Әзербайжан астанасы Бакуде түркі әлемі әдебиеті мен мәдениетінің II фестивалі өтті. Іргелі іс-шараның алғашқы күні қазақ әдебиетіне арналды. Мерекелік жиында түркі халықтарының бай рухани мұрасы мен мәдени құндылықтары өскелең ұрпаққа насихатталды.
«Қазақ әдебиеті» күні қарсаңында еліміздің маңызды кітаптар шоғыры ұсынылған. Оқырман назарына қазақ тарихшылары, қаламгерлер еңбегінің қазақ тілімен қоса әзербайжан тіліндегі нұсқасы таныстырылды. Көрмеге кітаптармен қатар жергілікті қолөнершілердің жұмыстары қойылып, келушілердің қызығушылығын туғызды.
Мұнан соң кеш Қазақстан мен Әзербайжан өнерпаздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты. Туыстас екі елдің халық әндері орындалып, көрнекті қазақ ақындарының өлеңдері оқылды. Сонымен бірге домбырашыларымыз күй тартып, әуелетті Ұлы даланың қоңыр сазын.