• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 15 Маусым, 2023

Ұлттық қордың игілігі жас ұрпақ үшін

7463 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Ұлттық қордан балаларға төлем жасау мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда қарады. Палата спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жиында бірқатар заң жобасы да екінші оқылымда қабылданды.

Жобаны жүзеге асыру тетіктері

Атап айтқанда, «Қазақстан Рес­­пуб­ликасының кейбір заң­нама­лық актілеріне Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық қоры­нан балаларға төлем жасау мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Құжат жөнінде Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ баян­дама жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында әзірленген жобаның мақсаты – Ұлттық қордың жыл сайынғы инвес­тиция­лық кірісінен балаларға ақшалай жинақ түрінде мемлекеттен алғашқы көмек беру. Кәмелеттік жасқа толғанда балаларға тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе білім алу мүмкіндігін беру.

«Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін, өткен ғасырдың тоқса­нын­шы жылдарындағы өтпелі кезеңде тап болған экономикалық қиындықтарды еңсерген тұста – 2000 жылы тамыз айын­да болашақ ұрпақ игілігіне арналған Ұлттық қор құрылғанын білесіздер. Ұлт­тық қордың мақсаты – еліміздің табиғи байлығы, минералды ресурстар есебінен болашақ ұрпақ игілігіне арналған қаражатты жинақтау. Әділетті Қазақстан қоғамын құру кезеңіндегі ең негізгі келелі мәселелердің бірі – ұлт­тық байлықтың теңдей бөлінуі. Осы мақсатта Президент Қ.Тоқаев «Әрбір отбасы еліміз пай­да­ланып жатқан ұлттық бай­лықтың игілігін көруі керек. Сон­дықтан мен жариялаған Бала­лар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды» деп атап өтті. Бұл ретте Мемлекет бас­шысының тапсырмасын іске асыру бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тетіктері әзірленді», деді Ү.Шапақ.

Депутаттың айтуынша, заң жобасында Ұлттық қордың инвес­тициялық табысының жартысын жыл сайын екі мақсатта пайдалану үшін кәмелет жасына толмаған балаларға теңдей бөлу ұсы­нылған. Бірінші, тұрғын үй жағдайын жақ­сарту немесе тұр­ғын үй сатып алуға беріледі. Бұл мақ­сат­та­ғы қа­ра­жатты тек Қазақстан аума­ғын­да пайдалануға рұқсат етіледі.

«Екінші – білім алу. Бұл мақ­сатта баланың ел ішіндегі оқу орын­дарымен қатар шетел­дік оқу орнында да оқу ақысын тө­леуін шектемеу қажет деп па­йым­даймыз. Бір сөзбен айт­қанда, кәмелетке жаңа толған отан­дастарымыздың ересек өмірге қадам басқан кезінде бастапқы капиталды алуға мүмкіндік береді. Яғни жас ұрпақтың дүние дидарын кеңінен тануына жол ашы­лады. Тиісінше, Қазақстан азамат­тығынан айырылған, жоғалтқан не ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы да жоғалады», деді Ү.Шапақ.

 

Заңдарға енгізілетін түзетулер

Құжаттың бірқатар ерекше­лігі бар. Ұлттық қордың инвести­циялық табысының 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында теңдей бөлінеді. Инвес­тициялық табыстың ықти­мал теріс мәнін болдырмау мақ­сатында 18 жылдағы орта­ша жылдық мәні негізінде айқын­далмақ. Заң жобасы шеңберінде 6 кодекс пен 10 заң толықтырылып, өзгерістер енгізіледі.

«Түзетулер мынадай мәсе­ле­лерді қамтиды. Бірінші, жоба шеңберінде Ұлттық қор қаража­тын балаларға есеп жүргізу мен төлемдерге пайдалану тетігі ен­гізіледі. Екінші – өндіріп алуға және осы соманы басқа да ық­тимал шектеулерге жол бер­меу. Үшінші – мемлекеттік орган­дар­дың құзыреттері, төртінші – қаражатты мақсатты пайдалану. Бесінші – баланың жасына байланыс­ты қаражатқа қол жет­кізуі. Түзетулерді үш негізгі блок­қа бөліп қарастыра аламыз. Азаматтық, қылмыстық-құқық­тық заңнамаға, Ұлттық қордан бала­ларға төленетін төлемдерге уақыт­ша шектеу қоюға тыйым салу бөлігінде. Әлеуметтік заң­намаға, Ұлт­тық қордан қара­жат­ты төлеу және пайдалану тетігін айқын­дауда ескеріледі. Қар­жы заңна­масына, Ұлттық қордан балаларға осы төлемдерге шектеу қоюға уақытша ты­йым салу бөлігіне түзету енгізіледі», деді Ү.Шапақ.

Депутаттың сөзіне сүйенсек, 18 жасқа толғаннан кейін шот­тағы қаражат 10 жыл бойы сақ­талады. Көр­сетілген кезеңде азамат тарапынан талап етілмеген жағ­дайда шот­тағы қаражатты сол адамның зейнет­ақы шотына ауда­ру ұсынылады. Құжат­ты негізгі тә­­сіл­­дері «Балалардың құқық­­­та­ры туралы» заңда және Бюд­жет ко­дек­сін­­де айқындалған.

«Сондай-ақ ұсынылған түзету­лер шеңберінде қаражаттың қолды болуына, қаражатты өн­діріп алуға, қаражат бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға, клиенттің келісімінсіз ақша алуға, банктегі ақшаға билік етуді уақытша шектеуге жол берілмейді. Ұлттық қор қызметінің есепті жылдағы нәти­желері туралы жылдық есеп әзір­ленеді және Мемлекет басшы­сының Жарлығымен бекітіледі. Қазақстан Ұлттық банкі орташа инвестициялық табысты есептейді және оны БЖЗҚ-ға жеткізеді. БЖЗҚ нысаналы талаптарға қаты­су­шылардың саны мен тізімін қа­лыптастыру үшін жеке тұл­ға­лар­дың мемлекеттік деректер базасынан балалар бойынша қажетті ақпаратты алады. Қатысушылардың тізімін алып, Ұлттық Банктен ұсынған ақпарат негі­зінде қатысушыға есеп жүр­гізеді. Жобаға қатысу үшін қан­дай да бір мемлекеттік органға жүгі­нудің қажеті жоқ. Есептеулер авто­матты түрде жүзеге асырыла­ды. Есепке алуды БЖЗҚ жүргізеді. Салық салынатын базадан төлемдерді алып тастау бойынша қажетті нормаларды Салық кодексінде жеке көздеу жоспарланған», деді Ү.Шапақ.

 

Жоба операторының жауапкершілігі

Сонымен қатар жоба операторы ретінде «Бірыңғай жинақ­таушы зей­нетақы қоры» АҚ-ны белгілеу жос­­парланып отыр. Мекеменің әлеу­меттік жобаларды іске асыру бо­йынша көп жылдық тәжірибесі, мем­ле­кеттік дерекқорлармен же­дел ықпалдасу мүмкіндігі ескерілген.

БЖЗҚ ақпараттық жүйеде ны­саналы талаптарға қатысу­шы­лардың талаптарын есепке алады. Нысаналы жинақтарды алушы­ларға жинақтау шоттарын ашады және есепке алады. Нысаналы жинақтарды төлейді. Жеке тұлғалардың дербес деректерін Мем­лекеттік органдардың ақпа­рат­­тық жүйесінен Дербес деректер субъек­тілерінің келісімінсіз жинайды және өңдейді. БЖЗҚ интернет-ресурсы және электрон­дық үкімет веб-порталының жеке кабинеті арқылы нысаналы талаптар мен нысаналы жинақтар­дың сомасы туралы мәліметтерді ұсыну функцияларына ие болады.

Заң жобасын талқылау барысында депутат Дәулет Мұқаев бір отбасы балаларының қаражатын біріктіру мүмкіндігіне қатысты сауал қойған еді. «Үйде ағайынды бала­л­ар болады. Үлкені 17 жаста делік. 3 500 долларды 18 жылға есеп­­­тегенде, ол бір жылға 200 доллар ғана алады. Бұл қаражат білім алуға да, үй алуға да жетпейді. Оның артынан еріп келе жатқан бауыр-қарындастарына ақшасын аудару мүм­кіндігі бар ма?» деді Д.Мұқаев.

Сауалға жауап берген Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ: «Ұлт­тық қор – балаларға» жобасы ая­сын­да бір отбасы балаларының бәрі 18 жасқа толғанда ғана олар­дың қа­ра­жаттарын біріктіруге мүм­кін­дік бар.

«Бір отбасының балаларының бәрі 1 жылда 18 жасқа толмайды. Сондықтан соңынан ерген бауыр­ларының жасы 18-ге тол­ған сәтте ғана қаражаттары бірік­тірі­леді. Осыған дейін қолданылып келген зейнетақы қорынан ақша алу тетігімен бірдей болады. Бұл заңда көзделген», деді.

Депутат Жигули Дайрабаев баланың шотына жыл сайын 100-200 доллар аудару тым аз екеніне назар аударды. Оның айтуынша, қаражатты қайта есептеу керек. Осыған байланысты депутат сауал жолдады.

«Бүгінгі таңдағы барлық есептеу – 2000 жылдан бастап, Ұлт­тық қор құрылған кезден бергі цифр­лар. Алдымызда тұрған мақ­сат – қор көлемін 100 млрд дол­ларға жеткізу. Бұл цифрлардың көле­мі артады деген сеніміміз бар. Ұлт­тық банк, Үкімет оның көлемін арт­тыру үшін жұмыс істейді. Сон­дай міндет алдымызда тұр», деді Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков.

Сондай-ақ вице-министр балалар жинақталған қаражатын доллармен алатынын атап өтті. Оның сөзіне сүйенсек, заң жобасында инфляция мәсе­лесі қарастырылған. «Ең басты­сы, қаражат доллармен жинақ­талады. Бала 18 жасқа толған кезде ақшаны доллармен алады. Сондықтан қандай да бір инфля­циялық ауыртпалық болмайды», деді Д.Темірбеков.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова да Ұлттық қор қаражаты доллар­мен сақталатынын айтады. «Әри­не, АҚШ долларының инфляция­сы Қазақстан инфляциясынан төмен­деу. Доллар инфляциясы 2-4 пайыз аралығында болады. Со­н­дықтан Ұлттық қордың кіріс­тілі­гін доллармен есе­птейміз», деді ол.

 

Заңсыз шығарылған активтер қашан қайтарылады?

Сондай-ақ кәсіптік біліктілік туралы заң жобасы екінші оқы­лым­да қабылданып, Сенаттың қарауы­на жолданды. Құжат Ұлт­тық білік­тілік жүйесінің элемент­терін және кәсіби біліктілікті тану ар­қы­­лы еңбек саласындағы қаты­нас­­тарды реттеу тетіктерін жүйелейді.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тану орталықтарын аккредиттеу аттестатын беретін және күшін жоятын түзетулер енгізілді. Кәсіптік біліктілікті тану туралы құжатты алған адамдарға қатыс­ты шағымдар расталған жағдайда ғана құжаттың күші жойылады. Мұндай сертификаттар туралы ақпарат Ұлттық біліктілік жүйесінің цифрлық платформасында орналастырылады.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер қабылданып, Сенатқа жолданды. Құжаттың міндеті – әлеуметтік желіде болатын буллинг, азаматтарды қорлау секілді келеңсіз факті­лерден, қаржы пирамидалары­нан азаматтарды қорғай отырып, саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу.

Сондай-ақ жалған ақпаратты тарат­қаны және орналастырғаны үшін әкімшілік жауапқа тартуға қатыс­ты өзгерістер енгізілді. Жал­ған ақпаратты орналастыратын немесе тарататын онлайн-платформаларды пайдаланушылар үшін – 20 АЕК, ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін – 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік жауаптылық енгізіледі. Жоба бойынша онлайн-платформаның иесі немесе оның заңды өкілі балаға қарсы кибербуллинг ақпаратты және мемлекетке қарсы контентті тартқан аккаунттарды тоқтатуға міндетті.

Сонымен қатар «Заңсыз алын­ған активтерді мемлекетке қайтару туралы» заң жобасы екінші оқы­лымда қабылданды. Құжат қай­тарыл­ған активтерді жинақтау және Қазақстан халқының әл-ауқа­тын арттыруға бағыт­талған әлеу­меттік-экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін арнаулы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құруды көздейді.

Заң жобасында сондай-ақ заңсыз алынған және шығарыл­ған активтерді қайтарудың, оның ішінде оларды мемлекет меншігіне өз еркімен берудің жаңа тәсілдері енгізілген. «Негіз­сіз байлық (пайда болуы түсі­н­іксіз активтер)», «жауапты мемлекеттік лауазымды ат­қаратын адам», «үстеме кіріс» ұғымдары нақтыланып, «әкім­шілік-билік ресурстары» жаңа ұғымы енгізілді. Мәжіліс аталған заңды ілеспе түзетулерімен бірге екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың қарауына жіберді.

Заң жобасын талқылап болған­нан кейін Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов құжатқа қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – әлеуметтік әділдікті орнату.

«Бұл жұмыс елдегі ауқымды реформалар аясында Президент­тің пәрменімен іске асып жатыр. Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында да аталған мәселеге басымдық берілді. Біз бүгін осы заңды қабылдау арқылы үлкен қадам жасадық. Бір нәрсе айқын – заңсыз әрекет жасағаны үшін ешкім де жауапкершіліктен құты­ла алмайды. Шетел асқан актив­­терді елге қайтару үшін бұл заң қа­­жетті тетік пен мүмкін­дік­ті қа­­ра­с­тырып отыр», деді Е.Қошанов.

Жалпы отырыста Палата комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабыл­дады. Олар – орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша түзету, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымының 2002 жылғы 7 қазандағы Жарғысына өзгерістер енгізу туралы Төртінші хаттама ратификациялық заң жобасы.

Жиын соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекеме басшыларына са­уалдарын жолдады.