Қарағандыда Ұлттық домбыра күні қарсаңында академик Е.А.Бөкетов атындағы университет аумағында «Күй аллеясы» ашылды. Демалыс орнына Кетбұға, Қорқыттан бастап, халқымыздың біртуар Тәттімбет, Құрманғазы, Ықылас, Әбди, Сембек, Нұрғиса сынды күйші-композиторлардың елге танымал туындыларымен жабдықталған, барлығы 17 орындық орнатылған. Орындықтарға адам жақындаған бетте күй шырқала жөнеледі.
«Қала тұрғындарының, жастар қауымының жұмыстан, сабақтан тыс бос уақыттарында таза ауада тынығып, демалуына қолайлы жағдай жасау мақсатында осындай бірегей аллея жасалды. Негізгі мақсат – халқымыздың қасиетті күй өнерін насихаттау арқылы жастардың өнерге деген қызығушылығын арттыру, олардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру. Мұнда келушілер тек күй тыңдап қана қоймай, авторларының өмірі мен шығармашылығы туралы да мәлімет ала алады. Мәселен, кейбір күйшілердің артында бір ғана күйі қалған. Демек бұл бағыттағы ізденістерді әлі де болса жалғастыра беру керек», дейді идея авторы, университет ректоры Н.Дулатбеков.
«Күй аллеясы» жобасы университеттің ғылыми зерттеу жұмыстарының байқауында ұсынылып, оқу ордасы басшылығы тарапынан қолдауға ие болды. Авторлар құрылғының баспа палатасын әзірлеуден бастап, оның корпусын, бағдарламалық жасақтамасын жасау, құрылғыны орнату жұмыстарының барлығын өздері атқарып шықты. Жоба үшін аспан және роботтехника зертханалары, 3D басып шығару және цифрлық модельдеу зертханаларының ресурстары пайдаланылды. Әрбір орындықта арнайы сенсор бар. Адам орындыққа бір жарым метр қашықтықта жақындағанда, сенсор іске қосылып, музыка ойнай бастайды. Сонымен қатар мұнда QR-код орнатылған. Соның көмегімен, ұялы телефон арқылы күйшілердің өмірбаяны мен шығармашылығы жайында толыққанды ақпарат алуға болады. Жоба авторларының айтуынша, «Күй аллеясы» жыл мезгілінің кез келген уақытында келушілеріне күй шырқауға әзір. Орындықтар жауын-шашынға, төменгі температураға төзімді.
– Біздің ендігі жоспарымыз – университеттің 8-корпустың жанынан «Өлеңдер аллеясын» құру. Онда орындықтар орнатылды, электр қуаты жеткізілді, тек электроника мәселесі қалды, – дейді университеттің ақпараттық технологиялар және телекоммуникация орталығының жетекшісі В.Карабасов.