Чернорецк ауылының тұрғындары сапалы ауыз судан таршылық көріп отыр. Елді мекенде 40 жылдан астам жұмыс істеп тұрған скважинаның суы түгесіліп, амалы қалмаған жұрт Ертіс өзенінің суын қайнатып ішуге мәжбүр.
Павлодар ауданына қарасты бұл ауылда қазір бау-бақша мен төрт түлікті суаратын су көзі жоқ. Мәселе сонау 2021 жылдың қысында басталып, жергілікті тұрғындар үйлеріне келіп тұрған ауыз судың сапасы нашарлап бара жатқаны жайында дабыл қаққаны есімізде. Жергілікті әкімдік әупірімдеп жүріп жағдайды түзегендей болып еді. Алайда былтырдан бері бірінші скважинаның түбін лай басып, ахуал тіпті қиындап кетті. Су мұнаралары жер астынан тартып алатын суды жеткілікті жинай алмайды. Мәселе содан бері өзекті күйінде қалып отыр.
– Күн ыстықта су таппай, қаталап отырмыз. Бірінші мұнараға жиналатын су тұтас ауылға жетпейді. Ал екінші мұнараны осы айдың соңынан бастап жөндей бастаймыз, – дейді әкімдіктегілер. Былтыр да осындай жағдай орын алып, құдықтардың бетіне су шығып кетті. Жапқыштарын ауыстырған соң, мәселе реттелгендей көрінген. Әрі үйімізге келіп тұрған су ауыз суға жарамсыз, тек үй шаруашылығына, бау-бақшаға пайдаланамыз. Енді сол судың өзі де жоқ. Соңғы рет болған апаттық жағдайдан кейін барлығы тоқтап қалды. Адамдар бау-бақша егуден қорқып қалған. Себебі оны суаратын су жоқ. Тұрғылықты халықтың 90 пайызы суды Ертіс өзенінен шелектеп тасып, қайнатып ішуге мәжбүрміз, дейді жергілікті тұрғын Анастасия Ращупкина.
Өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салхановтың айтуынша, бұған дейін су алынып келген скважинаның түбін лай басқаны себепті енді оны пайдалану мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта жаңа скважина қазылып, ауыл халқына су содан тартылады. «Біздің басқарманың алдында өңір бойынша 27 ауылды сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Яғни осы елді мекендерге ең әуелі басымдық беріледі. Чернорецкіде су жоқ емес бар, тек соның сапасын дұрыстау мәселесі туып отыр. Әрі мәселенің қалыптасқанына бір жарым жылдай ғана уақыт болған. Оны шешу үшін бюджеттік өтінім беріп, смета жасауға біраз уақыт жұмсалды. Жобаны жүзеге асыру кезінде кейбір пысықталмаған жайттар туындап қалады. Тағы бірі түзетуге ұшырайды, мәселен, қосымша скважинаны бұрғылау керек болады. Бұдан 40 жыл бұрын бұрғыланған скважинаның түбі лайлана бастағанын жобалаушылар ескермегенге ұқсайды. Себебі ауылды орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтыған уақытта жаңа скважина жобаға енбей қалған», дейді ол.
Павлодар ауданының әкімі Николай Дычко бұл скважина орталықтандырылған жүйе арқылы 2012 жылдан жақсы жұмыс істеп тұрғанын, мәселе соңғы екі жылда бой көрсете бастағанын жеткізді. Облыс әкімдігінің қолдауымен жаңа скважина қазуға өңір бюджетінен 87 млн теңге бөлініпті. Тереңдігі шамамен 630 метр болатын ұңғыманы бұрғылау маусым айының соңында басталады деп сендірді аудан басшысы. Одан соң жаңадан сорғы жабдықтарын орнату, желіге қосу жұмыстары жүргізілмек.
Қазір Чернорецк ауылында 1494 адам тұрып жатыр. Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытбек Баткеевтің сөзінше, биылдан жергілікті ауылдардағы ауызсу кәсіпорындарын басқару формалары өзгертіліп, барлығы облыстық бюджетке қарайтындай жүйе жасалуда. Себебі елді мекендердегі ауыз судың өзіндік құны бір текше метріне 600-700 теңгенің үстіне шығып кетеді. Ал жеке тұрғындарға белгіленген тариф мөлшері шамамен 258 теңге. Жергілікті қазына ауыз суды субсидиялауға үнемі қаражат таба бермейді. Сондықтан жаңа жүйе ауылдардағы ауыз су мұнараларының жұмысын тұрақты ететініне сенім мол.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы