• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Маусым, 2023

Ұлттық болмысты тану

1681 рет
көрсетілді

Мақаланы көрнекті ғалым әрі саяхатшы Шоқан Уәлихановтың қазақтың шежірелік мұрасына қатысты ойымен бастауды жөн көріп отырмын: «Бұл дастан-шежіренің барлығы – ішіндегі айтылып отырған оқиға, мақал-мәтелі, халық әдеті қазақ халқының өткен тарихи және рухани өмірін суреттейді, қазақ тарихын жазу, оның шығу тегін анықтау үшін таптырмайтын тарихи дерек». Бүгінде бұл сөздердің мәні мен мағынасы арта түсті.

Шежіре – ғылым тұрғысынан өте кешенді әрі терең ұғым. Генетик ғалым ретінде шежірені зерттеуді заманауи ғылым деңгейіне шы­ғаруда тарихшы, археолог, антро­полог, биоинформатик ғалым әріп­тестеріммен бірге он жылдай ең­бектеніп келемін. Осы орайда аса маңызды әрі қызықты зерттеу нәтижелерін көпшілікке жария ету орынды деп есептеймін.

Генетикалық зерттеулеріміз ше­жіренің астарында миф жатпа­ғанын, оның көп дерегі тарихи шын­дыққа жанасатынын дәлел­деді. Қазақ руларының негізін қа­лау­шы аталардың көпшілігі гене­тикалық шығу тегі жағынан Жошы ұлысы хандарының әмірлері мен бектерінен бастау алатыны айқын­далды. Бірақ генетикалық тамыр одан да терең екенін көрсетеді. Бұл аталардың арғы тегі Еуразия­ның әртүрлі халықтарымен туыс­тығын байқатты. Әрине, Орталық Азия ұлы тарихи көші-қонның тоғысқан жерінде орналысқан. Со­ның нәтижесінде қалыптас­қан генетикалық әртүрлілік бүгінде Орталық Азия халықтарының бо­йында сақталған. Ол біздің ортақ тегімізді айқындайды әрі ортақ мәдени мұрамыздың белгісі болып саналады.

Сонымен қатар шежіре жеті атамен шектелмейді. Арғы әже­леріміздің есімдері дәстүр­лі шежі­реде қамтылмаса да, олардың ге­не­тикасы біздің бойымызда сақ­­­таулы және сол арқылы біз әлем­­­нің әр түпкірімен генети­ка­лық туыстығымыздың бар еке­нін байқаймыз. Жалпы алғанда, же­тінші ұрпақ бойында 128 ата-әже­нің генетикасы бар. Қазақтың жа­қыннан қыз алыспау дәстүрін ескере отырып, 128 ата-әже әртүрлі ру-тайпалардан тұрғаны күмән жоқ. Генетикалық зерттеулер оны анық көрсетеді: солтүстікте не оң­түстікте, шығыста не батыс­та, болмаса орталықта тұратын қа­зақ қандай ру-тайпадан шықса да ге­номдық тұрғыдан араларын­да ешқандай айырмашылығы жоқ – біртекті генофонд және оның біртұтас генетикалық қауым­дас­тық ретінде қалыптасып бітуі Ұлы Жошы ұлысы және Қазақ хан­дығының құрылу кезеңімен тура келеді. Ал генетикалық тұрғы­дан қазақтың қалыптаса бастауы ерте заманнан басталады. Ол архео­ло­гиялық қазбалардан шығатын сүйектерде сақталған көне ДНҚ зерттеулерінен белгілі. Мысалы, шығыс скифтер қорғанындағы сүйектерден алынған көне ДНҚ олардың қыпшақ тілдес халық­тарымен генетикалық сабақ­тас­тығын көрсетті. Еліміздің сол­­түстігінде ораналасқан энео­лит дәуірінің Ботай тұрағынан та­был­ған адам сүйегінің әке жақтан генетикасы бүгінде қазақ популяциясында кездеседі.

Бұл тың ғылыми жаңалықтарға қол жеткізу соңғы бес жылдықта мүмкіндік арта түсті. 2019 жылы білім және ғылым саласына ар­налған тамыз конференциясында мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында тұрып, ғылыми қауымның мұң-мұқта­жын, талап-тілегін жеткізген едім. Содан бері Президенттің тікелей қолдауымен ғылымда көп мәселе шешіліп келеді: қаржыландыру үш есе артты, соның ішінде ірге­лі ғылым ошақтарына тікелей қар­жы беріле бастады, же­текші ғалымдарға тұрақты жала­қы бөлінді, гранттарға конкурс үш жылда бір рет емес, жыл сайын­ жарияланатын болды, соның ішінде жас ғалымдарға арнайы гранттар қарастырылды, шетелде үздік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге жыл са­йын 500 ғалымға мүмкіндік беріледі. Ұлттық ғылым академиясы­ның мәртебесі жоғарылап, Прези­дент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес жұмысын бастады. Бірақ кейбір міндеттер әлі жүйелі түрде орындалған жоқ. Мемлекеттік бас­қарудағы бюрократия мен біт­пейтін келісімдерді жинау көп­теген игі бастаманың тежегіші бо­лып отыр. Бүгінгі заман тала­бы мәселелерді жедел шешу үшін барлық деңгейде өкілеттілік пен жауап­кершілікті арттыру керек, әсіресе ғылым саласында. Қар­қынды дамып келе жатқан әлемдік ғы­лыми ойға біздің ғалымдар уақтылы ілесе отырып, серпінді зерттеу жүргізуге мүмкіндік жасау үшін ғылым саласындағы бірнеше мәселеге назар аударғым келеді.

Бірінші – 2022 жылы Прези­дент еліміздің барлық мемлекет­тік ғылыми мекемелері мен жоға­ры оқу орындарын Ғылым және жоғары білім министрлігіне беру мәселесін пысықтауды тапсырды. Наукометриялық сараптама бо­йынша негізінен Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзы­рындағы мекемелер Қазақстан­ның халықаралық ғылым рейтингі­сін көтеріп тұр: жоғары деңгей­дегі халықаралық жарияланым­дар­да шыққан ғылыми мақалалар саны басқа министірліктерге қарайтын ғылым ошақтарына қарағанда 150 есе көп, басқа ведомстволардың үлесі аз, ғылыми мекемелердің хал-ахуалы төмендеп кеткен. Елі­міздің бар ғылыми әлеуетін Ғы­лым және жоғары білім министр­лігіне шоғырландыру уақыт күт­тірмейтін өте орынды бастама. Соны іске асыру керек. Әр сала­ның ғалымдары осы шешімнің орын­далуын асыға күтіп жүр. Осы мәселе бойынша Мемлекет бас­шысына хат жолдаған ғалым­дар да бар. Бұл ғылым саласында бір­тұтас мемлекеттік саясатты қа­лып­тастыру үшін шынымен де аса қажет.

Екінші – Қазақстанның ғылыми көкжиегін кеңейтуге арналған пре­зиденттік бағдарламаны қабыл­дау қажет. Ол қазақ ғалымдарының адамзат табиғатын және әлемді танудағы халықаралық ғаламат жобаларға қатысуға және бастауға мүмкіндік береді. Ол үшін қазақ ғалымдарына зерттеу жүргізуде шетелдің ғалымдармен тең жағдай жасау керек. Тек сонда ғана біз бәсекеге түсе аламыз. Өкінішке қарай, елімізде ондай жағдай­ға жету үшін әлі бірталай уақыт пен дұрыс бағыттағы реформалар іске асуы қажет. Бірақ бүгін ғылымда жүрген жас ұрпақ өз әлеуетін жоғалтып алмас үшін осы бағдарлама аясында Қазақстан­ға аса қажетті әрі нақты нәтижесі бар ғылымның басым бағыттары бойынша әлемнің жетекші ғылы­ми орталықтарымен келісімге келіп, біздің ғалымдар сол жерде ұзақ мерзімге орналасатын отандық лабораториялардың филиалын ашу орынды шешім болар еді. Бұл ұсынысты қа­зір шетелде жүрген қазақтың да­рын­ды ғалымдарын тікелей қол­­даудан бастап, төңі­регіне отан­дық ғалымдарды топтастыру ар­қылы жақын арада іске асыруға болады. Ғалымдарға бөлінетін та­ғылымдаманың бір түрі ретінде үшжылдық ғылыми топтарға ар­налған тағылымдаманы ен­гіз­­ген дұрыс болар. Екінші жа­ғынан шетелдік жас талантты ға­лымдарды Қазақстанның ғылыми орталықтарына тартуға арналған постдокторантура бағдарламасы қажет. АҚШ, Германия, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдер осындай бағдарлама аясында өздері­не бүкіл әлемнен талантты жас ғалымдарды таратады. Сонымен қатар еліміздің ғылыми көкжиегін кеңейтуде Ұлыбритания, АҚШ және Жапония үлгісі бойынша Қазақстан елшіліктерінде ғылыми атташе лауазымын құрып, ғылыми дипломатияның кеңінен дамуына жол ашқан да абзал.

Үшінші – Ұлттық ғылым ака­демиясының қайтадан жоғары мәртебеге ие болуы дербес заң­ды форманы талап етеді. Кезін­де білім саласында тез арада халық­аралық деңгейдегі білім ошағын ашу мақсатында Назарбаев уни­верситетіне дербес білім беру ұйым формасы берілген болатын. Нәтижесінде, бүгінде еліміздің білім драйверіне айналып келе жатқан, түлектері бетке ұстар ме­кемені көріп тұрмыз. Осы тәжі­рибенің ең ұтымды жақтарын ала отырып Ұлттық ғылым ака­демиясының заңдық формасын дербес ғылым жүргізу ұйымы ре­тінде қабылдап, Назарбаев уни­верситетіне бөлінген қаражат ша­масындағы сома академияға бөлінсе жөн болар еді. Ол Ұлттық ғылым академиясының Қонаев қа­ла­сында заманауи ғылыми қа­л­а­шығын, жаңа ғылыми орталық­тарын салуға жұмсалғаны абзал. Бұл жерде келешек ғылыми сауат­ты ұрпақты, болашақ казақтан шығатын Нобель сыйлығының ­лауреаттарын тәрбиелеуге мүм­кіндік тумақ.

Төртінші – қазір мега грант­тардың қажеттілігі байқалып отыр. Бұл – дүние жүзінде бар оң тә­жі­рибе. Мұндай мега гранттар тек Қазақстанның мүддесі үшін жүргізілетін зерттеулер емес, ол адамзат баласының дауына ық­пал ететін жаһандық зерттеулер болуға тиіс. Міндетті түрде ха­лық­аралық жетекші ғылыми топ­тардың қатысуымен және отан­­дық жаңа ғылыми мектептің қалып­тасуына арналған болуы керек. Мәселен, біз айтқан Орталық Азия халықтарының шежіресін, яғни генофондын және тарихын зерттеуді кешенді түрде тек осындай мега грант аясында ғана іске асыруға болады. Өйткені ол пәнаралық бағытты дамытуды қажет етеді. Заманауи ғылым бағыттары – палеогенетика, палеопротеомика, биоинформатика және радиоизотоптық хронология дәстүрлі тарих, генеалогия, археология және антропология зерт­теулерін әлем жаңа деңгейге шы­ғарып жатыр. Физиология және медицина бойынша 2022 жылғы Нобель сыйлығы археологиялық зерттеулер барысында табылатын сүйектерде сақтаулы көне ДНҚ-ны зерттеудің пионері, профессор Сванте Пабоға жойы­­лып кеткен гоминидтердің геномдары мен адам эволюциясы туралы зерттеулері үшін берілді. Еліміз аумағында сан алуан тарихи кезеңдерге жататын архео­логиялық ескерткіштер бар. Бі­рақ олар кешенді түрде Қазақ­станда заманауи ғылым бағыт­тарымен елімізде зерттеліп келе жат­қан жоқ. Археологиялық зерт­теулердің өзі біртұтас жүйемен жүр­г­ізілмейді. Археологиялық лицензияны алып алған кәсіпкер­лер мәдени мұрамызды құртып келеді. Антропологиялық ғылыми мектептің қалыптасуы кемшін. Сондықтан бүгін елімізде заманауи генетикалық, палеогенетика­лық, изотоптық, радикарбон­дық әдіс арқылы сүйектің жасын анықтайтын және физикалық антропология лабораториялар­дың болуын, кешенді биобанк инфра­құрылымын қажет етеді. Архео­логиялық қазбалардан табылатын барлық сүйекті бір жерде тиянақты сақтап, жан-жақты сипаттап зерттеуге арналған Археологиялық ұлттық қойманы ашуды талап ете­ді. Он жыл бұрын әріптесім Жақ­сылық Сабитовпен бірге осы бағыттың маңыздылығын сол кездегі Мемлекеттік хатшыға жет­кізген едік. Нәтижесінде, елі­мізде Генетика институтында по­пуляциялық генетика лабора­торисы ашылды, шетелдік ғалым­дармен тығыз селбестікте алғашқы палеогенетикалық зерттеулер жасала басталды. Сонымен қатар бүгін қазақ шежіресін зерттеуде Ұлттық биотехнология орталығы, Назарбаев университеті, М.Айт­қожин атындағы Молекуларлық биология және биохимия институты да жұмыс атқарып келеді. Осы бағытта жинақталған ғылыми әлеуетті мемлекет тарапынан жү­йелі түрде біріктіріп, Орта Азияда бірден-бір заманауи Археогенети­ка институтын ашуды мега грант және пәнаралық мета-зерттеулер аясында жоспарлау қажет.

Ойымызды мына бір тұжы­рыммен аяқтағым келе­ді. Шежірені кешенді зерттеу – ұлт тарихын, алыс-жақын көрші халықтармен тамырлас туыстығымызды және мәдени мұрамызды терең білу. Кешегі тарих, ауызша жеткен шежіре,  генетика және заманауи ғылым ұлттық болмысты тануда бағдар бола алады.

 

Мақсат ЖАБАҒИН,

Ұлттық биотехнология орталығы Адам генетикасы зертханасының меңгерушісі,

Ұлттық құрылтай мүшесі