Түркістан музыкалық драма театрының үздік қойылымдары Арқа төрінде апта бойы салтанат құрады. Елордамыздың 25 жылдық мерейтойы һәм Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған гастрольдік сапарында еліміздегі ең жас театр таңдаулы спектакльдерін бас шаһардың талғампаз көрермендеріне тарту етеді.
Атап айтсақ, 2-5 шілде аралығында өтетін өнер сапары бағдарламасына Р.Мұқанованың «Фариза», Т.Ахметжанның «Махаббат мұнарасы», А.Нүсіптің «Мағжан», Е.Аманшаевтың «Қорқыт» қойылымдары енген. Гастроль шымылдығы талантты режиссер, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархат Молдағалидің суреткерлік қолтаңбасында сарапталған «Фариза» драмасымен түрілді. Жастар театрында өткен қойылымға келушілер қарасында шек болмады. Залға ине шаншыр жер қалдырмай жиналған өнер жанкүйерлерінің арасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Парламет Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова, ақын Оңайгүл Тұржан, кинотанушы Нәзира Рахманқызы, тағы да басқа саясат, әдебиет пен өнер қайраткерлері бар.
Хош! Сонымен көптен күткен шымылдық түрілді. Сахна түкпірінен жауын астында малмандай су болған жалғыз бейне көрінді. Қуанғаны ма, қиналғаны ма – кейіпкер көңіл-күйін ажырату қиын. Ұзақ үнсіздіктен соң Фариза тіл қатты. Өлеңімен өмірге жан бітірді. Көпшілікке сыр ақтарды.
Дара күндерімнің, нала түндерімнің
Серігі болғаның үшін, сенімі болғаның үшін
Мен сені аялап өтем, Өлең!
Азапты қайғы-мұңымды өзіммен
бөліскенің үшін.
Менің мынау қиындау тағдырым болып
О баста көріскенің үшін.
мен сені аялап өтем, Өлең!
Өмірін өлеңге балаған Фаризаны өзгеше мүсіндеу мүмкін де емес еді. Осыны терең ұғынған автор Роза Мұқанова оқиға желісін пендеуи, тұрмыстық қайшылықтардан алшақ әкетіп, Ақын мен Тағдыр арасындағы тартысқа құрады. Яғни Фариза жармақ бейнеге айналады. Екіге бөлінген бір-біріне кереғар әлем қойылым басталғаннан шымылдық жабылғанға дейін тартысып өтеді. Бірі – өнердің мәңгілік биігін көксесе, екіншісі – қарапайым әйел бақытын армандайды.
– Фариза – адам, ақын. Ол өмірде ашулана да алды, жылай да алды, жалғызсырады да. Адамға тән қасиеттің бәрі оның да бойында болды. Мүмкін кемшілігі де болған шығар. Сондықтан пьесада идеалды образ жасауға әуестенбедім. Фаризаның жанына үңілдім, ішкі құпиясын ашқым келді. Өзі көріп отырса міндетті түрде: «Не бүлдіргенсің?» дер ме еді, кім білсін... Бірақ мен оны жақсы көріп жаздым, оның табиғатына қиянат жасамадым. Өйткені ол – халықтың сүйікті ақыны. Өз қолтаңбасымен маған сыйлаған он томдығы бар еді. Фариза апаны солардың арасынан іздедім. Үнін естідім, жанын ұқтым, сөйлестім, тірестім, өмірдегідей болды. Егер ол кісі өмірде болса, бұл пьеса жазылмаған болар еді. Бәлкім, мен оны іздеген шығармын, дейді қойылым авторы драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова сахнада сыр ашқан «Фаризасы» туралы ағынан ақтарылып.
Автор айтпақшы, қойылымда тағдыры – драмаға, трагедиясы – философияға айналған Фариза бар. Ол – жалғыз. Дара! Дәл өмірдегідей, өлеңдегідей. Тартыс негізінен сыртқы күштен бұрын, Ақынның өз ішінде жүріп жатады. Кемпір бейнесіндегі Тағдыры да, ақбоз атты ханзада болып келген Ажалы да, Мұқағали бейнесіндегі шабыт пен даңқы, мойындау һәм мойындалуы да, көпшілік қаламгерлер, сыншылар қалпындағы – қабылданбауы да – барлығы-барлығы нәзік жүректі ақын жанын сан тарапқа сандалтады. Иә, біз сахнадан көрген, бір жарым сағат уақыт ішінде тануға талпынған Фаризаның оқырманымен, көрерменімен бөлісер сыры да, мұңы да мол.
Көпті тәнті еткен драмада Фариза рөлін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назгүл Қарабалина сомдаса, елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық Қазақ музыкалық драма театрының әртістері: Лейло Бекназар-Ханинга – Кемпір, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев – Мұқағали рөлін сәтті сараптады. Ерлан Кәрібаев Ажал бейнесінде көрінді. Көпшілік сахнадағы актерлер ансамблі де өзіндік біртұтастығымен бейнелі.
Спектакльден ерекше әсермен шыққан Ақпарат және қоғамдық даму министрі де қойылымға сахналық ғұмыр сыйлаған шығармашылық ұжымға ақжарма лебізін жеткізді: «Қуатты жырлары қаһарланса қаусыратып, қайғырса қалжыратып тастайтындай рух жанартауы, поэзия падишасы атанған апайдың ішкі иірімдеріне Роза Мұқанова терең үңілген екен. Біз көбіне қайраткер ақын Фариза образын білеміз және соны іздейміз, ал сәби сүйгісі келген, қиналған әйел Фаризаны біле бермейміз. Автор осы арпалысты ширықтыра отырып шебер көрсеткен. Жыр мен жар таразыға түскенде өлеңді ақынның Тағдыры таңдайды. Ақын күткен ханзада-өлең өлмейтін ажал кейпінде келіп, мәңгілік жар болады. Өмірге нөсер болып келген ақын ақыры ақжауынға айналады. Бес күндік жалғанның жібі үзіліп, періште шайыр ғарышқа аттанады, ғайыпқа енеді. Фариза рөліндегі Назгүл Қарабалина мен Мұқағалиді сомдаған Қуандық Қыстықбаев көрерменді сендірді. Қойылым авторына және театр ұжымына мың алғыс», деді Дархан Қыдырәлі.
Құрылғанына небәрі екі-ақ жыл болса да өзінің талғампаз көзқарас, тосын шешімдерімен көпті тәнті етіп, өнер әлемінен айшықты орнын алып үлгерген Түркістан музыкалық драма театрының табысты қадамдары шын мәнінде сүйсінтеді. Осынау аз ғана уақытта театр репертуарынан орын алған Д.Исабековтің «Бөрте», Е.Аманшаевтің «Қорқыт», А.Нүсіптің «Мағжан», Т.Ахметжанның «Махаббат мұнарасы», Р.Мұқанованың «Фариза» және тағы да басқа мазмұнды қойылымдар бүгінде тек қана түркістандық көрермендермен шектелмей, республика жұртшылығының да іздеп келіп көретін сүйікті спектакльдеріне айналды.
Қазір Түркістан музыкалық драма театрының репертуарында барлығы 9 спектакль бар. Көркемдік деңгейі жоғары қойылымдар тартысты байқауларда да бірнеше мәрте топ жарып үлгерді. Атап айтсақ, Дулат Исабековтің «Бөрте» тарихи драмасы – Мәдениет және өнер саласындағы «Ұмай» ұлттық сыйлығын, II халықаралық «Исабеков әлемі» театр фестивалінің бас жүлдесін және «Театр сыншылары бірлестігі» тағайындаған «Сыншылар жүлдесін» жеңіп алды. Сондай-ақ аталған спектакль «Ticketon.kz» жүйесінің 10 жылдығына арналған «Тикетон премия- 2022» байқауында «Жылдың үздік премьерасы» атанып, театр актрисасы Айя Шәріп Бөрте рөлі үшін «Жыл актрисасы» ретінде мойындалды. Ал биылғы байқауда театр репертуарындағы режиссер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбайдың суреткерлік сараптауында сахна көрген Талаптан Ахметжанның «Махаббат мұнарасы» қойылымы «Жылдың үздік аймақтық спектаклі» аталымында топ жарды.
Түркістан музыкалық драма театрының Астана халқы мен қонақтарына әкелген төрт күндік тартуы жанрлық та, мазмұндық та тұрғыда көрушісін елең еткізбей қоймайды. Әсемдік пен әсерлілік егіз өрілген қойылымдардың қай-қайсысы да талғампаз көрерменін бейжай қалдырмасы анық.