Қаңтар қасіретінен кейін бұрқ-сарқ қайнаған қоғамымызды, әсіресе зиялы қауым мен жас буынды бір серпілтіп, байыпты қалыпқа бастаған Ұлытаудағы тарихи Ұлттық құрылтайдың өткеніне де, міне, бір жыл толыпты. Сонда Ұлы дала төсінде, хандық биліктің рәмізі Жошы сағанасы жанында бой көтерген ақшаңқан шатыр астындағы жиында Мемлекет басшымыз: «Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз», деген еді.
Құрылтайдың бір қанатында – ел ағалары мен зиялылар, екінші қанатында – әлем таныған ғалымдар, санаткерлер, кеуде тұсында – іс адамдары мен ойлы жастар, етек тұсында – «туған елім, туған жерім» деген этнос өкілдері қаумалап, бір ағзаға айналғанын көзіміз көрген. Сол жолы тарих, бүгінгі шақ һәм келешек тұтасқандай-тын. Көкейдегі көп сұраққа жауап табылды, болашақ айқындалды, әсіре саясат пен елдік саясат сабағы байыпталды. Президент: «Құрылтай – кең ауқымды жиын. Бұл жерде шын мәнінде халықтың үні естілуге тиіс. Жұрттың мұң-мұқтажын, талап-тілегін жеткізетін азаматтар бас қосуы керек», деп қадау-қадау үш міндетті белгілеген еді. Олар: 1) жалпыұлттық бірлікті нығайту; 2) реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру; 3) жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру.
Енді сіз бен біз куә болып, тіпті қоғам мүшесі ретінде түрлі деңгейде ішінде жүру бұйырған, араласқан, ой бөліскен, тіпті атсалысқан реформаларға келейік. Бірінші, соңғы 27 жылда тұңғыш рет жалпыұлттық референдум өтіп, конституциялық реформа басталды. Ата заңның үштен бірі жаңартылды. Қаншама елдік маңызы бар заңға өзгеріс пен толықтыру енді. Екінші, жаңа саяси реформаның ізашары ретінде Президент 7 жылдық мерзімге бір рет сайланды. Парламент пен мәслихаттарды сайлау тәртібі жаңарып, олардың өкілеттігі артты. Партияларды тіркеу жеңілдетілді. Конституциялық сот құрылып, заңдық қызметін бастады. Үшінші, мемлекеттік институттар жүйесі қайта құрылды. Президент, Сенат, Мәжіліс, мәслихат сайлаулары жаңа арнада өтті. Мәжіліс пен мәслихат сайлауында аралас жүйе (партиялық тізім мен мажоритарлық) жүзеге асты. Төртінші, еліміздің әкімшілік-аумақтық жүйесі қоғам сұранымы мен тарихи әділеттікке сай қайта құрылымдалып, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары дүниеге келді. Халық тығыз қоныстанған Алматы облысының орталығы – Қапшағай қаласына көшіп, бұл шаһар Д.Қонаев атын иеленді. Бесінші, мемлекет пен қоғамның әріптестік қарым-қатынасы сенім мен бірлікке құрыла бастағанына көзіміз жетті. Оның бір дәлелі – Ұлттық құрылтай және соның аясындағы түрлі маңызды комиссиялар, қоғамдық институттар қызметі.
Өздеріңізге мәлім, Ұлттық құрылтай – қоғам бірлігін нығайтып, халықтың мүддесімен сәйкесетін сындарлы идеяларды көтеру, жүйелеу, іске асыру үшін құрылған диалог алаңы. Саяси тұрғыдан ол – Президент жанындағы елеулі кеңесші құрылым. Құрамына елге танымал қоғам қайраткерлері, білікті кәсіби мамандар, сарапшылар, өңірлердегі салмақты тұлғалар, елшіл жастар енді. Бір жылдың ішінде әр бағыттағы комиссиялар жұмыс істеп, ой-қорытындылар, пайдалы жобалар, маңызды пікірлер ұсынылды. БАҚ-та, әлеуметтік желілерде материалдар жарияланды. Түрлі деңгейлердегі сұхбат, талқылау алаңдарына спикер ретінде қатысты. Құрылтай қазынасы – ел және әлем даналығы, тәжірибесі. Саяси мектеп те, адами мектеп те – осының қайнарында.
Мемлекет басшысы Ұлытау биігінен: «Біз – тарихтан тағылым ала білген халықпыз. Осы Құрылтай ертең ұлт шежіресінің бір белесіне айналатыны анық», деп біршама уақыт ұмытылған Егемендік декларациясы күнін (25 қазан) елдің басты мерекесі қатарына енгізуді ұсынса, бұл бастама да жүзеге асты. Сондай-ақ ол осы алқалы жиында: «Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр», деп күрделі мәселенің түйінін заң және ел дамуы аясында ақылмен шешетін жолды да нұсқады. Таяуда өткен халық Ассамблеясының 32-сессиясында мемлекетшіл пәтуа айтылды. Рас, біз әлемдік тәжірибеге сай ұлт пен мемлекет ұғымдарының тұтастанатын, Қазақстанда қазақ тілінің күллі этнос өкілдерін біріктіруші рухани күшке айналатын кезеңіне аяқ бастық. Қоғамдық міндет пен адами парыз – баршамыздың мойнымызда.
16-17 маусым күндері екінші Ұлттық құрылтай тарихи Түркістанда өтетіні жұртшылыққа мәлім. Мұнда құрылтай мүшелері ұлттық ұйысу, мәдени және рухани өрістеу, білім-ғылым, т.б. бағыттағы секцияларда пікір алмасып, маңызды мәселелерді талқыламақ. Бұйырса, Құрылтай мінберінен жария етілетін Мемлекет басшысының баяндамасы қоғам бірлігі мен ізденісіне елеулі қозғау салады деп үміттенеміз.
Қазір – қоғамның ұйысуы мен берекесін арттыруға қатысты идеялар мен қадамдарды тұжырымдау кезеңі. Халық сөзімен айтсақ, «біріміз – бас, екіншіміз – мойын» болатын шақ. Іске сәт!