Есілдің бойында еңсе көтерген елорда аз ғана уақыт аралығында елдігіміздің еңселі ордасына айналды. Арқаның ажарын ашып, келбетін нұрландырған көрікті көшелер, сәулелі сәулеттер мен зәулім ғимараттардың құрылысына көз ілеспейді. Бас шаһардың бүгінгісі ертеңіне ұқсамайды.
Әріге бармай-ақ үйіңізден бес-алты адым бассаңыз болғаны, қызу-қызу қайнап жатқан құрылыс, маңдай тер, таза еңбекті көресіз. Осынау жанкешті еңбекқорлықтың арқасында небәрі 25 жылда елордамыз өзіміз түгілі шетелдіктер қызыға қарайтын шаһар бүгін. Әлемдік руханият пен мәдениеттің орталығына айналған қалада мүмкіндік көп. Қалаға қоныс аударушылар саны жыл сайын артып келеді. Бастапқы сәтте қала тұрғындары 200 мыңдай ғана болса, бүгінде 1 млн 371 мың адам осы қаланың тұрғыны. Қала халқы өскен сайын түрлі қажеттілік көлемі ұлғаятыны анық. Жақында әкім Жеңіс Қасымбек қаладағы өзекті боп тұрған су тапшылығы мәселесін осы қала халқының артуымен түсіндірген еді.
«Қазіргі уақытта қалада тәулігіне 25 мың кубометр су жетіспейді. Халық саны күн санап өсіп жатыр. Жылына кем дегенде 60-70 мың жаңа тұрғын қосылады, ал соңғы 3 жылдың ішінде қаламызда тұратын азаматтардың саны 200 мың адамға артты», деп айтқан еді жақында Ж.Қасымбек Instagram парақшасында.
Әкімдік су мәселесін реттеу үшін осыдан 2 жыл бұрын екі жаңа нысанның құрылысын бастады. Бірінші нысан – сорғы станциясы. Бұл нысанның құрылысы маусым айының соңына дейін толығымен бітеді. Нәтижесінде қалаға қажетті күніне 25 мың кубометр су беріледі. Екінші нысан – Астана су қоймасынан қалаға келетін су құбыры. Бұл нысандағы жұмыстар да аяқталуға жақын. Ал тамыз айында станцияның екінші кезеңінің құрылысы аяқталып қалу керек. Бұдан соң, қалаға күніне қосымша 85 мың кубометр су беріле бастайды. Бұл алдағы 3-4 жылға жеткілікті болады.
Сондай-ақ Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы су беру құбырын салудан бөлек реконструкциялау және құбырларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Көппәтерлі тұрғын үй кешендерінде судың болмауы көбінесе ішкі сумен жабдықтау жүйелерінің, яғни, бітелген сүзгілер, реттелмеген сорғы жабдықтары, жабық ысырмалар жұмысының бұзылуымен де байланысты болуы мүмкін», деп жауап берді ведомстводағылар ресми сауалымызға.
«Қыстың қамын жаз ойла» деген тәмсілді ескерген әкімдік жылу беру мәселесін де пысықтап қойған. Бүгінгі таңда қолданыстағы станциялардағы жылу қуатының тапшылығы 432 Гкал құрайды. Осы тапшылықты болдырмау мақсатында әкімдік қуаттылығы 440 Гкал болатын ЖЭО-3-тің 1-кезегінің және екі газ жылу станциясының («Оңтүстік-Шығыс» және «Тұран» ГТҚ, жалпы қуаттылығы 690 Гкал) құрылысын жалғастырып жатыр. Аталған нысандар жылыту маусымы басталар уақытта іске қосылады. Бұл қаладағы жылумен жабдықтау тапшылығы мәселесін болдырмауға мүмкіндік береді. Жоспар бойынша 12 мың жеке меншік үйге газ тартылады. Оның ішінде 8 мыңы газға қосылған. Жалпы алдағы 3-4 жыл ішінде 15-20 мың үй газға қосылады.
2023 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша, елорданың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң өсімді көрсетіп отыр. Мысалы, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 220,1 мың бірлікті құрады, бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 25,2%-ға көп. Жалпы аймақтық өнім көлемі 5,5%-ға ұлғайған. Бұл – 10 444,1 млрд теңге. 2022 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 446,8 млрд теңге болды, өсім - 12,7%. Ал 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 427,6 млрд теңгені құрады, өсім 20,9% болды.
Астана қаласы – құрылыс секторында Қазақстан бойынша алдыңғылар қатарында. 2023 жылғы қаңтар-мамырда құрылыс жұмыстарының көлемі 152 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың кезеңімен салыстырғанда 2,2% -ға артық.
Түйіндей келгенде бұның барлығы тұрғындардың алаңсыз өмір сүруі үшін жасалып жатқан жұмыстар. Тоғыз жолдың торабындағы құтты қаланың әлеуметтік һәм экономикалық даму даңғылы әлі алда. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесін көретін уақыт та алыс емес. Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың тұғыры, ұлт болып ұйысуымыздың ұстыны болған Астанамыздың «Айхай 25-і» құтты болсын!