Жақында ғана Сырда Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің филиалы ашылатынын хабарлаған едік. Бүгінде СеулТех пен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті арасындағы «Халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университеттік жоба» жүзеге асырыла бастады. Алда жергілікті оқу ордасында жасанды интеллект мектебі құрылып, мамандар даярланады.
Осыған байланысты Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген СеулТех университетінің делегациясымен облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов кездесіп, алда бірлесіп атқарар шаруаларды талқылады.
Профессор Часу Ким мен Сунггон Ким бастаған LUPIC жобасының өкілдері біршама уақыт Қорқыт ата атындағы университетте зертханаларды орналастырудың кеңістіктік аспектілерін, бизнес-инкубация орталығын құруға қатысты мәселелерді зерттейтін болады.
Осы жылдың мамыр айында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Кореяға сапары аясында Сеул Ұлттық ғылым және технологиялар университетінің президенті Ли Донг Хун мырзамен кездесіп, Сырда оқу орнының филиалын ашуды ұсынған болатын. Өңірде осы жобаны іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетіліп, білім алушыларға жыл сайын облыс әкімдігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан гранттар беріледі. Облыстың даму бағдарламасы бюджетіне кампус пен технопарк құрылысын енгізу де жоспарланып отыр.
ҚЫЗЫЛОРДА