• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Маусым, 2023

Бір тамшы қанның қуаты

357 рет
көрсетілді

Күнделікті тұрмыстың қамымен жүргенде бас ауырып, балтыр сыздағанын елемей, кейде дәрігердің де қабылдауына бармайтын кездер болып тұрады. Ақ желеңділердің әрбір адам жылына кем дегенде бір мәрте медициналық тексеруден өтуі керек дегенін де ұмытамыз. Біле білсеңіздер донор – ауыр халде жатқан науқастарға көмек көрсете отырып, өзінің де денсаулығынан хабар алады.

14 маусым – Дүниежүзілік донор күні. Жыл сайын елдегі қан орталықтары халықты қан тапсыруға шақырып, көпшілік іс-шара, акция ұйымдастырады. Мұндай акцияларда кәмелет жасқа толған әрбір дені сау адам қан тапсыра алады. Сонымен донор деген кім, қан не үшін қажет, қан орталықтары неге донор аз деп дызақ қағады? Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының маманда­ры осы сауалдардың жауабын донор­лар­ға күнделікті айтып, түсіндіріп отырады. Донор қажет деген үндеу – медициналық мекемелерге қан жетпей жатыр дегенді білдірмейді. Бұл жөнінде аталған орталықтың қан алу және оның компоненттерін дайындау бөлімінің дәрігері Зәуреш Әлменова ауыр халде жатқан науқастарды аман алып қалуға донор қаны күнделікті қажет дейді.

– Біз донорларды тұрақты, күн­делікті іздейміз. Себебі біздің орта­лық елордадағы 23 медициналық ме­ке­мені қан және оның құрамдас бө­лігімен қамтамасыз етеді. Әдетте күт­пеген жазатайым оқиғалар, соның ішінде жол апаттарында науқастар көп қан жоғалтып жатады. Мұндайда медициналық мекемеге қан дер кезінде жетуі тиіс. Бізге келген әрбір донорды қан орталығының қызметкерлері қаһарман санайды. Өйткені, донор өзі танымайтын адамның өмірі үшін қан тапсырады. Орталыққа орта есеппен күнделікті 150 донор келеді десек, оның 20-25% белгілі бір себептермен қан тапсырмайды. Себебі әрбір донор әуелі жіті тексерістен өтеді. Бізде донорлардың бірыңғай дерекқоры бар. Донор алдымен сауалнама толтырады. Онда бұрын-соңды қандай ауруға шалдыққаны, қызуы бар-жоғы, өзін қалай сезінетіні жөнінде бірнеше сұраққа жауап беріп, тіркеу бөліміне өтеді. Онда мамандар дерекқорға өтіп, елордадағы барлық жұқпалы ауру, туберкулез, наркологиялық диспансерден түскен ақпараттан до­нордың бар-жоғын тексереді. Бұдан әрі мамандар донордың бір тамшы қанын орталықтың екінші қабатында клиникалық-биохимиялық зерттеуден өткізеді. Осы арқылы донордың қан тобын, резус-факторын, гемоглобин деңгейін, бауырдың қызметін тағысын тағы сараптамаларды шығарады,– дейді дәрігер.

Мұнымен іс бітпейді. Донорды терапевт жіті тексереді, сұхбаттаса­ды. Донорды қандай да бір ауру мазаламаса, денсаулығына байланысты есепте тұрмаса қанды тұтас немесе жасушаларын тапсыруға болады. Қанның жасушасы деген тромбоциттер. Ол қанның ұюына жәрдемдеседі. Мұнда донор тұтас қанды 7-10 минут тапсырса, жасуша тромбоциттерді тапсыру 1,5 сағатқа созылуы мүм­кін. Қан жасушасын тапсырғандарға ма­мандар тромбоцитті тұтас қаннан ­айырып, қанның қызыл түйіршіктері мен қанның плазмасын донорға қайта­рып береді. Сол себептен маман­дар бұл үдерісті «жасушаның сепара­то­ры» деп атайды. Яғни, кәдімгі сүт­тен қай­мақты айырған сияқты тұтас қаннан тромбоцитті солай бөліп ­ала­ды.

Жоғарыда қан арқылы донордың денсаулығы жіті тексерілетінін айттық. Осыны тарқатып жазуды жөн көрдік. Донор қанында қан арқылы берілетін төрт індет бар-жоғы тексеріледі. Оның ішінде иммунотапшылық вирусы (Спид, ВИЧ инфекциясы, Геппатит В,С т.б). Егер донор тромбоцит тапсырса, онда жалпы қан сараптамасы әзірленеді. Қанның қызыл, ақ түйіршіктері тексеріледі. Қанның ұю үдерісі қаралады. Сондай-ақ жалпы тромбоциттің үлесі анықталады.

Қан орталықтары медициналық мекемелерге қан берумен шектелмейді. Әрине, бірінші міндеті – медициналық мекемелерді қанмен қамтамасыз ету болса, екіншіден, қаннан жасушаларды айырып, тромбоцит, қан ғана емес, қанда еритін факторларға бай плазманы да ала алады. Сусамырды (қант диабетін) білеміз. Дерттің осы түрі қазір ересектермен қоса балаларда да кездеседі. Мұндайда науқастың иммунитеті төмендейді, қант мөлшері жоғарылайды. Осылайша сусамыр ұйқы безін ғана емес, бүкіл ағзаны зақымдай бастайды. Жазылмайтын жара пайда болады. Иммунитет төмен болғандықтан ол жараға инфекция түсіп, сепсиске (іріңді инфекция) айналуы мүмкін. Салдарынан науқастың аяғын кесуге тура келетін жағдайлар орын алуы ықтимал. Осы кезде қаннан еритін факторларға бай плазмасын айырып алып, сол жараға таңған кезде оның аузы қас-қағым сәтте бітеліп, жазылады екен. Мұны дәрігерлер буын ауруларын емдеуде қолданады. Жасанды жолмен ұрықтандыруда да тәжірибеге енгізіп, пайдалануға кіріскен. Міне, осындай ауруларды емдеуде де қан орталықтары медицина мекемелерінің сұранысына сай қан және қанның құрамдас бөліктерін дайындап, жеткізеді.

Кейінгі 10 жылдың шеңберін­де халықаралық стандарттарға сай жұмыс істейтін Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы тола­ғай табысқа жеткен. Мысалы 2013 жылы орталықта автоматтандырылған референс-зертхана ашылған. Мұнда жоғарыда атап өткендей қанда 4 ін­деттің бар-жоғы тексеріледі. Тәжі­рибеде қатерлі ісік ауруларын ем­деу­­де науқасқа тромбоциттерді көп­теп ­құю­­ға тура келеді. Мұны да орталықтың ­мамандары дайындайды. Осы ретте тромбоциттерді вирус­тан тазартуды тәжірибеге енгізген үшінші мемлекет екенімізді айта кеткеніміз жөн. Сондай-ақ Үкімет те осы бастамаға барынша қолдау көрсетіп келеді. Қанның сақтау мерзі­мі шектеулі болған соң Трансфузиоло­гия ғылыми-өндірістік орталығы қан және қанның құрам­дас бөліктерін күн­делікті дайындай­ды. Оның үстіне әрбір медициналық ­мекемеде қан және оның құрамдас бөлігі­нің 3 күндік қоры болуы керек. Себе­бін айттық, жедел оқиғаларда дәрігер­лер науқасқа жедел көмек көрсету­ге тиіс. Мамандар қанның қызыл тү­йір­шіктерін, яғни эритроциттерді 42 күн­ге дейін, тромбоцит жасушаларын 5-7 күн, сонымен қатар қанның сарысу плазмасын –300С градуста 3 жылға дейін сақтай алады. Мұнда тромбоциттерді сақтаудың да өзінше, бөлек тәсілі бар. Тромбоцитке қажетті температураны айтпағанда, тромбомиксер деп аталатын құрылғыда үздіксіз шай­қалып тұруы керек. Бұл – қандағы клет­ка­лардың өмірін ұзартады.

– Біздегі медициналық мекеме­лер 100% тромбомиксермен қамтылма­ған. Сол себептен де біз сақтау мер­зімі шектеулі тромбоцитті күні бұ­рын дайындай алмаймыз. Мысалы, бү­гін медициналық мекемеден тап­сы­рыс түссе, жедел донор табуымыз керек. Қан орталығының маман­да­ры күнделікті 2000 донорға тегіннен-тегін қоңырау шалмайды. Сол 2000 адамның бізге шамамен 5-10% ғана келеді. Иә, әрбір адамның күнделік­ті жұмысы, шаруасы бар. Жұмыс берушілер де маманды кез келген уақытта жұмыстан босата бермейді. Бізге қолдау көрсеткен мекеме­лер­ге, қала тұрғындарына алғысымыз шек­сіз. Донор болатын жастар көп-ақ. ­ЖОО студенттері, әсіресе, медици­на­лық университеттің, колледж­дің студенттері, әскери бөлімнің сарбаз­дары, медицина мамандары жиі ке­ліп, қан тапсырып тұрады. Соны­мен қатар бізде қажетті аспаптармен жабдықталған көшпелі топ бар. Олар көлікпен шыққанда бір күнде 100-ге жуық донордан қан алып үлгереді. Алайда бізге кез келген адамның қаны жарай бермейді. Неге? Себебі, шектеулер өте көп. Тұрақты және уақытша шектеу деген бар. Сондықтан донор болуды ойлаған адам дайын келуі керек. Тағы бір айтатын мәселе, кейде ел арасында науқасқа қан табылмай жатыр деген сипатта хабар тарап жатады. Бірақ біз медициналық мекемелерден түскен тапсырыстарды күнделікті 100% орындаймыз, дейді З. Әлменова.

Қан орталықтары көбіне резус­тиімділігі теріс донорларды іздейді. Мұн­дайда резустиімділгі теріс тұрақты донорларға салмақ салуға болмайды. Орталық мамандары әлеуметтік желіде хал үстінде жатқан науқасқа жәрдем керек деген сипатта ақпарат тараса, ертеңіне лек-легімен донорлар келетінін айтады. Мұндайда, дә­рі­герлер ешкімнің бетін қайтармай, ке­рісінше қан алады. Неге десеңіздер, күр­делі операциялар жасайтын Ұлттық медицина орталықтары – Астанада. Соның ішінде перзентханаларға, травмотология, нейрохирургия, онкология, кар­диохирургия және басқа да ор­талықтарға қан және оның құрамдас бөліктері керек болып жатады. Бұл дегеніңіз басқа өңірлерге қарағанда Астана қаласының тұрғындарына кө­бірек салмақ түседі дегенді білдіреді.