Варшавада өткен Қазақстан-Польша экономикалық форумы алаңында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстың жай-жапсары кеңінен талқыланды. Былтыр өзара тауар айналымы 1,4 млрд доллар болған. Бұл алдыңғы жылдың көрсеткішінен 79,2%-ға (0,8 млрд долларға) жоғары. Қазақстаннан Польшаға экспорт 2022 жылы 99,4%-ға өсіп, 770,8 млн долларды құраса, Польшадан елімізге импорт 2022 жылы 58,2%-ға өсіп, 587,5 млн долларға жеткен.
Қазақстан Польшаға негізінен шикі мұнай, тас көмір, табиғи газ, зығыр тұқымдары, темекі өнімдерін сатса, өзіміз ол жақтан есептеу машиналары, бөлшек сауда үшін өлшеп оралған дәрілік заттар, алма, алмұрт және айва, телефон аппараттары, тұрмыстық және өзге де тоқпен жылыту аспаптары, электр плиталарын аттай қалап алдырамыз.
Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, Польша – Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропадағы жетекші сыртқы экономикалық серіктесінің бірі.
«Биылғы 4 айдың қорытындысы бойынша біз сауда көлемінің төмендегенін байқаймыз. Ынтымақтастықты жандандыру үшін Қазақстан Польша нарығына 140 млн доллар сомасына қосымша 120 тауар позициясын ұсынуға дайын. Экспортты мемлекеттік қолдау шараларының жүйесі осы мақсатқа қол жеткізуге бағытталған. Бұл – қаржылық емес және қаржылық қолдаудың 20-дан астам құралы. Отандық KazakhExport компаниясының сақтандыру құралдарын пайдалануды кеңейту ұсынылады. Біз бизнес үшін ұсынатын барлық қаржылық мүмкіндіктерді, соның ішінде сауданы қаржыландырудың жаңа құралын дұрыс қолдану маңызды», деді, вице-министр.
Ол жаһандық маркетплейстер арқылы дайын өнім экспортын ілгерілетуді де ұсынды. 2022 жылы Қазақстандағы бөлшек электрондық коммерция нарығы өсімін жалғастырып, 1,3 триллион теңгені құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 30%-ға артық. Маркетплейстерден сатудың жылдық өсімі 33%-ға жеткен. Ал интернет-дүкендердің сатылымы 19%-ға өсіпті. Электрондық сауда нарығы субъектілерінің 85%-ы – ШОБ өкілдері.
«Танымал маркетплейстердің бірі – Alibaba.com электрондық платформасы. 2020-2022 жылдары Alibaba платформасында 220 компания орналастырылды. Бүгінде сауда алаңында 7,5 мыңнан астам отандық тауар бар. Осы кезеңде бағдарламаға қатысушылардың жиынтық сатылымы шамамен 260 млн-ды құрады. 2022 жылы біз Alibaba платформасында Ұлттық павильон аштық. Ebay платформасында Орталық Азия елдерінің өңірлік хабын құру бойынша жұмыс жалғасуда», дейді вице-министр.
Қайрат Төребаев елімізде қайта өңделген және тамақ өнімдері көлемінің өткізу қабілетін арттыруға арналған трансшекаралық хабтарды қалыптастыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі трансшекаралық сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуда негізгі «өсу нүктелері» Қытай шекарасындағы Қорғас торабы және Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Орталық Азия» ХӨКО болады.
Осыған ұқсас индустриялық сауда-логистикалық кешені Қырғызстанмен шекарада да құрылмақ. Каспий теңізіндегі отандық порттарға еліміздегі және транзиттік жүктерді тарту үшін қазіргі уақытта Үкімет «Ақтау теңіз порты» АЭА базасында контейнерлік хаб құру мәселелерін белсенді пысықтауда.
Форумның панельдік сессиясы барысында Қайрат Төребаевқа Қазақстанның ұжымдық Батыс елдерінің санкцияларын сақтауына қатысты сұрақ қойылды. Вице-министр елімізге қайталама санкциялар қолдануға және аумақты оларды айналып өту үшін пайдалануға жол бермеу бойынша ел қабылдаған шаралар туралы айтып берді.
Атап айтқанда, Үкімет санкциялық тізімдерге енгізілген тауарлардың саудасын қадағалайтын санкциялық тәуекелдерге қарсы тұру үшін жұмыс тобы құрылды. Ол үшін Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде (Астана-1 АЖ) форматты-логистикалық бақылау орнатылған. 2023 жылғы 1 сәуірден бастап ЕАЭО елдерімен өзара саудада тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды міндетті ресімдеу енгізілді. Бұл нақты уақыт режімінде тауарлардың, соның ішінде санкциялар тізіміне енгізілген тауарлардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Отандық бизнес үшін traderadar.kz сайты ашылды және үнемі жаңартылып отырады. Онда Ресейге қарсы барлық санкцияға арналған нұсқаулықтар көрсетілген. Сонымен қатар бүгінде Ресей Федерациясы мен Беларуське қарсы санкциялар қолданатын елдердің уәкілетті органдарымен дерек алмасу және жедел ден қою жұмыстары жүргізіліп жатыр.