген.

«Осындай жаңа жағдайда жұмыс іс­теу­ тәжірибесін элитаға ғана емес, бүкіл ха­лыққа жеткізу үшін біз ашық әрі білікті болуы­мыз керек. Елде сапалы білім болмаса, ештеңе де өзгермейді. Қазіргі таң­да­ еліңізде бұл сала қай деңгейде еке­нін­ біл­меймін. Бірақ Президент Қ.Тоқаев үкі­мет алдына осындай мақсат қойғанын біле­мін.

Тұрақты дамудың ортақ мәселелерін шешу­дегі Астана форумының рөлін баға­лаған жөн. Маған бұл форум алтын көпір іспетті. Мұнда түрлі адам бар. Олар Астанаға келгеніне қуа­ныш­ты. Бұл жерде олардың жұмысы, тәжі­рибесі, ноу-хауы керек. Мұндай форум тек сөз сөйлеуге ғана емес, адам­дар арасындағы байланыс, жаңа идея­лармен алмасу мүмкіндігі де маңызды. Мұның бәрі өте жақсы ұйым­дас­тырылған. Меніңше, бұл форум Қазақ­станның имиджін халықаралық арена­да арттыруға тамаша үлес қосады», деді Мари-Хелен Берард.