Жақында Мәскеуде өткен ІІ Еуразиялық экономикалық форумда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Одақ тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды. Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады. Біз үшін 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие», деп Еуразиялық экономикалық одақтың тек экономикалық сипат алатындығын баса айтты. «Ал бізге, яғни Қазақстанның қарапайым халқына, осы Еуразиялық экономикалық одақ дегеннің қажеті бар ма?» деген сұрақ үнемі мазалайды. Енді хал-қадерімізше осы сұраққа жауап іздеп көрелік.
Тәуелсіз Қазақстан дипломатиясының отыз жылдан аса тарихына көз жіберсек, ел билігі барынша икемді, көпвекторлы саясат ұстанғандығымен ерекшеленеді. Бұл дипломатиялық бағыттың табысты болғандығын ашық мойындауға тиіспіз. Мұнда ядролық қарудан бас тарту шарты аясында әлемдегі алпауыт елдердің Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына кепілдік берген 1994 жылғы ядролық державалардың Будапешт меморандумына қол қойылды. Одан соң, 2015 жылы арнайы хаттамамен рәсімделген ядролық клубтың бес державасынан қауіпсіздік кепілдігін алды. Осылайша, еліміз қауіпсіздіктің қосарланған кепілдемесіне ие болды. Бірақ Украинаның бүгінгі тағдыры ондай қағаз жүзіндегі кепілдіктердің нақты өмірде жұмыс істемейтіндігін көрсетті. Қазақ дипломатиясының тағы бір үлкен табысы барлық көрші елдермен, әсіресе алып көршілерімен шекараны түпкілікті айқындау болды. Өткен отыз жылда Қазақстан билігі дипломатиялық саясатта икемділік танытқанымен, «ұлы көршілер ренжіп қалмасын» деп шамадан тыс жалтақтық танытқандығын да айтуға тиіспіз. Және сол көршілердің қас-қабағын бағудың кесірінен Кеден одағы, Еуразиялық экономикалық одақ қатарлы болашағы бұлыңғыр, саяси жақтан қауіпті одақтарға оп-оңай кіріп кеттік.
«Қытай реформасының бас жобалаушысы» атанған Дэн Сияопиннің «Қарсыласу – достықтан, одақтасу – елдіктен айырады» деген аталы сөзі бар. Аталған одақтарға кірудің қате болғандығын кесіп айтуға болғандығын ондаған жылға созылған одақ аясындағы экономикалық және саяси өмірдің өзі дәлелдеп берді. Ұлы саясаткердің осы тұжырымы бұдан кейін де еліміз үшін өзекті болып қала береді. Енді қазақ дипломатиясының қате қадамы болған аталған одақтың бізге бергені мен береріне тоқталайық.
2010 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Ресей, Беларусь, Қазақстан бірыңғай Кеден одағын құрып, экономикалық ықпалдастықты арттыра түсуге бағытталған алғашқы қадамын жасады. Сол кездегі одақ шартына қол қоюшылардың өз халықтарына айтқан уәждері мен тәтті қиялдары бойынша біз, қазақстандықтар, өз өнімдерімізді 170 млн адам тұратын алып нарыққа еркін саудалай алатындай мүмкіндікке ие болыппыз. Былай қарағанда, одақ шартына қол қоюшылардың уәждері тыңдар құлаққа қисынды сияқты. Мысалы, Қазақстан белгілі бір тауарын сонау Балтық елдеріне жеткізбекші болса, бірлескен кедендік одақ сынды әріптестік болмаса, тауардың әр мемлекеттің аумағынан өткізу үшін бірнеше өткелектен өтіп, баж салығын әлденеше рет салуға тура келеді екен. Осыдан келіп тауардың бағасы алғашқы өндіруші елдерден үшінші елдерге жеткенге дейін әлденеше рет қымбаттап, бәсекеге мүлде қабілетсіз болып қалады. Теориялық тұрғыдан бұл еліміз үшін өңдеуші өнеркәсіптің экспорттық саланың өсуіне серпін болуы керек. Бірақ Қазақстан билігі сол нарыққа қандай дайын өнімдер сата аламын деген мәселеге бас қатырған жоқ. Кәсіби сарапшыларды да тыңдап жарытпады. Биліктегілер сарапшыларды тыңдамаса бір сәрі, бірақ өмір шындығына тура қарауға тиіс еді. Қазақстанның Кеден одағы елдері бойынша әріптестерімен сыртқы сауда айналымының артуы импорттың экспорттан асып түсуіне әкеліп соқтырды. Алайда оған кінәлі тек Кеден одағы емес, ресейлік экономика ауқымы мен отандық кәсіпорындардың төмен бәсекелестігі. Мәселен, статистикалық агенттіктің ақпарынша, егер Қазақстанның Кеден одағы елдерінің әріптестерімен саудасы 2012 жылы 2011 жылмен салыстырғанда 1,4%-ға артып, 24,2 млрд долларға жетсе, бұл ретте экспорт 5,9%-ға төмендеп, 5,9 млрд долларды құраған, ал импорт 4%-ға артып, 18,3 млрд долларды құраған. Сонда Қазақстанның Беларусь және Ресеймен саудадағы кері сальдосы 12,4 млрд долларға жеткенін есептеу қиын емес. Демек біз осы Кеден одағындағы әріптестерімізге бір-ақ жылда 12,4 млрд долларды өз қалтамыздан санап бердік деген сөз.
Ресейдің Қазақстанмен тауар айналымында бірінші орында болып келгені құпия емес, әрине. Алайда Кремльдің интеграциялық қорында Қазақстанның сыртқы саудадағы Ресей Федерациясындағы үлесі сол жылдары барынша төмендеп кеткендігін байқауға болады. 2010 жылы 19,2%-ға жетсе, 2011 жылы 18,9%-ға қысқарған, бір жылдан кейін 17,4%-ға қысқарған, 2013 жылдың қорытындысы бойынша 17,9%-ға аздап көтерілген. Тек 2013 жылы ресейлік импорт 2012 жылмен салыстырғанда 4,3%-ға өсіп, 17,7 млрд долларды құраған, бұл ретте Ресейге қазақстандық экспорт 5,4%-ға түсіп, 5,8 млрд долларды құраған. Осылайша, Қазақстан мен Ресей саудасындағы кері сальдо 11,9 млрд долларға жетті.
2012 жылы да Ресейге кеткен қазақстандық экспорттың 12,3%-ға төмендегені байқалған, ал ол елден келген импорт 10,6%-ға артқан. Бұл ретте Қазақстан Ресейге негізінен «минералды өнімдерді» (41,1%), «металдар мен олардан жасалған бұйымдарды» (24,2%), «химия өнеркәсібінің өнімдері, каучук» (14,1%), «машина, құралдар мен транспорттық құралдарды» (10,3%) экспорттайды.
Бұл ретте Ресейден келетін қазақстандық импорттағы «минералды өнімдер» үлесі төмендеу 29%-ды құрайды, есесіне «машина, құралдар мен транспорттық құралдар» үлесі 23,7%-ға жетеді. Ал ол елден келетін импорттың тағы 15,6%-ын «металдар мен одан жасалатын бұйымдар» құрайды, 11,2%-ын «химия өнеркәсібінің өнімі, каучук» құрайды.
Бірақ біздің билік осыншама көзге ұрып тұрған сауданың кері сальдосына қарамастан, Кеден одағынан үмітін үзбеді. Тіпті 2014 жылдың 29 мамырында «Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарт» деп аталатын келісім жобасын заң жүзінде мақұлдап жіберді. Сол кездегі ел басшысының бағалауынша, жаңа экономикалық одақтың тағы бір пайдасы Қазақстандық экономикаға шетелдік инвестицияның қосымша ағыны және біріккен кәсіпорындар құруға мол мүмкіндік туады деп ойлады. Себебі Қазақстандағы қолданыстағы заңнамалар Ресей және Беларусь елдеріне қарағанда икемді және салықтық жүктемелері аз еді. Сол себепті Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай нарығына Қазақстан айқара ашылған терезе болады деп армандады.
Аталған мақсатқа жету үшін Қазақстан билігі инвесторларға бағыттаған өз заңнамаларын одан әрі ізгілендіре түсу үшін «Инвестициялық климатты жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жедел түрде әзірлеп, қабылдап жіберді. Аталған заңнамалық өзгерістерге Қазақстан тарапы 2014 жылдың 12 маусымында қол қойып үлгерді. Еске салсақ, құжатта 10 жылға корпоративтік табыс және жер салығынан босату, 8 жылға Қазақстандағы экономиканың әлеуетті секторы үшін қаржы салуға дайын инвесторларды мүлік салығынан босату қарастырылған. Бұл ретте нысандарды пайдалануға бергеннен кейін мемлекет капиталдық шығындардың 30%-ын өтейді және инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында және оны іске қосқаннан кейінгі бір жыл ішінде ешқандай шектеусіз шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат етеді. Оған қоса, инвесторларға салық режімінің тұрақтылығына кепілдік беріледі. Бір таңғаларлығы, инвесторларға осыншалық жеңілдіктер берілгеніне қарамастан, біздің өңдеуші өнеркәсіпке қаржы құятын инвесторлар біз армандағандай ағылып келе қоймады. Ресми статистикалық мәліметтерге жүгінсек, өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция 2015 жылы – 1,873 млрд доллар, 2016 жылы – 1,423 млрд доллар, 2017 жылы – 3,009 млрд доллар, 2018 жылы – 3,625 млрд доллар, 2019 жылы – 2,615 млрд доллар, 2020 жылы – 2,577 млрд доллар, 2021 жылы 3,638 млрд долларды құрады. Бұл сандық мәліметтерден шығатын қорытынды. Еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа қосылғалы бері қанша тыраштанғанымызбен, дайын өнімдерді шығаратын өңдеуші өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестиция көңіл көншітпейді. Жеті жылда сонша жалаулатып жүріп өңдеуші өнеркәсіпке тартқан инвестициямыздың жалпы сомасы осы екен. Бірде көп, бірде аз дегендей. Ал Қазақстан билігі ондаған миллиард долларды бюджеттің жыртығын жамау үшін ұлттық қордан суырып алып бір-ақ жылда жұмсап жібереді.
Әрине, мәселе салықтық жеңілдіктерде ғана тұрған жоқ. Инвесторларды ең басты қызықтыратыны – заң салтанат құратын кемелді, орнықты, демократиялық саяси жүйе. Ал ескі Қазақстандағы саяси жүйеміздің қандай болғаны бәрімізге түсінікті. Сол себепті ел билігі экономиканы әртараптандыру туралы қанша айтқанымен, экономиканың негізгі бөлігі шикізаттық сипатта болып қала берді. Осының кесірінен біз одақ көлеміндегі елдермен сауда-саттықта импорт пен экспорттың өз теңгерімінен айырылуы себепті ұлттық валюта жыл өткен сайын құнсыздана берді. Қорыта айтқанда, отандық бизнес біртұтас нарықта сауда әріптесіміз Ресеймен, тіпті Беларусьтің өзімен бәсекеге дайын болмай шықтық. Қазақстан жыл өткен сайын оларға өз позициясын беріп отырды. Егер Еуразиялық экономикалық одақтан тез арада бас тартпайтын болсақ, экономикалық қауіп-қатер өсе береді, ұлттық валютаның күрт құнсыздану қаупінен ешқашан арылмаймыз.
Өңдеу өнеркәсібіне байланысты мәселеде бар кінәні Еуразиялық экономикалық одаққа артып қоюдан аулақпыз. Бүгінгі күнде Қазақстан экономикасы шикізаттық салаға толығымен тәуелді. Табиғат Қазақстанға қазба байлықтарды жомарттықпен сыйлаған. Осындай әлеуетімізді толық пайдаланып, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға мүмкіндігіміз зор еді. Бірақ саяси жүйенің мешеулігі, жемқорлық деңгейінің тым жоғарылығы, тәуелсіз соттардың жоқтығы, мемлекеттік реттеу деңгейінің төмендігі, экономика мен саясаттағы монополиялық үрдістер, оған қоса мемлекеттің инвестициялық климатты жақсартуға деген ұмтылыстың қарабайырлығы, инфрақұрылымдық проблемалар, экономикалық дамудың базалық шарттары әлемдік нарықта отандық кәсіпорындарды бәсекеге қабілетсіз етеді. Осыған қарамастан ел билігі Еуразиялық экономикалық одақтан бас тартуға тәуекел ете алмай отыр.
Бұл – мәселенің экономикалық жағы ғана. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан еш пайда таппағаны былай тұрсын, бұл одақ Қазақстанды Ресейге белгілі бір деңгейде байлап-матап бергенімен, парапар тірлік болды. Соның кесірінен Ресей азаматтары Қазақстанға ешқандай шектеулерсіз кіріп, еңбек нарығындағы жағдайды күн өткен сайын күрделендіріп жатыр. Өткен жылдың аяғында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испановтың келтірген дерегіне сүйенсек, ішінара мобилизация жарияланғаннан бері Қазақстанға 837 мың адам келіп, 780 мың адам кеткен. Бүгінгі таңда елімізде түрлі себеппен 298 мыңға жуық ресейлік жүр. Оның ішінде 30 мың адам келісімшартқа сәйкес жұмыс істейді, соның негізінде уақытша тұруға тіркелген. Елімізде 20 мыңға жуық студент оқиды екен. Ал осындай фактілерге қарамастан біздегі ұлттық патриоттар визасыз режімнің кесірінен қытайлар қаптап кететін болды деп шу көтерумен жүр.
Біздегі Парламент «Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдаған кезде обал-сауабына онша мән бермегенге ұқсайды. Аталған заңның бірінші бабының бірінші тармағы былай басталады: «Тараптар осы Шартпен Еуразиялық экономикалық одақты (бұдан әрі – Одақ, ЕАЭО) құрады, оның шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысы, осы Шартпен және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттармен айқындалған экономика салаларында үйлестірілген, келісілген немесе бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі». Енді дәл осы жерде «жұмыс күшінің еркін қозғалысы» деген ұғым бар. Заңда белгіленген осы мүмкіндікті пайдалана отырып, күні бүгінге дейін жүз мыңдаған ресейлік есігімізді теуіп кіріп, оның соңғы екі айда он жеті мыңы елімізде уақытша тұруға рұқсат алып үлгеріпті. Ресейге салынатын санкциялар жуық арада алынбайтын болса, алдағы уақытта жағдай одан бетер күрделене береді.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың кіріспесі «2011 жылғы 18 қарашадағы Еуразиялық экономикалық интеграция туралы декларацияны негізге ала отырып, мемлекеттердің егемендік теңдігі қағидатын, адам және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі қағидатын сөзсіз сақтау қажеттігін басшылыққа ала отырып...» деп басталады. Әрине, өте әдемі, халықаралық шарттардың нормалары сақталған сияқты. Ал ол іс жүзінде қалай жұмыс істейді? Енді осыған тоқталайық.
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 10-бабының 1-тармағында «1. Жоғары кеңес Одақтың жоғары органы болып табылады. 2. Жоғары кеңестің құрамына мүше мемлекеттердің басшылары не, егер өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес оларға Жоғары кеңестің құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде шешімдер қабылдауға өкілеттіктер берілсе, мүше мемлекеттердің үкіметтері басшылары кіреді» делінген. Демек ең негізгі мәселені Жоғары кеңес шешеді. Кеңеске қатысатындар одаққа мүше елдердің ең жоғары басшылары. Одақты құрған алғашқы үш мемлекеттің үшеуінің басшысы да әлемге аты мәшһүр авторитарлы билеушілер болды. Біздің сорымыз да дәл осы жерден бастау алады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың көптеген шикі тұсы ескі қожайындарына белгілі деңгейде тәуелді басшылардың табансыздығынан туындап отыр. Шартпен толық танысып шыққан адам шарттағы шикіліктерден сүрініп жығылады. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты мұқият талдау бір мақаланың жүгі емес.
Әлина Болатбек,
Әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университеті
шығыстану факультетінің докторанты