Мәжілісте қант қызылшасы өндiрiсiн ұлғайту, жеміс-көкөніс өнiмдерi импортын алмастыру, оларды өңдеу және сақтау мәселелері бойынша Үкімет сағаты өтті. Жиын барысында осы бағыттағы өзекті проблемалар талқыланды.
Үкімет сағатында кіріспе сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау биыл инфляция 21,3 пайызды құрап, рекордтық деңгейге жеткенін атап өтті. Ал осы кезеңде көкөніс 27,9 пайызға қымбаттаған.
«Үкімет пен әкімдіктердің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын өсірмеу жөніндегі қабылдаған шаралары нәтиже бермей отыр. Оның үстіне картоптың да, қанттың да, пияздың да бағасы негізсіз ойнақшып тұрады. Бұл жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – еліміздегі азық-түлік өнімдері өндірісін дамыту. Жеміс-көкөніс өнімдерімен, оның ішінде қантпен өзін-өзі толық қамтамасыз ету», деді А.Рау.
Бұдан кейін Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев баяндама жасады. Оның келтірген деректеріне сәйкес кейінгі 3 жылда көкөніс дақылдарының егіс алаңы 10,5 мың гектарға ұлғайды. Осылайша, жалпы көлемі 169,7 мың гектарды құрап отыр. Соның ішінде сәбіз алқабы 1,0 мың гектарға, қияр алаңы 2,1 мың гектарға, пияз 4,5 мың гектарға ұлғайды.
«Көрсетілген кезеңде көкөніс дақылдарының орташа өнімділігі артты. Мәселен, 2019 жылы 260,5 ц/га өнім түссе, 2022 жылы 271,4 ц/га көбейді. Өз кезегінде көкөніс дақылдарының жалпы өнімі 653 мың тоннаға ұлғайып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 4,8 млн тоннаны құрады. Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар дақылдардың жалпы түсімі артты. Пияз 187,8 мың тоннаға (1 114,0 мың тонна), сәбіз түсімі 17,2 мың тонна (621,4 мың тонна), қияр 74,1 мың тонна (568,7 мың тонна), қызанақ 10,7 мың тонна (801,2 мың тонна) болды. Картоп өндіру бойынша да жағдай осындай. Кейінгі үш жылда егіс алаңы 7,6 мың гектарға ұлғайды. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 198,9 мың гектарды құрады. Өнімділік 203,4 ц/га-дан 205,3 ц/га-ға дейін артты. Жалпы, алым 168,4 мың тоннаға ұлғайып, 4,1 млн тоннаға жетті», деді Е.Қарашөкеев.
Министрдің айтуынша, биыл көкөніс дақылдары 173,5 мың гектарға, картоп 197,6 мың гектарға егілген. Бұл ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті. Маусымаралық кезеңде халықты өніммен қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданған екен. Біріншіден, жыл сайын ерте пісіп-жетілетін дақылдардың алаңы ұлғайып келеді. Екіншіден, жылыжайда өсірілетін көкөністерді жеткілікті мөлшерде өндіруге басымдық беріледі.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша жылыжайлардың алаңы 1,2 мың гектарды құрады. Жылыжайда өсірілетін қызанақ пен қиярдың жалпы өнімі 177,5 мың тоннаға жетті. Кейінгі үш жылда өнеркәсіптік жылыжайлардың алаңы 31,7 гектарға ұлғайып, 2022 жылдың қорытындысы бойынша 218,9 гектарға теңесті», деді Е.Қарашөкеев.
Бұдан бөлек, сала басшысы жылыжайға қатысты өзекті мәселелерді атап өтті. Мәселен, фермерлік жылыжайлар алаңының төмендеуі байқалады, соңғы 3 жыл ішінде 62 гектарға төмендеген. Сондай-ақ көмірмен қамтамасыз ету мәселесі туындаған.
«Көкөністер мен жемістерді сақтайтын қажетті инфрақұрылым құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп, іске асырылады. 2021-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде жоспардағы жалпы қуаттылығы 181,5 мың тонналық 36 жобаның орнына жалпы сақтау көлемі 200,8 мың тонна болатын 37 жоба іске асырылды, яғни жоспар 110 пайызға орындалды», деді Е.Қарашөкеев.
Сонымен қатар министр бау-бақша шаруашылығының жай-күйін баяндады. Оның айтуынша, нарықты алмамен толық қамтамасыз ету көзделген. Осы бағытта 2014 жылдан бастап инвестициялық субсидиялар енгізіле отырып, өнеркәсіптік алма бақтарының алаңы 21,7 мың гектардан 28,9 мың гектарға дейін өскен. Ал ұйымдасқан шаруашылықтардағы жалпы өнім 92 мың тоннадан 205 мың тоннаға жеткен.
«Жалпы, аталған кезеңде барлық алма бағының алаңы 30,3 мың гектардан 35,7 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Жалпы өнім 157 мың тоннадан 267,9 мың тоннаға дейін артты. 2024 жылға қарай алманың жалпы өнімі 352,5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді», деді Е.Қарашөкеев.
Бұдан бөлек, көшет және тұқымдарға қатысты мәліметпен бөлісті. Осы орайда, ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытудың 2024-2028 жылға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленгенін атап өтті. Сондай-ақ суды үнемдеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
«2022 жылы су үнемдеу технологиялары қолданылатын жерлер 21 мың гектарға ұлғайтылды, нақты орындалуы 105 пайызды құрады. Биыл мұндай жерлердің аумағын 300 мың гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ал 2030 жылға қарай алаңдар 750 мың гектарға дейін жетеді», деді Е.Қарашөкеев.
Бұдан бөлек, сала басшысы қант өндірісін дамыту шараларына тоқталды. Кейінгі бес жылда қант қызылшасының орташа жалпы өнімі 450,0 мың тоннаны құраған. Сондай-ақ 2026 жылға қарай егіс алаңын оңтүстік өңірлерде 38 мың гектарға дейін ұлғайту көзделген. Осылайша, импорт көлемі 17 пайызға дейін азаюға тиіс.
«Фермерлерді қолдау және фермерлер үшін оны өндірудің рентабельділігін арттыру мақсатында биыл қант қызылшасын сатып алу бағасы, сондай-ақ субсидия мөлшері ұлғайтылды. Мәселен, қант зауыттары тоннасына 15 мың теңге, ал мемлекет 25 мың теңге субсидия төлейді. Бұдан басқа, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі жұмыс шеңберінде қызылша жинайтын комбайндарды, сепкіштер мен сабақкескіштерді сатып алуға өтемақы нормативін 50 пайызға дейін арттыру мәселесі пысықталып жатыр», деді Е.Қарашөкеев.
Бұдан кейін сөз алған Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев салаға қатысты бірқатар мәселені атап көрсетті. Депутаттың айтуынша, орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың осы бағыттағы салааралық іс-әрекеттері үйлесімсіз әрі тиімсіз жұмыс істейді.
«Экология министрлігі – сумен қамту, Энергетика министрлігі – энергия тасымалдағышарды уақтылы жеткізу және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерді қолдайтын тарифтер, Сауда министрлігі – импорт және экспорт, сауда желілерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ортақ шешім қабылдамайды. Әкімдіктер әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тиімді жұмысын және бірінші кезекте ауылда сервистік-дайындау желілерін ұйымдастыруды дұрыс жолға қоймаған. Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалардың мүддесін қорғайтын және мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіретін ықпалды орган бола алмай отыр», деді С.Егізбаев.
Депутаттың айтуынша, статисканың анық әрі дәл болмауы Үкімет қабылдаған шаралардың тиімділігін жоққа шығарады. Бұл бүкіл ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі проблемаға айналғанын атап өтті.
«Статистикалық деректер саладағы нақты ахуалды, істің мән-жайын көрсетпейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты статистикада асыра сілтеушілік бар. Мұндай жағдайға әкімдіктер қызметін бағалаудың нәтижесінде олардың арасында көп жылдан бері қалыптасқан өзара жасырын бәсекелестік ықпал етіп отыр. Жергілікті атқарушы органдардың қызметіне осылай баға беруден бас тартып, жұмыс тиімділігін бағалаудың басқа әдістеріне көшкен дұрыс. Үкімет статистикалық деректердің анықтығын қамтамасыз ету үшін мәліметтерді жинау мен есепке алу жолдарын қайта қарау қажет деп есептейміз», деді С.Егізбаев.
Сондай-ақ депутат ауыл шаруашылығын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан, саладағы түйткілді мәселе көп екенін атап өтті. Мәселен, әлі күнге көшеттерді сырттан импорттаймыз. Тыңайтқыштар да негізінен шетелден тасымалданады. Оның үстіне, шетелден әкелінген тауарлардың кейбірі карантин талаптарына сай емес. Депутат қант бойынша да жағдай күрделі екенін атап өтті.
«Үкімет 2022 жылы жалпы бюджеті 495 млрд теңге болатын қант саласын дамытудың кешенді жоспарын қабылдады. Былтыр 3,6 млрд теңге көлемінде субсидия игерілді, биыл 14,1 млрд теңге бөлінді. Алайда осындай қомақты мемлекеттік қолдауға қарамастан, даму үрдісі теріс динамиканы көрсетіп отыр. Мысалға, 2020 жылы отандық шикізат негізінде ішкі сұраныстың 9 пайызы қамтамасыз етілсе, 2021 жылы – 7 пайыз, ал 2022 жылы 6 пайызға дейін төмендеді. Парадокс: ақшаны көбірек игереміз, өнімді азырақ аламыз», деді С.Егізбаев.
Жиында көтерілген мәселелер бойынша ұсыным әзірленіп, Үкіметке жолданады.