Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілгенін еске салып, бұл бастаманы қолдайтынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Біз мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеуіміз қажет. Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдаланған жөн. Сыртқы істер министрлігі жанындағы «КazAID» халықаралық даму агенттігі осы жұмысқа ұйытқы болуға тиіс. Көптеген мемлекетте мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттайды. Сол арқылы мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Сыртқы саяси бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасайды. Кәсіпкерлердің әлемдегі беделін арттыруға көмектеседі. Жаңа ғана Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова ұлттық құндылықтарды дәріптейтін кәсіпкерлерді қолдау қажеттігін атап өтті. Бұл да – өте орынды бастама», деді ел Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасын заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау қажет.
«Шын мәнінде, қазақтың мәдениеті сан түрлі саланы қамтиды. Халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, жер жүзіне насихаттау керек. Мысалы, өзіміз іргесінде отырған Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бай тарихымыздың символы саналады. Оның ұлт руханиятындағы орны ерекше екенін білесіздер. Осы кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру туралы ұсыныс енгізілген. Мен мұны қолдаймын», деді Президент.