• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Шілде, 2023

Ономастика – мемлекеттік шаруа

403 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екеніне назар аудара келіп: «Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерек­шелігімен қатар, жалпыұлттық басым­дықтар да ескерілуі керек», деді.

Мемлекет басшысының бұл тұжырымы – қазіргі кезде ономастика саласында қалыптас­қан жағдайды жан-жақты зерттеп, зерделеудің нәтижесінде дер кезінде қабылданған әрі көпшілік көкейіндегіні дөп бас­қан шешім. Себебі аталған салада әркім «өз бетінше түйе айдап» жүргені, кей­бір қолында би­лігі мен байлығы бар ағайын­дардың айрықша ат­салысуы­мен «қолдан жасалған тарихи қаһармандардың» көпшілік енді ғана естіп жатқан есімдерін көшелер мен елді мекендерге беру «дәстүрі» әлі де жалғасып келе жатқаны белгілі. Осы орайда Президент: «Кей­бір адамдардың қалауымен жалған өмір­баяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет», деп нақты да ны­ғарлай айтты. Бұған қоса, қол­даныстағы заңнама, әсіресе елі­міздің теріскей өңірлерінде оно­мастиканың өзекті мәселе­лерін оңтайлы шешуге мүм­кіндік бермей тұрғаны анық. Сондықтан да Мемлекет басшысы ұсынғандай, ономасти­ка саласындағы келеңсіз көрініс­тердің түп-тамырына түп­кілікті балта шабу және ұзақ жыл­дар бойы түйіні тарқатыл­май келе жатқан маңызды проблемаларды шешу үшін бұл іс кешенді де дәйекті түрде бір орталықтан атқарылғаны жөн.

Әрине, еліміздің тәуелсіздік алуының арқасында ономас­тика саласында сең орнынан қозғалғандай серпіліс жасалып, бірталай іс тындырылғанын бекерге шығаруға болмайды. Елді мекендер мен көшелердің жаңа заман талабына сай келмейтін атауларының бірсыпырасы өз­гер­тіліп, қазақшаланды. Со­ның ішінде кеңес заманында ком­мунистік идеология ерекше үстемдік құрған солтүстік және шығыс өңірлер – Ақмола, Қос­танай, Павлодар, Солтүстік Қа­зақ­стан және Шығыс Қазақ­стан облыстарының бірқатар ауданы мен қаласының коммунис­тік атаулары ауыстырылды. Әйт­кенмен, бұл іс кейін заңнама­ның өзгертілуіне байланысты тығырыққа тіреліп, көптеген елді мекеннің патшалық отарлау және кеңестік тың көтеру кезінде берілген ескі атаулары әлі күнге сақталып қалып отыр. Бұл – бізді ойландыратын да, опындыратын да жағдай. Себебі кейінгі жылдары көршілес Ресейдің кейбір саясаткерсымақтары Қа­зақстанның теріскей өңірлеріне қатысты «сыйға берілген орыс жерлері» деген сандырақ пікірді қоғамдық санаға сіңіруге тырысып, көпе-көрінеу арандаушылық әрекетке барып жүр. Солтүстік облыстардағы елді мекендердің орысша атаулары – олардың арам пиғылды саяси ойынында «көзір» екені сөзсіз. Мәселен, бірде атышулы Владимир Жири­новский пойызбен Ресейдің Оңтүстік-Орал теміржолына қа­райтын Петропавл стансасына келгенінде перронға шығып, вокзалдың маңдайшасындағы «Петропавл» деген жазуға қарап: «Міне, бұл дұрыс!» деп сүйсініп, қолын шапалақтапты. Ал Омбы облысындағы Есілкөл стансасына келгенінде «Исилкуль» деген жазуды көріп: «Мынау атау дұрыс емес, дереу өзгерту керек!», деп бұлқан-талқан болыпты.

Омбы қаласында тұратын бір қандасымыз бертінде жеңіл кө­лігі­мен Петропавл қаласындағы туыс­тарына қонаққа келе жатып, жолда кездескен елді мекендердің атауларына назар аударғанында жағасын ұстағанын айтқан еді. Өйткені Омбыдан Қазақстанның мемлекеттік шекарасына жеткен­ше қазақ-түркі тіліндегі көне атау­лар жиі кездескен де, біздің ел аумағында Булаево, Полудино, Николаевка, Явленка, Заречное, Новоникольское болып, жалғаса берген. Бұл патша заманы мен кеңес өкіметі тұсында қазақ же­рі­не қоныс аударылған адамдар қазығын қаққан елді мекендер­ге тек орыс тіліндегі атаулар қойыл­ғандығын, ал Ресей аумағын­дағы қазақ және түркі атаулары сақталып қалғандығын көрсетеді.

Теріскей өңірлердегі елді ме­кен­дердің ескі атауларының әлі түгел ауыстырылмауының екі себебі бар. Біріншісі – жер­гі­лік­ті билік пен зиялы қауым­н­ың немқұрайдылығы мен табансыз­дығы. Мысалы, Солтүстік Қазақ­станның Қызылжар ауданын­дағы Чапаево ауылының тұр­ғын­да­ры осыдан он жылдай бұ­рын елді мекен атауын Бола­шақ деп өзгерту үшін жиналыс өт­кізіп, көпшілік дауыспен келісім берген. Өкінішке қарай, тіпті Чапаевода тұрмайтын бір беделді кәсіпкердің қарсылығына бола, бұрынғы облыс әкімі мен төртінші шақырылымдағы об­лыстық мәслихат депутаттары заңды негізде шешіліп тұрған мәселені кейінге шегеріп, ақыры аяқсыз қалдырды. Соның салдарынан ел ішінде неше түрлі анекдоттың кейіпкеріне айналған қызыл командирдің тегі ауыл атауында әлі күнге ардақталып тұрғаны әрлі-берлі ағылған жо­лау­шылардың езулеріне келеке­лі күлкі үйіртіп тұр.

Ақмола облысының орталы­ғы Көкшетау қаласының құрамы­на кіретін Красный яр ауылы тұрғындарының көбі – қазақтар. Сөйте тұра, осы ауыл атауы әлі күнге қазақшаланған жоқ. Ал осы өңірдегі Щучинск қала­сының атауын жергілікті зиялы ағайындар «Абылай хан қала­сы» деп өзгертуге күш салып жатқанынан хабардармыз. Бірақ Абылай хан есімін аудандық маңыздағы шағын қаладан гөрі Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласына берген лайықтырақ емес пе? Сол шаһарда хан бабамыздың Ақ үйінің алдында арғымағына мініп тұрған ескерткіші де бар ғой. Бұл мәселе де Астанадағы бір орталықта мұқият ойластырылып шешілсе, құба-құп.

Елді мекендер атауларының өзгертілмеуінің екінші себебі – қолданыстағы заңнамада. Өйт­кені бір кезде ономастика мәсе­лелерін жергілікті әкім­дік­тер мен мәслихаттар елді мекен­дер тұр­ғындарының пікірін сұра­май-ақ, өздері бірлесіп шеше-тін. Мұның аяғы қазағы қалың өңір­лерде шенеуніктер мен олар­ға ықпалы жүретін бай-бағлан­дардың «атасының атына – ауыл, көкесінің атына – көше беруіне» әкеліп соққаны мәлім. Осыған орай, 2013 жылы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заңға өзгеріс енгізіліп, елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерінің атауларын ауыстыру үшін тиісті аумақ халқының пікірін сұрау міндеттелді. Алайда бұл өзгеріс солтүстік өңірлердегі орыстілді тұрғындар көбірек қоныстанған елді мекендердің күні өткен атау­ларын жаңартуда үлкен кедергі тудырып отыр. Шынтуайтында, мұндай елді мекендер атауларын өзгерту үшін тұрғындар жиналысын өткізіп, оларды өзара пікірсайысқа түсі­ріп, екіге жару этносаралық тату­лыққа сызат түсіретін теріс фак­торға айналды. Ономастика саласында бітпес дауға бастаған «Дайра­байдың көк сиыры», міне, осы болып тұр. Демек, ономастика саласындағы түйіндерді тар­қату үшін аталған заңды қайта­дан қарау керек. Сөйтіп, Ата заңда Қазақстан – байырғы қазақ жерiнде құрылған, біртұтас мемлекет екені атап көрсетілгенін ескере отырып, ономастика мәсе­ле­лерін бір орталықтан шешу шараларын заңдастыру қажет.