Биыл 15 маусымда елордадан Алакөл курортты аймағы бағытында «Астана-Достық» №257/258 бағдары бойынша алғашқы пойыз жөнелтілді, деп хабарлайды Egemen.kz «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Пойыз аптасына екі рет: Астанадан – жексенбі, бейсенбі сайын, Достық станциясынан – дүйсенбі және жұма сайын жол жүреді. Пойызда 346 жолаушыға орын бар.
Бағдардың Астанадан Алакөлге дейінгі ұзындығы - 1399 км. Пойыз жолда - 21 сағат 45 минут жүреді. «Тальго» пойызы - Алакөлге жетудің оңтайлы жолы, вагондар ауа желдеткіш, биодәретхана, розеткамен жабдықталған.
Жолаушыларға vputi.kz мультимедиялық ойын-сауықтық порталын қолдануға болады. Пойызда ерекше қажеттілігі бар жандар үшін гранд класындағы вагондар бар және вагон-мейрамхана қарастырылған. Билет құны вагон класына қарай 17 мың теңгеден басталады.
Ал оңтүстік астанадан Алакөлге дейін «Тальго» вагондарынан құралған екі жолаушылар пойызы:
№211/212 «Алматы-Достық» (346 жолаушылар орны бар) күнара: Алматыдан - жұп күндері, Достықтан - тақ күндері; №253/254 «Алматы-Достық» (276 жолаушылар орны) күнара: Алматыдан - тақ күндері, Достықтан - жұп күндері қатынайды.Алматы мен Достықтың арасы 846 км жол, жолға кететін уақыт – 17 сағат 35 минут. Билет құны 11 мың теңгеден басталады.
«Тальго» пойыздарының арнайы орындарына ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін жол жүру құжатының жалпы құнынан 70% жеңілдік қарастырылады. Билеттерді кассадан немесе https://bilet.railways.kz сайты арқылы комиссиясыз сатып алуға болады.
Сонымен қатар Алакөл бағытында жазғы мезгілде 8 бағдар бойынша жолаушылар пойыздары қатынайды:
№53/54 «Астана-Достық» пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ ); №122/6941/6942/121 «Астана-Достық» пойызы(жеке тасымалдаушы «АрайТрансКЗ» ЖШС); №221/222 «Алматы – Достық» пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ); №22/6941/6942/21 «Алматы – Достық» пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ); №337/338 «Алматы – Достық» пойызы (жеке тасымалдаушы «Vagon Service Almaty» АҚ; №457/458 «Семей – Достық» пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ); №459/460 «Өскемен – Достық» (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ); №6941/6942 «Ақтоғай – Достық» қала маңы пойызы (тасымалдаушы «Жолаушылар тасымалы» АҚ)