Бір ай бұрын ғана жылдық 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие бағдарламасын жетілдіреміз, кем-кетігін түзейміз деген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев өз ойынан қайта айнып шыға келген сыңайлы. Сала басшысының айтуынша, револьверлік негізде жиналған 100 млрд теңге қаражат енді қоғамдық транспортты сатып алуға бағытталады.
Осыдан бір ай бұрын министр жеңілдетілген автонесие бағдарламасының жаңа шарттарының қайта қарастырылатынын мәлімдеді.
«Бұл (өзгерістер – ред.) бірінші кезекте бағдарламаны жетілдіру қажеттілігімен байланысты. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазір Ұлттық банктің базалық ставкасы – 16 пайыз. Ондай кезде 4 пайызбен несие беру – өте жақсы мөлшерлеме. Сондықтан бұл пайыздық бағдарламаны табысты жоба деп айтуға болады және біз бағдарламаны жетілдіргіміз келеді. Соның ішінде талаптардың бірі – алғашқы жарна жағдайы», деген болатын Қарабаев.
Өзгеріс бойынша шекті жалақы мөлшері бекітіліп, белгіленген сомадан артық жалақы алатындар бағдарламаға қатыстырылмайтынын айтқан.
«Біз қарастырып, жаңа шарттарды 15 мамырға дейін айтамыз. Бағдарлама келесі жолы іске қосылғанда барлық жетілдірілген тетіктер жұмыс істейді. Ұсынып отырған механизмдер әділетті деп ойлаймыз. Нақты ұсыныстар болса, талқылауға дайынбыз», деп түйіндеген.
Маусымның басында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жеңілдетілген автонесие бағдарламасына өтінім қабылдайтын autonesie.kz сайтын пайдаланудан бас тартатыны хабарланды.
Ал Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр жақын арада министрлік пен «Бәйтерек» бірлесіп ортақ шешім қабылдайды деп сендірген.
«Автонесие мәселесі өзекті болып тұр. Алғысы келетіндер өте көп. Ай сайын олар револьверлік негізде 400 несие ғана бере алады. Сұраныс өтелмейді. Сол себепті министрлік пен «Бәйтерек» холдингі бұл мәселе бойынша бірлесіп шешім қабылдамақ. Ол туралы жақында хабарлайды», деген еді Р.Скляр Мәжіліс кулуарында.
TENGENOMIKA сарапшыларының айтуынша, бағдарлама сипатының өзгеруі дұрыс шешім болды.
«Біз бұл шешімді толықтай қолдаймыз. Бұл бір жағынан көптеген азаматтар пайдаланатын қоғамдық көліктердің жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Екінші жағынан, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі осы қадам арқылы жеңіл автомобиль нарығындағы алыпсатарлық пен дүрбелеңді тоқтатты. Экономикада мұндай жеңілдікті бағдарламалардың болуы қаржылық репрессия тудыратынын (қарыз алудың нарықтық мөлшерлемелерін елемейді), ақыр соңында нарықтағы бағаның алыпсатарлық өсуіне әкелетінін бірнеше рет жазғанбыз. Мұндай жағдай баспана нарығында болды және әлі болып та жатыр. Үкімет осы шешімі арқылы жеке көліктерге қарағанда қоғамдық көліктерге басымдық беретінін аңғартты. Өйткені бұл – қоғам игілігі үшін қисынды әрі оң шешім. Дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, қоғамдық транспорт жүйесін әрдайым жетілдіру, жаңарту қоғамның экономикалық әл-ауқатының түзелуіне оң ықпалын тигізеді», дейді сарапшылар.
«Ақ жол» партиясының өкілдері жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жалғасын табуға тиіс деп санайды.
«Бизнес дерегі бойынша қазіргі оператор зауыттың тоқтауы мен тексерісті сылтау етіп, өндірушілерден түскен қаржыны төрт ай ішінде үлестірмеген. Бұл ретте утильалымнан түскен ақша қайда кетіп жатыр деген сауал туындайды. Министрлік болса 4 пайыздық жеңілдетілген автонесиені қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеді. Утильалым жүйесі өндірісті қамтамасыз ету және отандастарымыздың көлікке қолжетімділігін арттыру үшін жасалмап па еді? Шенеуніктер бұл жағын ұмытып кеткен сияқты», дейді депутат Ержан Бейсенбаев.
Оның сөзінше, утилизацияны жүзеге асыратын «Recycling Company» зауыты РОП операторына қатысты қылмыстық іс аясында екінші жыл қатарынан жұмыс істемей тұр. Алайда утилизацияның жүзеге аспай тұрғанына қарамастан «Жасыл даму» АҚ азаматтар мен бизнестен утильалым алуды жалғастырған.
Айта кетейік, жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында ел азаматтары 10 млн теңгеге дейінгі сомада, алғашқы жарнасыз түрлі маркадағы көліктерді рәсімдеу мүмкіндігіне ие болған еді. Ұсынылған көліктер – Kia Picanto, Chevrolet Spark, Nexia, Cobalt, Hyundai Elantra, Accent және басқалар.