• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2010

БИЫЛҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚТАР

857 рет
көрсетілді

Қазақстанның рухани қазынасының жақұт-жауһарына айналған еңбектерге беріледі Бұл жөнінде кеше ҚР Президентінің Алматыдағы резиденциясында    Әдебиет пен өнер саласындағы 2010 жылға арналған мемлекеттік сыйлықтар беру жөніндегі комиссияның алғашқы отырысында Мемлекеттік хатшы — Сыртқы істер министрі, аталмыш комиссия төрағасы  Қанат Саудабаев екпін түсіре айтты. Жалпы, биылғы жылы мемле­кет­тік сыйлыққа 3 аталым бойын­ша 35 үміткердің туындысы қабыл­данған. Оның 17-сі әдебиет, 10 туынды музыка, театр және кино са­ласынан, 8 шығарма бейнелеу және сәулет өнері бойынша. Ұсы­нылған шығармалардың авторлары – еңбектері Қазақстанның жалпы жұртшылығына, қоғамға кеңінен танымал, еліміздің әдебиеті мен өнері саласының белгілі тұлғалары. Олардың қатарында Мұхтар Ма­ғауин (“Жармақ” романы), Қытай­дағы қандас жазушы Қажығұмар Шабданұлы (“Қылмыс” романы), Сәбит Досанов (“Намыс найза­ғайы” романы), Смағұл Елубаев (“Ақ боз үй” трилогиясы), Жұме­кен Нәжімеденов (“Менің Қа­зақстаным”), Несіпбек Айтұлының (“Ерлікке ескерткіш”) өлеңдер жи­нағы, т.б. бар. Ал кино, театр, музыка саласы бойынша Шәмші Қалдаяқов, Кеңес Дүйсекеев, Тал­ғат Теменов, Секен Тұрысбек, Ма­рат Бейсенғалиев, Әлібек Дінішев, бейнелеу мен сәулет саласындағы үміт­керлер қатарында Еркін Мер­ге­нов, Әлібай мен Сәуле Бапа­нов­тар, Амандос Ақанаев сынды танымал тұлғалар бар. – Биылғы  тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Мемлекеттік сыйлыққа ие болатын шығармалар – халқымыздың рухани өркен­деуі­нің шынайы көрінісі болуы шарт. Сондықтан ұсынылған шығар­ма­ларға деген талап күшейтіліп, ко­мис­сия мүшелеріне деген жауап­кер­шілік артады, – деді кіріспе сөзінде Қанат Саудабаев. Отырыста Мәдениет министрі, комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед биылғы жылы 3 аталым бойынша ұсы­ныл­ған шығармалар бұғанға дейін де жұртшылықтың назарындағы та­ны­мал еңбектер екеніне, сый­лық­­тың ережелері мен шарттарына тоқ­тала келе, кейбір дүниелерге қосымша түсініктеме бере кетті. Мәселен, ұсы­нылған шығармалар кейінгі бес жыл ішінде жариялануы, бір автор қатарынан екі, үш рет сыйлыққа шы­ғармасын ұсына алатындығы, заңда, ережеде ешқандай шектеу бол­мағандықтан, шетте тұратын аза­маттарымыз да өз еңбектерін бәйгеге қосуға мүмкіндігі барлығын жеткізді. – Бұрынғы комиссияның шарты бойынша Мемлекеттік сый­лық­ты бір рет алған адам, екінші қайта ұсынылуға хақысы жоқ бола­тын. Бірақ, 2007 жылы бұл ережеге тиісті өзгеріс енгізіліп, кей жағ­дай­да, яғни, жаңа шығарма жазған жағдайда қайтадан ұсынуға мүм­кін­дігі бар. Сондай-ақ өзі дүниеден өтіп кетсе де бұрын жарияланбаған шығармалары болса, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылады, – деді министр. Бәйгенің аты – бәйге. Жыл сайын өтетін осы бір шығарма­шы­лық додаға алуан түрлі жүйрік қо­сы­лып, онда тек оза шапқан жүйрік қана олжалы болып, біреу қуанып, біреу ренжіп жатуы заңды нәрсе. Биыл да солай. Бірақ, бір ерек­ше­лігі, өздері болмаса да көздеріндей, артында тірілермен қатар оза шабар дүниелер қалдырған екі классик аға­мызды бөле-жара айтқымыз келеді. Үзілісте комиссия мүшесі, көр­нек­ті жазушы-драматург Дулат Иса­бековке жолығып, биылғы бәйге туралы ойын білген едік. “Биыл өзі ханталапай болайын деп тұр. Әдебиет саласына ұсынылған 17 шығарманың 4-і поэзия, қал­ған­дары проза. Олардың ішінде әде­биет­тің деңгейін көтеретін шығар­малар бар, бір қуаныштысы, өткен жылға қарағанда жақсы дүниелер көп. Тіпті, Қытайда 40 жыл түрмеде отырған қандасымыздың да еңбегі бар. Яғни, лайықты шығарма көп, ал сыйлық біреу-ақ. Бүгінгі оты­рыста ішім қан жылап, солардың он екісін сызуға тура келеді. Бірақ, бәйгенің шарты сол – одан бір ат қана оза шауып келуі және ол – Құ­лагер болуы керек” десе, белгілі өнер қайраткері, талантты актер Тұңғышбай Жаманқұлов: “Мен ой­лаймын, осы мәреге кеткен шығар­ма­лардың бәрі жүйрік. Бәріне бір­дей жалпақшешей бола алмайсың. Түптеп келгенде, көпшілік дауыс объективті шындықты шығарады. Биылғы өнердегі ұсынылған шы­ғар­малардың дені жоғары деңгейде. Тіпті, аты-жөні Қазақстанды қойып, ТМД-ға, шетелге танылған үлкен шығармашылық замандас бауыр-інілеріміз де бар. Сондықтан да комиссия мүшелерінің қинала­ты­нындай бар”, деді. Отырыс барысында келесі ке­зең­ге өту үшін  әдебиет саласы бой­ынша – бес, қалған екі сала бойынша алты шығармадан таңдап алу ұсынылды. Бұлар жасырын дауыс беру арқылы анықталды. Комиссияның келесі отырысында осы таңдап алынған туындылардың ішінен әр аталым бойынша бір-бір шығармадан Мемлекеттік сыйлық­қа ие болады. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.