Ел арасында міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына қатысты сын-пікір айтылып жүр. Оның дені сақтандыру пакетіндегі медициналық көмектің қолжетімділігіне қатысты қордаланған түйткілдер. «Ақ жол» демократиялық партиясында өткен дөңгелек үстелде Медициналық сақтандыру қорына қатысты көптің көкейінде жүрген мәселе қаралды.
Дөңгелек үстелге Парламент Мәжілісінің депутаттары, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Сәбит Ахметов, Денсаулық сақтау, Қаржы министрлігі, жекеменшік медициналық клиникалардың және олардың салалық бірлестіктерінің басшылары, медициналық қауымдастық өкілдері қатысты. Алдымен біз дөңгелек үстелдің мақсат-міндеті жайында «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтан сұрап білген едік.
– Медициналық сақтандыру қорына қатысты халықтан, оның ішінде жұмыс берушілерден партияға наразылық түсіп жатыр. Тіпті бірер ай жұмысы тоқтап, төлем жасамаған пациенттердің арасында сақтандыру пакетіндегі тиісті көмекті толық алмағандар бар екен. Бейінді мамандарға қаралу қиын. Партияға жекеменшік медициналық клиникалардан да арыз-шағым көп түседі. Олардың айтуынша, медициналық сақтандыру қорының мемлекеттік және жекеменшік ауруханаларға көзқарасы екі бөлек. Бұл – дұрыс емес. Себебі Конституция бойынша мемлекеттік және жекеменшік қызметтің құзыры тең. Біздің ойымызша, осы медициналық сақтандыруды нағыз нарықтық жолға салуымыз керек. Өйткені әрбір адам өзінің денсаулығына өзі жауапты. Мұнда әркім жеке төлемдерін дербес шотына жинағаны тиімдірек. Сондай-ақ пациент қай емханаға, қандай дәрігерге қаралатынын өзі шешуге тиіс, дейді Азат Перуашев.
Осыдан соң, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы Сәбит Ахметов МӘМС-ті үйлестірудегі мақсат-міндеттермен қоса кедергілерді жіпке тізіп баяндады.
– Түсініктірек болу үшін МӘМС жүйесін енгізу идеясы неден басталғанын, қазір қандай іс-шараларды іске асырып, қай бағытта дамып жатқанымызды хабарлайын. МӘМС-ті енгізу бойынша жұмыс 2015 жылы басталды. Медициналық сақтандырудың пакетін кезең-кезеңімен енгізу арқылы мемлекетке, бюджетке артық салмақ салмау көзделді. Бірақ іс жүзінде барлығы басқаша өрбіді. Бюджетке салмақ көбірек түсті. Қаржыландыру артты. Бізде МӘМС жүйесінен кейінгі жетістіктер бар. Жоғары технологиялық операцияларға, диагностика, оңалтуға бөлінетін қаржы артты. Сонымен қатар дәрігерлер мен орта буын мамандардың жалақысы өсті. Бұдан басқа да тиімді тұстары баршылық. Қазір МӘМС-ті дамытудың алуан нұсқалары талқыланып жатыр. Негізі МӘМС-ті енгізерде Германия, Еуропа тәжірибелері ескерілген. Бұл жүйенің бағасын қазір бере алмаймыз. Өйткені медициналық сақтандыру кешегі пандемияда ғана нақты іске аса бастады. Санаулы жылда МӘМС туралы біржақты шешім шығару ерте секілді. Себебі жүйе өзінің әлеуетін әлі толық көрсете алмады. Ал еуропалықтардың сақтандыру қоры бойынша ондаған, жүздеген жылдық тәжірибесі бар, деген Сәбит Ахметов МӘМС жүйесіндегі бұдан өзге де мәселелерді қаузады. Соның ішінде МӘМС-ті цифрландыруға қатысты кемшілік қамтылды. Ол сөзін түйіндей келе жекеменшік және мемлекеттік емханалардың арасында бәсекелестік артса, мұндай оң өзгеріс медициналық көмектің сапасына әсер ететінін айтты.
Басқосуға қатысқан жұмыс берушілер қордың бюджеті мен қаржылық ағындарын жария етіп, әрбір қатысушының жеке жинақтарын сақтауды ұсынды. Әрине, осы тұста медициналық көмектің сапасы, ұзын-сонар кезекте сөз болды. Тоқсан ауыз сөзді түйіндей келе «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев алда МӘМС бойынша тағы да кездесу өткізіп, мәселені талқылауға жеке емханалар мен бизнес өкілдерін шақыруға дайын екенін жеткізді.