Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар Үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарады. Сондай-ақ «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына сенаторларды сайлады.
Отырысты ашқан Сенат төрағасы Абай облысындағы алапат өрттің салдарынан қаза болған орманшылардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты және өңірдегі ахуал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында екенін атап өтті. Мәулен Әшімбаев Абай облысындағы өрт төтенше жағдай кезінде әрекет ету жүйесінің қаншалықты тиімсіз екенін айқын көрсетіп бергенін айтты. Палата спикері жауапты құрылымдар күзде Қостанай облысында болған өрттен сабақ алмағанына тоқталды.
«Егер осындай алапат өртпен алғаш рет бетпе-бет келіп тұрсақ, мәселе басқаша болар еді. Бірақ бізде мұндай оқиғалар жыл сайын қайталанып отыр. Күзде ғана Қостанай облысында үлкен өрт болды. Соның салдарынан 40 мың гектарға жуық жер өртеніп кетті. Соған байланысты Президентіміз тиісті органдарға нақты міндеттер жүктеді. Оны орындау үшін Үкімет ауқымды жұмысты қолға алдық деп есеп те берді. Бірақ Абай облысындағы оқиға бүкіл жүйенің уақтылы әрекет етпегенін, тиісті құрылымдар арасында үйлесім мен тәртіптің жоқ екенін көрсетті», деді Мәулен Әшімбаев.
Соған байланысты Сенат төрағасы қазір осы бағытты түбегейлі өзгертетін уақыт келгенін, бұл бағытта Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары бар екенін, алдағы уақытта тиісті бағдарлама мен басқа да қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті. Басталған тергеу жұмыстарының қорытындысы бойынша да бірқатар іс-шара іске асырылатыны анық.
«Біз осы мәселені келесі жылдың бюджетін қарау кезінде де назарда ұстаймыз. Бұл ретте төтенше жағдайлар кезінде әрекет ететін құрылымдарды қаржыландырудың маңызы зор. Ең бастысы, бөлінген қаражаттың мақсатқа сай, дұрыс жұмсалуын бақылауымыз керек. Егер біз осы бағдарламаны қабылдап, күзде оған миллиардтаған қаржы бөлсек, бірақ келесі жылы осындай оқиға тағы қайталанып жатса, онда оған бәріміз жауапты боламыз. Сондықтан сенаторлар бұл мәселені үнемі өз бақылауында ұстайды», деген Сенат спикері депутаттар жағдайды жақсартуға арналған барлық ұсынысты қолдайтынын атап өтті.
Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады. Қаржы министрінің айтуынша, 2022 жылы ішкі жалпы өнім көлемі 3,3 пайызға өскен. Бұған қызмет көрсету саласындағы, нақты сектордағы өсім, экспорттың тез қарқыны есебінен сауда балансының нығаюы, құрылыс пен қызмет өндірісіндегі жоғары инвестициялық белсенділік әсер етіп отыр.
«Азық-түлік пен шикізат бағасының жалпы әлемдік қымбаттауы аясында еліміздегі инфляция деңгейі де нысаналы көрсеткіштен асып, 20,3 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 7,9 пайызға ұлғайды. Жұмыссыздық 4,9 пайыз деңгейінде сақталды. Осындай макроэкономикалық ахуал аясында республикалық бюджеттің атқарылуы мынадай көрсеткіштермен сипатталады. Түсімдер 102,1 пайыз атқарылып, 16,1 трлн теңгені құрады. Шығыстар 98,6 пайызға игерілді және 18,5 трлн теңгеге жетті. Әлеуметтік шығыстардың өзі 2021 жылмен салыстырғанда 987 млрд теңгеге ұлғайып, 8,5 трлн теңгені құрады. Бұл республикалық бюджеттің жалпы көлемінің 46 пайызы. Бюджет тапшылығы ішкі жалпы өнімге шаққанда 2,3 пайыз болды», деді Е.Жамаубаев.
Сала басшысының айтуынша, Республикалық бюджеттің меншікті кірістері бойынша жоспар 103 пайыз орындалған. Кірістер құрылымының негізгі үлесі салық түсімдеріне тиесілі. 2021 жылмен салыстырғанда салық түсімдерінің өсімі 3 трлн теңгеге немесе 42 пайызға жетті. Салықтық тексерулердің тиімділігі 3,2 есе, кедендік тексерулердің тиімділігі 7 есе артты. Кейінгі 4 жыл ішінде салықтық-кедендік әкімшілендіруді жетілдірудің арқасында бюджетке 3 трлн теңгеден астам қосымша қаражат түскен.
Қаржы министрі Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы туралы баяндап берді. Оның айтуынша, Жоғары аудиторлық палата салық жеңілдіктері есебінен бюджетке түспеген қомақты қаражатты көрсеткен. Осы орайда министр салық жеңілдіктерін айқындау, оңтайландыру және мониторингтеу бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары Үкіметтің жұмысында, сондай-ақ жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде ескерілетінін жеткізді.
«Жоғары аудиторлық палата экспорттық-импорттық статистикадағы алшақтық және көлеңкелі экономика бойынша қабылданған шаралардың жеткіліксіз әсерін атап өткен. Жалпы, әлемдік тәжірибеде барлық елде тауарлардың сыртқы саудасының кедендік статистикасы деректерінде әріптес елдермен сәйкессіздіктер бар. Бұндай алшақтықтың негізгі себебі сыртқы сауда статистикасын қалыптастырудың әдістемелік ерекшелігіне қатысты. Дегенмен алшақтықтарды азайту мақсатында бірқатар жүйелі шара қабылданып жатыр», деді Е.Жамаубаев.
Бұдан кейін сөз алған Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова сөз сөйлеп, бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердегі басшылардың жауапкершілігін енгізу қажет.
«Республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінген қаражатқа тоқталсақ, белгіленген мақсатты уақтылы орындау тұрғысында басшылардың жауапкершілігі тиісті деңгейде емес деп санаймыз. Өңірлерге аударылған жалпы трансферттердің көлемі өсті. Егер ресурстарды бағыттасақ, онда осы қаражатқа қатысты тиісті жауапкершілік те болуы керек», деді Н.Годунова.
Оның айтуынша, министрлік мақсатты трансферттерді өңірлерге аудара отырып, қаражатты игеру бағытындағы нәтиже бойынша өзін жауапкершіліктен босатқан.
«Өңірлер бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу тұрғысында салалық министрліктердің мониторингі іс жүзінде қарастырылмаған. Бұл ретте әлеуметтік нысандардың жабдықтармен қамтамасыз етілуіне бағалау жүргізілмейді. Аймақтарға ақша берілді, алайда одан кейінгі мәселе бақылаусыз қалып отыр. Осының салдарынан сапасыз салынған мектеп және басқа нысандар жайында проблема пайда болады», деді палата басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, заңнамалық деңгейде бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысты орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен бюджет қаражатын игеретін өңірлердегі басшылардың жауапкершілігін енгізу қажет.
«Былтыр Оқу-ағарту министрлігі құрылыс саласы өздерінің профиліне жатпайды деген желеумен «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асырудан бас тартты. Нәтижесінде, жобаны «Samruk-Kazyna Construction» жүзеге асырып жатыр. Дегенмен мемлекеттік сатып алу ережелері сақталмауы мүмкін деген күдік бар. Бұл бағытта қомақты қаражат, яғни 2,6 трлн теңге бөлінді. Атап айтқанда, бұл саладағы іс-қимылдарға қатысты тиісті мәселелер пайда болды», деді Наталья Годунова.
Бюджеттің атқарылуы туралы есептерді қарау барысында 2022 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлерінің орындалғаны айтылды. Дегенмен депутаттар құжаттың жекелеген тармақтары бойынша бюджеттік тәртіптің осал тұстарына назар аударды. Сондай-ақ олар экономиканың өсуі мен азаматтардың әл-ауқатына кері әсерін тигізетін бірқатар маңызды және жүйелі проблемаға тоқталды.
Өз сөзінде Сенат төрағасы инфляцияны төмендету және өңірлерді жылу маусымына сапалы әрі уақтылы дайындау алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер екенін атап өтті. Соған байланысты Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы белгілеп берген мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесіп, үйлесімді жұмыс істеудің маңызды екенін айтты.
«Президентіміз өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында алдағы жылдарға арналған бағыт-бағдарды айқындап, нақты міндеттер жүктеді. Біз соның бәрін сәтті іске асырып, елдің сенімін ақтауымыз керек. Бұл ретте шағын және орта бизнесті дамыту, жұмыс орындарын құру, агроөнеркәсіптік кешенді қолдау сияқты нақты міндеттер туралы сөз болып отыр. Сондай-ақ энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үйлер мен жолдар салу, елді мекендерді 100 пайыз сумен жабдықтау және тағы басқа да маңызды мақсаттар бар екені белгілі. Үш жылдық бюджетте осы бағыттарға қажетті қаражат қарастырылған», деді Мәулен Әшімбаев.
Палата спикері Парламенттің зың шығару қызметінде мүдделі органдармен бірлесіп әрекет етуіне де ерекше назар аударды. «Бәріміздің алдымызда тұрған басты міндет – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Бұл істе Парламент депутаттары Үкіметке қажетті қолдау көрсетуге қашанда дайын», деді Сенат төрағасы.
Сонымен қатар есептерді қарау кезінде сенаторлар салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіруді сөз етті. Шығындарды жоспарлаудың тиімсіздігіне қатысты да сын айтылды. Бұл ретте, 2022 жылы шығынның басым бөлігі ағымдағы іс-шараларға жұмсалғанын, шамамен 10 пайызы ғана дамуға бағытталғанын атап өткен жөн. Сенаторлар стратегиялық және бюджеттік жоспарлау арасындағы байланыстың жолға қойылмағанына да назар аударды. Салдарынан қаржының толық игерілмеуіне жол берілген. Бұл орайда ұлттық жобалар бойынша статистика мысалға алынып отыр. Нақты айтар болсақ, қаржы жағынан толық қамтамасыз етілсе де, тоғыздың жетеуінде тиімділік көрсеткіші төмен. Депутаттар шығыстардың жартысына жуығы әлеуметтік мақсаттарға жұмсалғанын, бұл бюджет саясатының әлеуметтік бағытқа бет бұрғанын көрсететінін айтты.
Отырыс барысында сенаторлар «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссиясының құрамына Сенат депутаттарын сайлады. Жиын соңында депутаттар өз сауалдарын жолдады.