Қазақ киносының бүгінгі деңгейіне қандай да бір анықтама беріп, артық-ауыс сөз айтып, яки зерттеу жүргізудің қажеті жоқ. Үйіңіздегі көгілдір экранды қоса қойсаңыз, бәрі ап-анық көрініп тұр. Отандық сериалдарды қарап отырып, еріксіз күлкің келеді (сеніңіз, бұл әжуа күлкі емес, күйініші көп күлкі): арзан сценарий, жасанды ойын, құлаққа түрпідей тиетін қазақша. Ұлт зиялыларының өзгерген образы тіптен бөлек әңгіме. Ал тарихи киноларда алқақотан отырған, домбыра тартқан, қымыз ішкен, атқа қонған байырғы қазақты ғана танимыз.
Кино өнеріндегі мың-сан мәселе қоғамға таңсық емес. Күні кеше өткен Ұлттық құрылтайда ел Президенті де бұл тақырыпқа айрықша тоқталды. «Кино мамандары пайда табу үшін өте арзан фильмдер түсіруге мәжбүр. Сондықтан құны арзан, мазмұны арзан фильмдер пайда болуда. Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек. Мысалы, киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуге болады. Мәдениет және спорт министрлігіне жуық арада осы жүйені дайындап, қолданысқа енгізуді тапсырамын. Шынын айтуымыз керек, соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Иә, кейінгі жылдары тарихи тұлғалар өміріне арналған телесериал көп түсірілді: «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін», «Міржақып. Оян, қазақ!». Яғни тарихи киноларды телеарналар түсіретін үрдіс белең алды. Зерттеп қарасақ, кинофильм мен телефильмнің көркемдік жағынан да, сапалық тұрғысынан да айырмашылығы көп, екеуі екі түрлі туынды. Телевизиялық форматқа лайықталған кез келген кино тек сол шеңберге сыяды. Сол деңгейде түсіріледі. Ал бұл сападағы фильмдер аз қаражатқа түсірілген соң көркем туындының үдесінен шыға алмай жатады. Бұрнағы заманды тірілтуге керекті образдарды жасауға қажет дүниелерді жаңғырту қомақты қаржыны талап ететіні заңды. «Жоспар үшін», «бөлінген қаржыны игеру үшін қысқа уақытта» түсірілген туындыдан көркемдік іздеудің өзі әбестік пе дейсің.
Кино, ең алдымен өнер. Өнерге өнер тұрғысынан қарағанда, ол әрқашан биік һәм таза. Содан болар, көркем фильмге қойылар талап та жоғары. Жұмсалар қуат та, еңбек те, уақыт та, қаржы да орасан. Десек те қазір эстетикалық ләззат алатын сапалы фильмдердің түсірілмей жатқанына әсер етуші фактор көп: науқаншылдық, уақыт, қаражат, талғам, білім, шеберлік.
Кейінгі жылдары «Кино туралы» заңның аясында құрылған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен көптеген фильм түсірілді. Атап айтсақ, 2019 жылдан бері 115 жобаны қолдады, оның ішінде 48-і – толықметражды көркем фильм, 29-ы – деректі фильм, 25-і – қысқаметражды фильм және 13-і – анимациялық фильм. Бүгінде 2022 жылға дейін мемлекеттік қаржыландыруды алған 83 фильмнің өндірісі аяқталған. Ал 20 жоба әлі түсіріліп жатыр. Киноорталықтың бір игілігі, кез келген жеке продакшндер өзінің шығармасын ұсына алады. Ал бұрын мемлекеттік бюджеттің қаржысы тек «Қазақфильмге» түсетін, яғни оған жеке студиялар қатыса алмайтын. Мұнда бәрі өз жұмысын ұсына алатындықтан, бәсеке жоғары. Бірақ сол көптің арасынан асылды тауып, өткізу жағы қиынға соғып тұр. Оған қоса Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы тек өндіріске мән беретіндіктен, оның редакторлық, көркемдік, ұлттық бояуы солғын ба, қанық па, шынымен де ұлттық дүниеге жата ма, оған мән бермейді. Мәселен, былтыр іріктеуден өткен мемлекеттен қаржылай қолдау алатын 62 жобаның 35-і – мемлекеттік тілде жазылып, мемлекеттік тілде түсірілетін фильм. Өзгесі – орыс тілінде түсіріліп, содан кейін ғана мемлекеттік тілде дыбысталады. Қоғамда аталған орталыққа қатысты бұдан өзге де даулы пікірлер жетерлік. Әлқисса. Президент тапсырмасынан соң кино өндірісінде жыл келгендей бір жаңалық сезілер дейміз.