• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Маусым, 2023

Жүлде жауған жыл

235 рет
көрсетілді

Жыл сайын Журналистер күні қарсаңында түрлі байқаулар өткізіліп, өткір тілді, озық ойлы тілшілер қауымы марапатталады. Биыл да игі дәстүр жалғасын тауып, елге хабар жеткізіп жүрген «Егеменнің» журналистері де оза шауып, үздіктер қатарына енді.

 

Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев медиа сала­сы өкіл­де­рінің бəсекеге қабілетін арттыру мəселесіне айрықша көңіл бө­ліп, Түркістанда өткен Ұлт­тық құрылтайда идео­логияға қа­тыс­ты біраз маңызды мəсе­лені атап көрсеткен еді. Соның ішінде ақ­парат саласына ерекше тоқталды.

«Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сон­дай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар то­ғысады. Оны қоғам тынысының ба­рометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақ­парат саясатын түбегейлі қайта қа­рау қа­жет», деді Президент.

Күні кеше Мемлекет басшысы БАҚ саласындағы Президент сый­лықтарын, гранттарын және Ал­ғысын салтанатты түрде табыстады. Жиын барысында медиа саласының жаңа міндеттерін атап өтті.

Президенттің пікірінше, мемлекет, медиа және қоғам арасындағы келісім Әділетті Қазақ­станның берік іргетасына айналуға тиіс. Сондай-ақ бұл келісім ашықтық, сенім және адалдық қағидаларына негізделуі қа­жет екеніне екпін берді. Әр азамат, әр маман өз ісіне адал болса, сонда ғана қоғамның сенімі артады. Ал сенім мен адалдық – әділетті қоғамның басты құндылықтары.

«Бұқаралық ақпарат құрал­дары қо­ғамдық сананы жаңғыр­тып, ұлттың жаңа сапасын қалып­тастыруда басты рөл атқаруы қажет. Масс-медианың ақпарат кеңіс­тігінде озық идеялар мен көз­қа­растарды ілгерілетуде мүм­­­кін­дігі мол. Сондықтан жур­на­лис­тер­дің қоғамда еңбек пен кә­сі­би­лік куль­­тінің орнығуына, аза­мат­­тар­дың бойында өз елінің тағ­ды­рына деген жауапкершілік сезі­мін қа­­лыптастыруға атсалысуы ма­ңызды», деді Қ.Тоқаев.

Президент азаматтардың ақпа­ратты еркін алуы, пікірін ашық жет­кізуі, ой еркіндігі Әділетті Қазақ­станның айқын көрінісі екеніне тоқ­талды. Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде қаламын қаруына айналдырған тілшілер аз емес. Кей­де олардың жазған мақаласынан, да­йындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде ше­шімін та­уы­п жатады. Ондай тіл­ші­лер­ді адал азаматтар десек, артық бол­майды.

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы кәсіби мереке бұ­рынғыдан оқ бойы озық тұр десек қа­телеспейміз. Журналистер күні қар­саңында медиа саласының бір топ қызметкері мемлекет қолдауымен бас­паналы болды. Осылайша, Мем­лекет басшысының атынан Бұқа­ралық ақ­парат құралдары қызмет­­керлерінің күні қарсаңында 65 пә­тердің кілті та­бысталды. Мара­патталғандардың қа­тарында журналистер, режиссерлер, монтажерлер, операторлар және басқа да ма­мандық иелері бар.

Кəсіби мереке қарсаңында бас­паналы болған БАҚ өкілдерінің қа­тарында «Қазақ газеттері» ЖШС-ның 3 қызметкері бар. Әріптестеріміз – «Egemen Qazaqstan» газеті Мəдениет жəне əдебиет бөлімінің меңгерушісі Жолдыбай Базар, редакция қызметкері Риза Абай, «Казах­станская правда» газетінің журналисі Лаура Түсіпбековаға пәтер бұйырды.

Сондай-ақ биыл тағы бір әріп­тесіміз, «Казахстанская правда» га­зетінің тілшісі Галина Воло­год­ская Мемлекет басшысының БАҚ саласындағы сый­лығын иеленді.

Бұдан бөлек, Парламент Се­на­тының «Парасат» бай­­­қауын­да «Үздік талдамалық материа­лы» үшін «Egemen Qa­zaq­stan» газеті сая­сат және құқық бө­лімінің мең­геру­шісі Қалмаханбет Мұ­қамет­қали топ жарды.

Сонымен қатар «Amanat» партия­сы Бұқа­ралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасындағы «Amanat» – 2023 Медиа сыйлығын» табыстады. Жеңім­паздар қатарында «Egemen Qazaq­stan» газетінің Ақмола облы­сындағы меншікті тілшісі Бай­қал Байəділ де бар. Әріптесіміз Мағ­жан Жұмабаев атындағы «Сөз зер­гері» сыйлығының иегері атанды. Сондай-ақ Байқал Бай­əділ Ақ­мола облыстық «Алтын қалам» бай­қауының жүлдесін қан­жығасына байлады.

Ұлытау облысы әкімінің бұқа­ралық ақпарат құралдары қызмет­кер­леріне арналған «Ular» сыйлы­ғының «Ұлытау облысы журналис­тикасын дамытуға қосқан үлесі үшін» аталымында әріптесіміз Аб­­­долла Дастан жеңіске жетті. Ол «Ege­men Qazaqstan» газетінің Ұлы­­тау облы­сындағы меншікті тіл­­шісі болып қыз­мет атқарады. Сон­дай-ақ газеттің Шығыс Қазақ­стан облысындағы меншікті тіл­шісі Мерей Қайнарұлы облыс әкі­мі­нің сыйлығына ие болса, Абай об­­лысындағы тілшіміз Сәт­жан Қа­сымжанұлы Журналистер одағының Құрмет грамотасымен, Солтүстік Қазақстан облысындағы мен­шікті тілші Жақсыбай Самрат Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Айтпақшы, «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Бану Әділжан, ғылым және білім бөлімінің аға тілшісі Азамат Есенжол, редакция қызметкері Бақыт­жамал Қайыпжанова, басы­лымның Қызылорда об­лысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбай Ақ­парат және қоғамдық даму министр­лігінің «Ақпарат сала­сы­ның үздігі» төсбелгісін иеленді.

Осы орайда Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының «Қай ел­дің баспасөзі күшті болса, сол елдің болашағы мықты» деген сөзі ойға оралады. Медиа саласының күш-қуаты қайтсе артады? Әлбетте, жет­кілікті деңгейде қолдау тауы­п, қаржылық тұрғыдан қиындық көрмегенде мұндай жағдай орнайды. Ендеше, мемлекет тарапынан журналистерге көрсетіліп жатқан түрлі деңгейдегі марапаттар мен сыйлықтар «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» қауымның шабытын шыңдап қана қоймай, әлеуметтік мәселесін шешуге де мол үлес қосады.

Көп адам Қазақстан медиа ке­ңістігін Батыс­пен салыстырып жата­тыны бар. Сөй­тіп, дамыған елде билік журналиске сыйлық бер­мейді деп елімізде қалыптасқан дәс­түр­ді сынға алады. Бірақ бұл елі­міз­дегі журналистиканың ахуалын тү­сінбеуден туған ұшқыр ой десек қа­телеспейміз. Өйткені қазақстандық, әсіресе қазақ тілді журналистер ауди­­ториясының ауқымы кең емес. Сол себепті батыстағыдай тек жар­­намамен күнелтетіндей мүм­кіндігі жоқ. Екіншіден, халық саны Қазақстанмен шамалас, ресми һәм мемлекеттік тілінің таралу ауқымы ұқсас елдерде билік тарапынан медиа саласына көптеген қолдау көрсетіледі.