• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 26 Маусым, 2023

Мерейтойлық «Опералия»

131 рет
көрсетілді

Елорда төрінде айтулы өнер оқиғасы – «Опералия» халықаралық фестивалі шымылдық түрді. «Астана Операның» 10 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ауқымды шара аясында театр сахнасында бір ай бойы әлемнің 12 елінен келген атақты әртістер өнер көрсетеді, сондай-ақ жұртшылық назарына заманауи интерпретациядағы операның премьерасы ұсынылады.

Фестивальдің салтанатты ашылуында «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров оныншы мерейтойлық маусымды атақты фес­тивальмен қорытындылау – театрдың барлық ұжымы үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті.

– Биылғы «Опералияның» ауқымы өте кең. Оның аясында опералық және балеттік қойылымдар, симфониялық концерттер ұсынылады. Фестиваль өтетін күндері көрермендерімізді танымал тұлға­л­­ардың қатысуымен опералық және балет­тік спектакльдер калейдоскопы, әйгілі ком­­по­зиторлардың ұлттық және шетелдік туындылары енген ауқымды концерттік бағдарламалар, сондай-ақ «Құрманғазы» операсынан симфониялық сюитаның пре­мьерасы күте­ді. Біз халықтың рухын көтергіміз келе­ді, себебі әлемді басқа жағынан аша ала­тын ғаламат күш тек өнерде ғана бар. Со­л үшін бірқатар қайырымдылық акциясын өткіземіз, спектакльдерге аз қам­ты­лған отбасыларды, зейнеткерлерді, бала­лар үйлерінің тәрбиеленушілерін және халықтың басқа да әлеуметтік осал­ топтарын шақырдық, – деді Ғалым Ахме­дьяров.

Фестивальдің ресми салтанатты ашы­луы алдында театр фойесіне келген көрермендер театрландырылған қойы­лым мен өнер жұлдыздары шеруінің куәсі болды. Қызыл кілеммен опера­ және балет сахнасының әртістері, атақ­ты режиссерлер, дирижерлер, әлем­дік балет жұлдызы Алтынай Асыл­мұ­ратова, танымал халықаралық коуч­ Алла Симонишвили, италиялық сурет­ші Манана Гуния мен басқа да шығар­ма­шы­лық­ зиялы қауым өкілдері жүріп өтті.

Фестивальдің салтанатты ашылуын­да­ залда ине шаншыр орын болмады. Лық толы зал «Астана Опера» мен «Ас­та­на Балет» секілді бірден екі шығар­м­а­­шылық ұжымды қарсы алды. Қос ұжым бірігіп заманымыздың біртуар хорео­графы Иржи Килианның бір актілі спектакльдерінің үштігін ұсынды. Атап айтсақ, бірінші бөлімді «Жолдан тай­ған­­дар» балеті ашса, екінші бөлімде елор­да тұрғындары мен қонақтарының наза­рына «Алты би» мен «Кіші өлім» ұсы­нылды. Аталған қос қойылым да «Ас­та­на Опера» репертуарындағы жаңадан қо­йылған үздік балеттер қатарында.

– Қалыптасқан театрлық дәстүр бо­йын­ша фестивальдер жаңа әрі қызықты дүние­мен ашылуға тиіс. Халықаралық фести­валь бағдарламасын құру кезінде бізде үш көріністі, атап айтсақ «Алты биді», «Астана Балет» театрының спек­так­лі «Жолдан тайғандарды» және біздің театрдың жуырдағы премьерасы «Кіші өлімді» бір балет кешіне біріктіру идея­сы туды. Өнерге қызығушылықпен қарайтын, әр жерде көрсетіле бермейтін сирек қойылымдарды тамашалау үшін кейде басқа ел, өзге қалаға баруға мәж­бүр­ болатын көпшілік үш балетті бір уақы­тта бір театрда тамашалай алады. Фестивальдің ашылуы сонысымен ерек­ше болды ғой деп ойлаймын, – деді әлем­дік сахна жұлдызы, «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

«Алты би», «Жолдан тайғандар», «Кіші өлім» деп аталатын айтулы үш спектакль де «ақ-қара» балеттер топтамасына кіреді. Бірінші бөлімді ашып берген «Жолдан тайғандар» балеті Иржи Килианның хореография­сы мен Стивен Райхтың барабанға арнал­ған композициясының бір арнаға тоғысуының үздік үлгісін паш етті. Спектакль сегіз балеринаның таң­ғал­ды­рарлық шарықтау сәтін қамтиды. Ал қалған екі спектакль екінші бөлімде орын­далды. В.А.Моцарттың музыкасына қойылған бұл балеттер де сю­жет­сіз негізден тұрады. Шебердің осынау­ кемеңгер жұмыстарын көрер­мен әрдайым күліп, сонымен бірге көздеріне жас ала отыра тамашалайды. Себебі онда адам өмірінің терең пәлсапасы жатыр.

Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – Astana Opera Халықаралық опера академиясының алғашқы түлектері дайындаған «Алжирдегі италиялық қыз» операсының тұсауы кесіледі.

– Мерейтойлық маусымда тағы бір айтулы оқиға болады. Жуырда Astana Opera Халықаралық опера акаде­мия­сының алғашқы түлектері қанат қағады. Олар академияда екі жыл білім алды. Осынау аз ғана мерзім ішінде жас әртістер үлкен нәтиже көрсетті, көп­те­ген беделді байқаулардың лауреаттары атанды. Қазақстанның және шетелдің жетекші сахналарында өнер көр­сетті. Фестиваль аясында академистер «Алжирдегі италиялық қыз» опера­сы­ның премьерасын ұсынады, – деп атап өтті театр директоры Ғ.Ахмедьяров.

Биылғы «Опералия» бағдарламасына Армения, Қазақстан, Италия, Бол­гария, Моңғолия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан секілді әлемнің 12 елінен шақырылған әртістер мен дирижерлер қатысады. Жалпы, фес­тивальде 4 гранд-опера көрсетіледі, олар – Дж.Вердидің «Дон Карлосы» мен «Аидасы», Дж.Россинидің «Алжирдегі италиялық қыз» операсының премьерасы және Дж.Пуччинидің «Турандоты». Әр опера солистердің түрлі құрамымен екі реттен орындалады. Сондай-ақ көпшіліктің назарына ұсынуға 2 балет дайындалды, олар – Р.Ребектің хореографиясында С.Прокофьевтің «Күлбике» қойылымы мен «И.Килианның балет кештері». Бұдан бөлек, көрермендерге 4 концерт ұсынылады. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасы Президенттік оркестрі халықтық музыка ансамблінің «Серпін» музыкалық кеші, ШЫҰ елдерінен шақырылған солистердің қатысуымен өтетін Гала-опера, «Жыл он екі ай» камералық музыка концерті. Сонымен қатар «Опералияның» және «Астана Операның» Х мерейтойлық маусымының жабылуына орай Симфо­ниялық концерт өтеді. Онда алғаш рет А.Жұбанов пен Ғ.Жұбанованың «Құрманғазы» операсынан алынған тақырыптарға симфониялық сюита шырқалады.