Электр самокаттардың жылдамдығын шектеу туралы заң жобасы қоғамда қызу талқыға түскені мәлім. Мұндай құжат жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін қажет. Өйткені тротуармен әрлі-берлі жүйткігендер абайсызда жарақат алуы мүмкін. Дегенмен сарапшылар тыйым салумен мәселе шешілмейтінін алға тартады.
Мамыр айында Мәжілістің кезекті жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданған-ды. Депутат Екатерина Смышляева құжат жөнінде жасаған баяндамасында электр самокат көлік қозғалысына жататынына назар аударды. Сондай-ақ ол скутерлерді пайдаланудың ұсынылып отырған тәртібін түсіндірді.
«Электр самокаттары велосипед жолдары мен жол жиектерінде шектеусіз қозғала алады. Жаяу жүргіншілер жолымен жүру сағатына 6 шақырымнан аспайтын, яғни жаяу жүргіншілер ағынының жылдамдығымен рұқсат етіледі. Бұл тәсіл – самокат иелері мен жаяу жүргіншілерге келісімді шешім. Жылдамдықты шектеу жаяу жүргіншілердің өміріне қауіп төндірмейді. Шектеуді енгізу айтарлықтай қиын болатынына қарамастан, бұл жаяу жүргіншілердің жылдамдығына тең және визуалды түрде анықталады», деді Е.Смышляева.
Сонымен қатар самокаттар оң жақ шеткі жолақта, соның ішінде автобус жолағында жүруіне рұқсат етілген. Бірақ жүргізушінің жасы 18-ге толуға тиіс. Бұдан бөлек, шлем мен жарық шағылыстыратын киім киюі қажет. Оған қоса, кез келген санаттағы жол жүру құжаты керек. Сондай-ақ жүктер мен жолаушыларды электр скутермен тасымалдауға тыйым салынады.
Самокатқа қатысты мәселенің күн тәртібіне шығуына негіз бар. Ішкі істер министрлігі ұсынған деректерге сүйенсек, 2022 жылы елімізде электр самокаттар тізгіндегендер 41 мәрте апатқа ұшыраған. Бір адам қайтыс болған. Оның үстіне, самокаттар да, кикшейринг қызметін ұсынатындар да жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан бұл мәселеге дер кезінде назар аудару қажет.
Заң жобасы Мәжілісте қабылданғаннан кейін аталған мәселеге қатысты бірнеше кездесу ұйымдастырылды. Мәселен, Алматы кәсіпкерлер палатасының алаңында Көлік және логистика жөніндегі кеңестің «микромобильділік» бағыты бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Әңгіме барысында кәсіпкерлер электр самокат қызметіне қызығушылық күрт төмендеп кетуі мүмкін екеніне алаңдап отыр. Өйткені э-скутердің басты функциясы – мобильдік, яғни жылдам қозғалуы. Ал оны шектеу қызметтің дамуына кедергі келтіреді.
«Өткен 2022 жылы электр самокаттарды жеті миллиондай адам қолданған екен. Былай айтқанда, қазіргі метродан да танымал болып тұр. Өткен жылғы статистикаға қарасақ, 150-дей жол ережесін бұзушылық тіркелген. Сол үшін тәртіп те керек, сонымен қатар бизнестің мүддесі де ескерілуге тиіс», деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Әуез Тәйімбетов.
Қазіргі таңда Алатау бөктерінде 4 компания кикшеринг қызметін ұсынады. Жалпы, оларда 150 мың самокат бар. Кикшеринг бизнесі елімізде енді ғана қарқын алып, табыс әкеле бастады. Мәселен, «Jet Sharing» компаниясының жалпы сатылымы кейінгі 2 жылда екі есе өскен. Компания Қазақстан бойынша 1200-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша компания 458 млн теңгеден астам салық төлеген. Компания өкілдері жылдамдықты шектеу көптеген қиындық туғызатынын алға тартады. Өйткені мұндай жағдайда мобильдіктің мәні қалмайды. Жолдың оң жағымен жүру ұсынысы самокат жүргізетіндердің өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
«Narikbayev University» әкімшілік және неміс құқығы ғылыми мектебінің зертеуші ассистенті Олесь Котерлин бұл мәселенің тек біздің елімізге ғана тән емес екеніне назар аударды. Қазіргі таңда әлем елдері э-скутер тақырыбына ерекше көңіл бөліп отыр.
«Көшелерде электр самокаттардың, гироскутерлер, монодоңғалақтар санының күрт өсуі, әкімшілік құқық бұзушылық пен осындай көліктерді пайдаланушылар ұшыраған жол-көлік апаты кезіндегі жарақаттар, оны құқықтық реттеуге қажеттілік туралы пікірталас толастамай отыр. Бұл тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің көптеген еліне тән. Мәселен, Францияда оларды пайдалануға толық тыйым салынды. АҚШ-та тек электр скутерлер ғана реттелсе, Германияда барлық инновациялық көліктерге арналған кешенді ереже жасалды. Сондықтан Мәжіліс қабылдаған заң жобасын әлемдік трендтің бір бөлігі ретінде қарастырған жөн. Тиісті құқықтық реттеу болмаса, заң тұрғысынан бірқатар мәселе туындайды. Мысалы, электр самокатты мас күйінде басқарған адамды жауапкершілікке тарту мүмкін емес, өйткені олар көлік құралы ретінде заңда қарастырылмаған», дейді О.Котерлин.
Расында кейінгі жылдары төрткүл дүние самокат мәселесіне бас қатырып келеді. АҚШ-та әртүрлі штаттардың өз ережелері бар, кейбірі жұмсақ, енді бірі қатаңдау. Көптеген штатта электр скутерге 16 жастан бастап қана мінуге рұқсат етеді. Бірақ кей штатта, мысалы, Вирджинияда 14 жастан бастап самокат жүргізуге болады. Алабамада э-скутер айдауға M лицензиясын талап етеді. Жалпы, мұхиттың арғы бетінде 16 жасқа толмаған кез келген жеткіншек шлем киюі керек. Бірақ 16 жастан асқандарға бұл міндетті емес. Пенсильвания мен Делавэрде электр самокаттарға қоғамдық жолдарда жүруге рұқсат жоқ. Есесіне, Ұлыбританияда электр скутер пайдалану заңға қайшы емес. Алайда көптеген шектеу бар. Мәселен, қоғамдық жолдарда, тротуарларда, веложолдарда және тек жаяу жүргіншілерге арналған жерлерде пайдалану заңсыз. Ұлыбритания үкіметі электр самокатты «қозғалмалы тасымалдаушылар» санатына жатқызды. Сол себепті оларға автокөліктерге қолданылатын заңдар мен ережелер пайдаланылады. Италия э-скутердің жылдамдығын жолдарда 20 км/сағ, жаяу жүргіншілер жүретін жерлерде 6 км/сағ дейін төмендетті. Самокат жүргізушілерге ресми жеке куәлік берілуі керек. Францияда э-скутер қағып кеткен жаяу жүргіншінің өлімінен кейін жаңа ереже енгізілді. Қазіргі уақытта Париждің кейбір аудандарында, соның ішінде Эйфель мұнарасы мен Лувр мұражайы сияқты негізгі туристік орындардың айналасында жылдамдық шегі 10 км/сағ аспауы керек. Ал Норвегияның астанасы Осло билігі электр самокатты түнде жалға алуға тыйым салды. Сондай-ақ Хельсинки демалыс күндері түн ортасынан кейін оны пайдалануға тыйым салып, жүру жылдамдығын төмендетті.
«Whoosh» компаниясының баспасөз қызметі Мәжіліс қабылдаған заң жобасына қолдайтынын жеткізді. Дегенмен кей мәселені әлі де талқылау қажет екенін алға тартып отыр.
«Электр самокатқа арналған жолда жүру ережелерін жаңарту – жүргізушілерге ғана емес, жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған маңызды үдеріс. Көрші елдердегі тәжірибеге қарасақ, мұндай ереже жолаушыға да, электр самокат жүргізушілерге де пайдалы екені байқалады. Сондықтан биліктің мұндай бастамаларын қолдаймыз. Бұл ретте заң жобаларын жол қауіпсіздігі, қала құрылысы және микромобильділік саласындағы құзыретті сарапшылардың, сондай-ақ кикшеринг пен сақтандыру саласы өкілдерінің қатысуымен әзірлеп, қабылдауды қолдаймыз», дейді компанияның баспасөз қызметі.
Осы орайда, компания өкілдері жаяу жүргіншілер жолымен жүру кезінде жылдамдықты 6 шақырымға дейін шектеу мәселесіне алаңдайтынын жасырмады. Бұл – жүгіріп келе жатқан адамның жылдамдығынан төмен әрі самокат тізгіндеген адамға тепе-теңдікті сақтауда қиындық туғызады.
«Самокатшыларды жол жиегімен жүру жөніндегі ұсыныс та алаңдаушылық туғызады. Өйткені мұндай жағдайда олар жолға шығып кетуге мәжбүр болады. Осылайша, бірінші кезекте олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Себебі самокаттың көрінуін де, жүріп келе жатқанын есту де қиын. Құзыретті мекемелерден алдағы уақытта жемісті келіссөз жүретініне сенім білдіреміз», дейді «Whoosh» компаниясы.
Іске қосылғалы бері компания танымалдылыққа ие болып үлгерді. Мәселен, 2023 жылы компания қызметін пайдаланушылар саны 246 мың адамды құраған. Бұл 2022 жылдан 47 пайызға артық.
Кикшерингтік компаниялардың алаңдауы өте орынды. Электр самокаттар бүкіл әлемде танымал. Олар экологиялық таза және автомобильдерге қарағанда арзан. Ең бастысы, электр самокаттар және кикшеринг компанияларына мол инвестиция құйылды. Мысалы, скутер өндірушісі «Bird» өзінің рейд-шеринг скутерін нарыққа шығарғаннан кейін бір жыл ішінде бағдарламаның құны 2 миллиард долларға жеткен екен.
«Narikbayev University» ассистенті О.Котерлин заң жобасында әлі де нақтылануға тиіс мәселелер бар екеніне назар аударады. Оның пайымдауынша, заңның орындалуы оның сапасы мен құқықтық нақтылығына тікелей байланысты. Себебі «Сергек» тәрізді камералар жол бойындағы электр самокаттың қозғалыс жылдамдығын бақылай алмайды.
«Электр самокаттарда мемлекеттік нөмір жоқ. Сондықтан жаяу жүргіншілер және веложолдардағы қозғалыс жылдамдығын бақылауға қосымша инфрақұрылым құру, велосипед немесе жаяу жүргіншілер полициясының патрульдерін қалыптастыру қажет. Ендеше, кикшейринг компанияларына маңызды міндет жүктелуі қажет. Олар пайдаланушы нақты қайда қозғалып жатқанын бақылап, соны реттеуге көмектеседі. Жолда жүру үшін кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына жүргізуші куәлігі, қорғаныс бас киімі мен қараңғыда шағылыстыратын элементтері бар киімнің болуы қажет. Есесіне, мұндай ережелер электр скутерлерін жалға беру қызметін көрсететін компаниялардың мүмкіндігін айтарлықтай шектейді», дейді О.Котерлин.
Сарапшы электр самокаттардың танылуын XX ғасырдың басындағы автомобиль қозғалысының дамуымен салыстырады. Ережелер мен жалпы қабылданған стандарттардың болмауы салдарынан түрлі реттеу тәсілі пайда болған.
«Осыған сәйкес, электр скутерлерді пайдалануды реттеуде бірінші кезекте басқа елдердің тәжірибесін зерделеу қажет. Қазақстандағы ережелер самокаттарды пайдалануға айтарлықтай шектеу жасап отыр. Тиісінше, бұл мәселеге көбірек көңіл бөлініп, осы көліктерді пайдаланушылардың мүдделерін қанағаттандыратын, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ортақ тәсілді табуымыз керек. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамытып, самокаттардың жүруіне жағдай жасағанымыз жөн. Олар қоғамдық көлікке түсетін салмақты азайтуға үлес қосып, қоршаған ортаны сақтауға оң септігін тигізеді», дейді О.Котерлин.