Ұлттық нейрохирургия орталығында 15 жылда 60 мыңнан астам пациент емделіп, тәжірибелі хирургтер 40 мыңнан астам науқасқа операция жасаған. Кейінгі жылдары орталықтың жұмысын ширату мақсатында 70 медициналық технология енгізілген. Орталықтағы осы және өзге де орайлы істерге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Ұлттық нейрохирургия орталығында ұйымдастырған баспасөз турында қанықтық.
Баспасөз турында алдымен Ұлттық нейрохирургия орталығының медициналық директоры Асылбек Қалиев орталықтағы медициналық қызметтер туралы, пациенттерді қабылдау алгоритмі мен озық технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар жайында тарқатып айтып берді.
– Былтырдың өзінде біздің орталықта МӘМС бойынша 4 мыңнан астам пациент емделді. Оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдана отырып жасалған операциялар бар. Сондай-ақ Гамма-пышақ технологиясы бойынша операция жүргізудің тиімділігін атап өткім келеді. Осы құрылғы ісіктерді, тамырлы және функционалды ми ауруларын трепанациясыз және наркозсыз емдеуге мүмкіндік береді. Медициналық көмектің бұл түрі 2021 жылы МӘМС бойынша көрсетілетін қызметтердің тізіміне енген. Былтыр біз осындай 460 операция жасадық, дейді А. Қалиев.
Орталықтың тағы бір үлкен бағыты – омыртқа мен жұлын ауруларын хирургиялық емдеуге қатысты. Тіпті, мамандандырылған бөлімшенің дәрігерлері өздігінен жүріп-тұра алмай, жігері құм болып, үмітін үзген науқастардың аяққа тұруына мүмкіндік беретін омыртқаға жасалатын реконструктивті операцияларды да игерген. Осы жаңашылдықтардың арқасында 12 000 науқасқа операция жасалған. Дәрігерлер эпилепсияны хирургиялық емдеудің жаңашыл әдістерін меңгерген. Сол секілді балалар нейрохирургиясы бөлімшесінде жаңа туған нәрестелерге ми потологиясын хирургиялық емдеу әдіс-тәсілдері қолданылады. Осы бөлімшеде көбіне-көп эндоскопиялық операцияларға басымдық беріледі екен. Осы күні Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Заңды және жеке тұлғалармен жұмыс департаментінің директоры Забира Оразалиева орталықта МӘМС шеңберінде іске асқан жұмыстарға тоқталды.
– Қазір бізде МӘМС-тің тарифін көтеру мәселесі туындап отырған жоқ. Ал нейрохирургия орталығы жайында айтар болсақ, мұнда медициналық сақтандыру жарналарын уақтылы төлеп, сақтандырылған азаматтар жоспарлы түрде өзінің тіркелген емханасынан жолдама алып, порталға кезекке тұрып, өзіне қажетті медициналық көмекті алуға мүмкіндігі бар. Былтырғы статистикаға зер салсақ, 2000-ға жуық жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетілген, оның 1,5 мыңы МӘМС жүйесінде жасалып отыр. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар үзілмей, үйлесімді жалғасып келеді. Биыл ресми тіркелген жұмысы жоқ азаматтар сақтандыруға ай сайын 3 500 теңге төлесе, ал жұмыс берушілер әр жұмысшы табысының 2% төлеп отырады. Мұнда жұмысшыларға аса салмақ түспейді. Өзіне-өзі төлейтіндердің соммасы ең төменгі мөлшерде белгіленген. Олардың 12 айдың төлемін бірден жасауға да мүмкіндігі бар. Бұл дегеніңіз сақтандыру қорына 2,3 жыл төлемеген азаматтар алдын ала 12 айға төлем жасап, сол аралықта сақтандыру мәртебесіне ие болады. Соған сай жыл бойы өзіне тиесілі медициналық көмекті алып отырады. Бүгінде елде 3,5 млн-ға жуық азамат сақтандырылмаған. Бұл статистика күнделікті жаңарып тұрады, – дейді ол.
Бұдан әрі орталықтың радиология және радиохирургия бөлімшесіне барып, жұмыс барысын бақыладық. Соның ішінде Гамма-пышақ аппаратының жұмыс істеу үдерісімен таныстық. Радиохирургиялық қондырғыда радиоактивті сәулелер ісіктің аймағында түйіседі. Сөйтіп, ісік жасушаларының ДНҚ-сын бұзады. Мұндай операцияда мидың сау тіндері және науқастың денесі тұтас сәулеленбейді. Әрі науқасқа ауырлық салмайды. Сол үшін де Гамма-пышақ радиохирургиялық емдеудің «алтын стандарты» саналады. Біз Гамма-пышақ құрылғысы орналасқан кабинетке өткенде сәулелік операциядан жаңа шыққан пациентпен пікірлесудің сәті түскен еді. МӘМС жүйесінде сақтандырылған Өскемен қаласының тұрғыны орталыққа санаулы күнде-ақ келгенін айтты.
– Өскеменнен келдім. Екі жылдан бері осы аурумен алысып жүрмін. Өскемендегі ауруханада дәрігерден кеңес алғаннан кейін небары 5 күннің ішінде медициналық сараптамаларды түгендеп Астанадағы осы орталыққа квота арқылы бірден келдім. Диагнозымды айтар болсам, мидағы ісік метастаз беріпті. Осыдан кейін денсаулығымыз жақсарып, бәрі жақсы болатынына іштей сенеміз. Өзімді жайлы сезініп тұрмын. Медициналық сақтандыру жүйесінің арқасында тегін ем алдым. Енді бүгін Өскеменге қайтамыз, – деп сауығып кетеріне сенетінін айтты ол. Біз де алыстан арқаланып келген анаға ем шипалы болсын дестік.