Елорданың экономикалық әлеуетіне тоқталғанда «Тақ келген жерге – бақ келеді» деген тегеурінді тәмсіл тіл ұшына оралды. Ширек ғасыр ішінде бас қаланың аумағы анағұрлым ұлғайып, абыройы алты құрлыққа жеткені – бағы жанғаны деген ойдамыз. Әу баста Астана мәртебесін иеленген кезеңнен бастап бұл қалаға еліміздің әкімшілік басқару нүктесі, мәдени-рухани орталығы ғана емес, экономикалық локомотиві болу сынды маңызды миссия жүктелген болатын. Олай болса, 25 жыл ішінде қаланың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері қалай өзгерді?
Әуелден әлеуеті зор еді
Жалпы, сарапшылар әуелден бұл қаланың экономикалық әлеуеті зор болғанын айтады. Біріншіден, көлік және коммуникациялық, логистикалық тұрғыда ыңғайлы. Өткен ғасырдың алғашқы ширегінен бастап-ақ Ақмола одақты көктей өтіп жатқан тарам-тарам теміржол жүйесінің маңызды орталығына айнала бастағаны белгілі. Тың игеру науқанында экономикалық маңызы одан сайын күшейді. Астықты өңірлердің бірі ретінде он бес республикаға мойындалды. Жергілікті өнім түрі молайып, теміржол қатынасының қуаты артқан сайын қаланың экономикасы, халқының әлеуметтік жағдайы да жақсара берді. Ақмола пойызбен де, автокөлікпен де, авиациямен де жетуге ыңғайлы қала еді, елорда ретінде таңдалуына осы фактор да ерекше ықпал етті.
Одан да әріге ой жүгіртсек, Қараөткелдің төңірегінде көктемге салым жәрмеңке қызып, қара күзге дейін толастамайды екен. Әу бастан үлкен сауданың басы қосылған жер болған. Қазақтан шыққан ірі капиталист Қосшығұл әулеті дүкен ұстаған, кондитерлік фабрика салып, өнімін Петербургке дейін экспорттаған, сауда-саттықты дөңгелеткен мекен де – осы жер.
Бір ғасыр бұрын қазақ жеріндегі капитализмнің іргетасы қаланған шаһар бүгінде елдің әкімшілік орталығы ғана емес, экономикалық локомотивіне айналып келеді деуге негіз бар.
Жалпы, сонау 1998 жылы тұсаукесер салтанаты өтіп, қала күні тойлана бастағаннан халықтың болашаққа деген үмітіне деп беріп, айдарынан жел естірген шаһар шағын қалашықтан – мойындалған мегаполиске дейінгі даму жолынан өтті. Халық саны 4 есеге жуық көбейіп, 1 млн 350 мыңнан асып түсті. Бүгінде елордада еліміздің әкімшілік және іскерлік орталықтары шоғырланған, ауқымды экономикалық, ғылыми-техникалық және әлеуметтік мәселелер шешілуде. Машина жасау, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы өнімі салаларындағы ірі жобалар іске асырылып жатыр. Қызмет көрсету саласы, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым кеңейіп, жүздеген мың жұмыс орны құрылды.
Өзіне жетеді, өзге өңірлерге де артылады
Біз бас қаланың тұрғыны, экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевқа хабарласып, өзі тұрып жатқан қаланың экономикасы туралы пікірін сұраған едік. Сарапшы өңірлік даму бағдарламаларын жасау кезінде оның сол өңірге қаншалықты сай келетініне көңіл бөлу керектігін, бұл тұрғыда елорданың жолы болғанын айтты.
– Астана экономикасының басты бағыттары – сауда, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, логистика, туризм. Осы аталған салалар өте қарқынды дамып келе жатыр, дейді экономист.
Шаһар аумағы 3 есе ұлғайып, халқы көбейді. Экономикалық әлеуеті де қатар өріліп отырып, осыдан 9 жыл бұрын бюджет донорына айналған-ды. Содан бергі аралықта салық түсімдері артпаса, кеміген жоқ. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет қазанына құйылған жалпы салық түсімдерінің көлемі 1 трлн 675 млрд теңгеден асып түсті. Қалалық бюджетке түскен қаржының 70 пайызы республикалық бюджетке беріліп, қалған 30 пайызы өз қазынасында қалатыны белгілі. Яғни Атырау мен Маңғыстау облыстары, Алматы қаласы сияқты донор өлкелердің қатарындағы қаланың үлесі кейінгі 5 жылда 30 пайызға ұлғайды деген сөз.
– Қазір Астананың ішкі жалпы өнімінің үлесі бүкіл Қазақстан бойынша 10 пайызға жақындады. Бұл дегеніміз – шамамен 10-11 трлн теңгеге жуық сома. Астана экономикасындағы ауыз толтырып айтатын салалардың бірі – шағын және орта кәсіпкерлік. Сауда саласы түгелге жуық шағын және орта кәсіпкерлердің қолында. Осы секторда еңбектеніп жүрген жүздеген мың адамның жеке табыс салығынан түсетін қаражат елорданың бюджетін толық қанағаттандырады, деді Сапарбай Жобаев.
Экономистің пікірін қала экономикасына қатысты көрсеткіштер қуаттай түседі. Астана – республикадағы кәсіпкерлікпен айналысуға ең қолайлы қалалардың бірі. Ресми дерекке жүгінсек, биылғы жылдың басында қаладағы шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 204 мыңнан асып түсті. Яғни кәсіпкерлік нысандарының саны 5 жыл бұрынғы 124 мыңдық межемен салыстырсақ, өсім айтарлықтай жоғары. Шағын және орта бизнесті дамытуға жасалған жағдайдың арқасында 457 мың адам күнкөрісін айырып отыр.
– Астана экономикасындағы тағы бір ірі сала – құрылыс секторы. Өздеріңіз білесіздер, құрылыс нарығы Астананың ғана емес, ел экономикасының драйверінің қызметін атқарған кезеңдер болған. Қазір де маңызы төмендеген жоқ. Елордада халық саны артқан сайын жол құрылысы, тұрғын үй салу, мектеп, балабақша, аурухана сынды әлеуметтік нысандар тұрғызу, спорт, мәдениет нысандарын көбейту, сауда орындарының бой көтеруі сынды қажеттілік үздіксіз туындап отырады. Құрылыстың қарқынды жүруі оған қызмет ететін басқа бағыттардың да дамуына әсер етеді. Құрылыс материалдарын қоя тұрыңыз. Елорданың іргесіндегі Қосшы қаласындағы зауыттың өзі Астананың талай ғимаратын лифтпен, эскалатормен қамтып отырғанына біраз жыл болды. Қаланың шығыс жақ бөлігі бұрыннан өндірістік аймақ саналады. Ол маңда электровоз зауыты сыны күрделі өндірістік кешендер орналасқан, дейді Сапарбай Жобаев.
Экономист ғалым жалпы мегаполистерді қызмет көрсету сынды салалардың асырайтынына да тоқталып өтті. Осы орайда, бүгінгі таңда елорда бойынша 11 сауда орталығы, 24 базар, 348 мейрамхана, 1 мыңға жуық асхана мен кафе, 34 автосалон, 149 кәсіпкерлік нысандары бар екенін айта кетейік. 1 млн 350 мыңға жуық халқы бар шаһар үшін бұл біршама жақсы көрсеткіш.
Инвестиция игілігі
Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында елорданың сыртқы тауар айналымының көлемі 9 526 млн АҚШ долларынан асып түсті. Атап айтқанда, экспорт көлемі 7,005.4 млн доллар болса, импорттың үлесі 2,521,2 миллион долларға тең. Экономистердің пайымдауынша, қала Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында ел экономикасын жаңғыртуға, Қазақстанның жаһандық экономикалық кеңістікпен кірігуіне зор ықпалын тигізуде.
Жалпы, инвестицияға тоқтала кетейік. Қалалық әкімдіктен алдырған деректерге сүйенсек, 25 жыл ішіне қалаға құйылған инвестиция көлемі 55 есе өскен. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға 1 млрд 446 млн теңгеден асып түсіпті.
Тартылған қаражаттағы шетелдік инвестицияның үлесіне келсек, ол барлық инвестицияның төрттен бір бөлігіне шамалас. Шетелдік компаниялардың қатысуымен қалада 7 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Олардың қатарында трансформатор шығаратын франциялық Alstom компаниясы, медициналық мақсаттағы жабдықтар шығаратын «Eira Med» компаниясы сынды алпауыттар бар. «Әбу-Даби Плаза» көпмақсатты кешенінің құрылысына Біріккен Араб Әмірліктерінің, автокөліктерге арналған логистикалық терминал құрылысына Жапонияның компаниясы атсалысқанын атап өткен жөн.
Жалпы, Астананы шетелдік капитал үшін тартымды қалалардың бірі деуге негіз бар. Біріншіден, тұтыну нарығы жыл санап қарқынды түрде ұлғайып келеді. Халық саны қаншалықты тез көбейіп жатқанын жоғарыда айтып өттік. Оған қоса, шаһар – экономикалық жағынан белсенді, білімді қала. Еліміздегі ғылыми әлеуеттің ауқымды бөлігі елордада шоғырланған. Бұл сөзіміздің айғағы ретінде қалада 15 жоғары оқу орны, 33 колледж бар екенін айта кетейік. Орта мектептердің саны 160-тан асады, бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді.
Қоймасы кең қала
Елорда әкімдігі ұсынған дерекке жүгіне отырып, қаланың алдағы жылдардағы даму жоспарына көз жүгіртіп көрейік. Сөз басында айтып кеткеніміздей, астананың халқы еселеп артып, бір жарым миллиондық межеге жақындап келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, күн сайын елорданың халқы 700 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызды азық-түлік түрлерін тұтынады екен. Ал оның 22 пайызы қалада өндіріледі. 45 пайыздан астамы Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарын қамтитын азық-түлік белдеуінің үлесінде.
Қаланың ресми сайтынан алынған деректерге сүйенсек, өткен жылдың соңындағы көрсеткіш бойынша былтыр елордада өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің жалпы құны 2 триллион теңгеге жуықтады. Шаһар экономикасындағы өңдеуші саланың үлесі жалпы өндірістің 80 пайызына жуықтайды. Бір жыл ішінде қаладағы азық-түлік өндіруші кәсіпорындар 2 089 тонна шұжық өнімін, 12 389 тонна ұн, 28 323 тонна макарон өндірген.
Жылдың төрт мезгілінде Астананы көкөніспен, жеміс-жидекпен қамтамасыз ету үшін қалада «Астана Агро» ЖШС, «АстанаАгро-АА» ЖШС, «АстанаНива» ЖШС, «Картоп және көкөніс» ЖШС, «Arul Communication» ЖШС, «Целинсельмаш» ЖШС сынды он шақты қойма салынған. Осындай қоймалардың жалпы сыйымдылығы 60 мың тоннадан асады.
Сөз басындағы тілге тиек еткен тәмсілдің шындығына үңілеміз деп, бас қаланың экономикалық даму барысына көз жүгірткенде, осындай дерек-дәйектер қолымызға түсті. «Елу жылда – ел жаңа» дейді, біз елорданың 25 жылын қамтып отырмыз. Әуелден әлеуеті зор, кезінде қазақ жеріндегі капитализмнің негізі қаланған шаһар бүгінде экономикалық локомотивке айналып келе жатқандай.
Арнұр АСҚАР,
журналист