«Мемлекеттің әл-ауқатын жолына қарап таны» деген тәмсіл бар. Жолы тақтайдай тегіс елдің экономикасы да мықты деген сөз. Ал бұл тұрғыдан Шымкенттен үлгі алатын тұсы жетерлік. Қала республиканың үшінші мегаполисі атанғалы ерекше қарқынмен дамыды. Игерілмей жатқан бос аумақтардың орнына көпқабатты үйлер салынып, жаңа шағын аудандар пайда болды. Бұл үрдіс әлі де жалғасып жатыр.
Мегаполис тарихында тұңғыш рет бір миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек қаншама мәдени, спорттық, әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Осының барлығы демографиясы жылдан-жылға артып келе жатқан қала халқының рухани-материалдық қажеттіліктерін толық өтеу үшін жасалып отыр. Ерекше атап өтерлігі шаһар республикалық мәні бар жаңа мәртебеге ие болғалы инфрақұрылым мәселесіне де көбірек назар аударыла бастады. Оның бір айғағы, орталыққа жақын шағын аудандар мен шеткі елді мекендерге коммуналдық инфрақұрылымдар тартылды. Соның нәтижесінде көптеген тұрғын бүгінде су тасудың, от жағудың азабынан құтылды. Жарықтың да сапасы жақсарды. Бұрынғыдай сығырайған шаммен отырмайды. Жел тұрса жарық лып етіп өшіп қала беретін жағдайлар қазір сирек кездеседі. Цифрландыру бағдарламасының жүзеге асуымен әр үйге сапалы интернет кірді. Шеткі елді мекендердің өзінде ұялы байланыс қызметі жақсарып қалған. Ендігі кезекте кәріз жүйесімен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлініп жатыр. Өйткені шайынды суларға арналған жүйенің болуы қалалық мәдениеттіліктің белгісі саналады. Миллионнан астам мегаполис тұрғындарының коммуналдық қажеттілігін өтеу үшін бірінші кезекте энергия қуаттылығын күшейту керек. Сондықтан да қала басшылығы бірінші кезекте осы мақсатты жүзеге асыруға кірісті. Соның нәтижесінде магистралды су құбырлары тартылды. Жаңадан қуаттылығы жоғары газ таратушы АГРС пен қосалқы стансалар пайдалануға берілді. Оған қоса кәріз суларын тазартушы қондырғылар орнатылып жатыр. Оның сыртында әр елді мекенге коммуналдық жүйелерді тартудағы қыруар жұмысты қосыңыз. Осының барлығын жасауға мемлекет қаржы аяп жатқан жоқ. Себебі мемлекеттің басты байлығы халық болғандықтан, оған жағдай жасау – Үкіметтің басты міндеті. Енді үй құрылысымен бірге жол салу, ескі жолдарды жөндеу де Шымкенттің стратегиялық даму жоспарларының біріне айналып отыр. Жол – экономиканың айнасы. Еліміздің оңтүстігіндегі алып шаһардың жолы нашар болуға хақысы жоқ. Олай болу себебі, Шымкент – Орта Азияға кіретін қақпа. Екіншіден оңтүстік өлкесіндегі қалаларды жалғап жатқан ірі мегаполис. Жан-жақтан келетін барлық көліктік жол осы шаһардың төңірегінен өтеді. Сонымен бірге Шымкент жылдам қарқынмен дамып келе жатқан қалалардың қатарына кіреді. Халық санының өсуімен бірге көліктердің саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Сондықтан осы өзгерістерге дайын болу үшін қала билігі Үкіметтің қолдауымен жолдардың құрылысына бар назарды салып жатыр. Қала тұрғындары өздерін жайлы сезіну үшін шаһарда барлық инфрақұрылым дамыған болу керек. Коммуналдық-инженерлік жүйеден бастап, жолдарға дейін. Тіпті серуендейтін, саялайтын орындардың саны да тұрғындарды толық қамтитындай есепке сай болуға тиіс. Бүгінгі қала басшылығының атқаратын басты шаруасы да, алдағы жоспары да осы мақсаттарды орындау болып шығады. Шымкенттің сауда-логистикалық орталығы да ауқымды жобаның қатарына кіреді. Бұл жоба маңызды болғандықтан, оған Үкімет те назарын аударып отыр. Ал сауда-логистикалық орталықтың жұмысы бірінші кезекте жолдардың сапасына байланысты. Сол себепті жол құрылысының маңыздылығы өзге инфрақұрылымды дамытуға арналған жобалардан бір мысқал да кем емес. Тіпті жолды адамның күре тамырымен байланыстыруға болады. Адам денсаулығының мықтылығы бойындағы қан тамырлардың саулығымен өлшенеді. Сол секілді жолдардың да сапасы нашар болса, әйтпесе өз қызметін атқара алмай жатса, мемлекеттің алға жылжуына кедергісін келтіреді. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында жол құрылысының айрықша рөлі жайлы айтып өткен еді.
«Нұрлы жол» бағдарламасының бірінші кезеңі табысты жүзеге асырылды. Соның арқасында елордамызды өңірлермен «тармақтану» қағидаты бойынша байланыстыруға мүмкіндік туды. Көлік жүйесінің жаңа инфрақұрылымдық ұстыны қалыптасты. Еліміздің жаһандық көлік дәліздерімен интеграциялануы қамтамасыз етіліп, Азия мен Еуропаны байланыстырған Қазақстанның тарихи мәртебесі қалпына келтірілді. Дегенмен бұл саладағы бәсекелестік өте күшті. Орталық Азия өңірінде пайда болған баламалы жобалар Қазақстанның көлік әлеуетін төмендетуі мүмкін. Сол себептен «Нұрлы жол» бағдарламасының екінші кезеңі еліміздің көлік-транзит секторының жетекші рөлін бекемдеуге арналуы керек» деген болатын Мемлекет басшысы.
«Алдымызда тұрған міндет – 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету» дегенді де айтқан еді Президент.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сәйкес, Шымкенттің аумағына кіретін жолдардың жалпы ұзындығы 3247,6 шақырым құрайды. Оның ішінде асфальтбетон жабынды – 2189,5 шақырым, шағал тас – 935,6 шақырым,топырақ жол 122,5 шақырым. Бүгінде қаладағы асфальт жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесі 67,4 пайызға тең.
Жоғарыда атап өткендей, Шымкенттің жаңа өркениет биігінде қарыштап дамуы ең әуелі жол инфрақұрылымына байланысты оны барынша ілгерілетуде жатыр. Осы міндетті орындау үшін жергілікті әкімдікке үлкен жауапкершіліктер жүктелген. Миллионнан астам тұрғыны бар шаһардағы ең маңызды мәселенің бірі – жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысының реттелуі екені аян. Статистикаға көз жүгіртсек, Шымқала автокөлік саны жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр. Осыған орай әсіресе соңғы жылдары шаһарда жол құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқынмен жүргізіліп келеді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша мегаполисте 287,8 шақырымның жол құрылысы іске асырылыпты. Сонымен қатар Қонаев – Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайрық толығымен салынып бітіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бүгінде Ташкент – Алматы бағытындағы қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылып жатыр. Аталған жолдың ұзындығы 31 шақырым, және жол құрылыс жұмыстары 8 кезеңге бөлінген. Осы күнде 1-ші және 3-ші кезеңі мен Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Биылғы жылы 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отыр.
Одан бөлек, 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы бар. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін сейілтуге және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек. Оған қоса, жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деп күтіліп отыр. Сондай-ақ қаланың оңтүстік бағытындағы жалғыз кірме-шығыс жолына жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымдық Қонаев даңғылының жалғасы салынып жатыр. Бұл нысан құрылысы 6 кезеңнен тұрады. Сонымен бірге Шығыс айналма, Өтегенов, Адырбеков көшелері, Темірлан тасжолының бойындағы жолаушылар өткелі салыну үстінде. Және де Бәйдібек би-Арғынбеков көшелерінің қиылысындағы 3 деңгейлі жолайрықтың құрылысы қарқынды салынып жатыр. Халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында 15 мамыр күні Арғынбеков көшесі ашылған еді. Жолайрық құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беру биылғы жылдың соңына жоспарланып отыр, дейді мамандар. Келесі кезекте, Бәйдібек би – Арғынбеков көше қиылысының жолайрық құрылысының 2 кезегі іске асырылады. Осы ретте, Жібек жолы – Сайрам, Бәйдібек би – Төлеметов көшелерінің қиылысында, А-2 автомобиль жолы мен Бәйдібек би даңғылының қиылысында жолайрық салу мәселесі жоспарда тұр. Жоғарыда аталған жобалар толық біткен жағдайда Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісі жаңа кейіпке еніп, мегаполистің заманауи талаптарға сәйкес көлік ағынын өткізу қабілеті артады.
Қаланың магистралды және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары биылғы жылы 236,3 шақырымды құрайды деп көзделіп отыр. Яғни 297 көшенің жолы жөнделеді деген сөз. Оның 24 көшесі көлік ағыны жоғары әрі қоғамдық көлік қатынайтын орталық немесе магистралды көшелер. Басқарма таратқан мәліметке сәйкес, жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2021-2025 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Оның негізінде құрылыс жұмыстарын жүргізуде магистралды көшелерге, сонымен қатар елді мекендердің ішкі орам көшелеріне басымдық берілетіні айтылған.
Көлік саласына келсек, 2020 жылы Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілген. Осы схемаға сәйкес, 78 бағыт бойынша қоғамдық көліктер жолаушыларды тасымалдау үшін қызмет көрсетеді деп шешілген. Бүгінгі таңда мегаполисте жалпы саны 1 000-ға жуық автобус пен 10 автопарк бар. Өз кезегінде қоғамдық көліктердің 90 пайызы жаңартылған. Бұл дегеніміз Шымқала еліміздегі қоғамдық көліктердің жаңалануы мен сапасы жағынан алдыңғы қатарда келе жатыр деген сөз. Қазіргі таңда, әлеуметтік мәні бар маршруттардың тізімімен 75 бағыт айқындалған. Аталған бағыттағы автобус маршруттары субсидиялар есебі арқылы қала аумағында, сонымен қатар шет аймақтарда орналасқан барлық шағын аудан мен тұрғын алаптарға дейін жолаушы тасымалы қызметін көрсетеді. Жоғарыда айтылғандай, қалалық тұрақты маршруттарда 600-ден астам автобус жанар-жағармай ретінде экологиялық таза газ-метанды пайдаланады. Аталған автобустарды сұйытылған газ отынымен қамтамасыз ету үшін 2 газ стансасы салынған, ал үшінші стансаның құрылысы алдағы уақытта аяқталады. Бұдан бөлек, онлайн режімінде қоғамдық көлік қозғалысы туралы халықты хабардар етуге мүмкіндік беретін «I-Kolik» мобильді қосымшасы халық тарапынан кең қолданыста. Қазіргі таңда, мобильдік қосымшаны пайдаланушылар саны 200 мыңнан асты. Айта кетейік, 2021 жылы Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктерге енгізілген «Төлем» электрондық билеттендіру жүйесі жолаушылардың жол ақысын төлеу қызметін едәуір оңтайландырды. Қазіргі таңда, сатылған көлік карталарының саны 700 мыңнан асады, ал күнделікті транзакциялар саны жұмыс күндері – 380 мың, демалыс күндері – 200 мыңды құрап отыр.
Сондай-ақ мегаполисте 1 886 аялдама орны бар. 2020 жылдан бері жаңа типтегі аялдама павильондарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы күндері жаңа аялдама павильондарының үлесі 35,5 пайызға жетті. 2023 жылы 250 аялдама павильонын орнату көзделіп отыр. Бұдан бөлек, қажеттілігі бар аймақтарға 12 бағдаршам қосымша орнатылады. Қала аумағында орналасқан 291 бағдаршам нысанын күтіп ұстау жұмыстары тұрақты түрде атқарылып келеді. Сонымен қатар алдағы уақытта қала көшелеріне жалпы есепте 400 шақырым жол таңбалары сызылады. 800 метр жасанды жол кедергілерін әлеуметтік маңызы бар мекемелердің алдына орнату алдағы күннің еншісінде тұрған шаруа. Жалпы, жыл соңына дейін құзырлы мекеме жол-көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында 3 500 жол белгілерін орнатамыз деген уәдесін беріп отыр.