• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 05 Шілде, 2023

Жастардың жолын ашқан

261 рет
көрсетілді

Ширек ғасырда ерекше екпінмен дамыған елорданың бүгінгі келбеті кім-кімді де таңғалдырмай қоймайды. Осынау жас қаланың асқақ Астана болып қалыптасуына әрбір тұрғынының, әсіресе, халықтың басым бөлігін құрайтын жастардың үлесі зор. Арман қуып, үмітін үкілеп, Астанаға жиналған жастар өзін дамыту арқылы елорданың, елдің дамуына әсер ететіні анық. Бұл ретте бас қалада жастардың жолын ашып, жан-жақты қолдайтын мүмкіндік мол.

Жастарға жасалған мол мүмкіндік

Осы ойды кеше ғана Астананың бауырлас қалалары форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алға тартты.

«Қоғамның құндылықтар жүйесі жаңғырмай, барлық реформамыздың мәні болмайды. Қазақстанның орнықты дамуы үшін дүниетаным парадигмалары түбегейлі өзгеріп, адамдардың мінез-құлық моделі жаңаруы қажет. Сондықтан мен жастарға, қалалар мен елорданың жас тұрғындарына үлкен үміт артамын. Астана – жас әрі мақсаты асқақ қала. Ұлан-байтақ еліміздің әр аймағынан келген азаматтарымыз қалада тұрақтап қалуға тырысады. Талай жастың елордада бағы ашылды, олар өмірден өз орнын тапты. Бүгінде Астана – мол мүмкіндіктер қаласы. Мұнда әрбір азамат өз әлеуетін пайдаланып, мансап жолында жетістікке жетіп, өзінің арман-мақсатын жүзеге асыра алады. Астана – өзгерістердің қайнаған ортасы, түбегейлі жаңғырулардың асыл діңгегі. Бұл жерде жалпыұлттық бірегейлігіміздің жаңа қырлары мен ұлттың жаңа сапасы қалыптасады», деді Мемлекет басшысы.

Расында, Астанада жастардың дамуы үшін жан-жақты жағдай жасалған. Ең алдымен еңбекпен қамтуға баса мән беріле­ді. Бұл бағытта қалалық Халықты жұмыс­пен қамту орталығы белсенді жұмыс іс­теп отыр. Айталық, бүгінгі таңда жұ­мыс­пен қам­ту іс-шараларының нәтижесін­де 2 787 жас жұмысқа орналасты. Оның ішін­де 1 492 жас тұрақты жұмыс­пен қам­тылса, 275-і – «Жастар тәжірибесі», 752-сі – «Қоғамдық жұмыстар», 134-і – «Әлеу­меттік жұмыс орындары», 132-сі – «Бі­рін­­ші жұмыс орны», екеуі «Ұрпақ­тар ке­лісімшарты» бойынша жұмысқа тартылды.

Бұған қоса қазіргі уақытта елордада жас­өспірімдер мен жастарды уақытша жұ­мысқа орналастыру бойынша «Жасыл ел» бағ­дарламасының 19-маусымы өтіп жа­тыр. Жалпы, «Жасыл ел» бағдарламасы 2005­ жыл­дан бастап жүзеге асырылып ке­леді. Бағ­дарламаға 14-тен 35 жасқа дейін­гі оқу­шылар мен студенттерден бас­тап жұ­мыс­сыз жастарға дейін қатыса алады.

– Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артып келеді. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әр­түрлі санаттағы шеберлердің көмек­ші­сі ретінде және қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар­ мен­ көшеттерді қопсыту және суару, ағаш­тар мен көшеттерге күтім жасау жұ­мыс­та­ры арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қа­лыптасуына үлес қосып жатыр. Жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден аса білім беру мекемесі, 20-ға жуық кол­ледж және 10-нан аса жоғару оқу орын­дары серіктес болуға келісім беріп отыр. Былтыр, нақты айтқанда, 4 208 жас жұ­мыспен қамтылса, биыл да 4 200 жас­өс­пірім мен жасты қамту көзделген және ол көрсеткішке бас­қарма жетіп отыр. Олардың қатарында көп балалы от­ба­сылардың, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, сонымен қатар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар да бар», деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров.

Оның айтуынша, жұмыссыз жас­тар құрылыс компанияларына орналас­са, жұмыс орнынан жалақы алады, сон­дай-ақ «Жасыл ел» жобасы аясында қо­сымша 65 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындалады. Жұмыс уақыты – 8 сағат. Ал 14-17 жас аралығындағы жастар кә­ме­леттік жасқа толмағандықтан, Еңбек кодексіне сәйкес, денсаулықтарына зиян тигізбейтін, ауыр емес, күніне 4 сағаттан артық емес жұмысқа жұмылдырылады.

Сонымен қатар Астанада 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған шағын несие беру басталды. Мұндағы басты шарт – өтініш берген сәт­те жас­тардың жеке кәсіпкер ретінде тіркел­ген уақыты 5 жылдан аспауға тиіс. Жас кәсіпкерлер 5 млн теңгеге дейін жылдық 2,5% номиналды сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейін несие ала алады. Негізгі борыш пен сыйақыны өтеу кезінде шағын несие мерзімінің үштен біріне дейін жеңілдік кезеңі қарастырылған.

Бұл бағдарламаның тағы да айта ке­тетін тұсы – шағын несие кепіл мүлікпен қам­тылуы міндетті. Кепіл ретінде жылжымалы (арнайы техника) және жылжымай­тын мүлік қабылданады. Кепіл мүлік бол­маған жағдайда кепіл берушіні (ата-ана­сын, туыстарын және т.б.) тартуға құқы­ғы бар. Жастарға микрокредит беру ту­ралы шешімді конкурстық комиссия қабылдайды.

 

Шаңырақ көтерген жастардың қатары көп

Арман қала Астанада жастар іздеген жұмысын тауып, маман атанып қана қоймай, өмірлік жұбын кездестіріп, отба­сын құрып жатыр. Астана елорда бол­ғалы, яғни 25 жылдың ішінде қалада 200 мыңнан аса жастар некесін қиып, шаңырақ көтеріпті. Осындай берік некенің нәтижесінде жас астаналықтардың саны көбейіп, 420 мың сәби дүниеге келді.

Жас отбасылардың қатары Астана күні қарсаңында да толығып жатыр. Жа­қын­да мұндай жас жұбайлардың бірі некеге тұру салтанатты рәсімін теплоходта ұйым­дас­тырды. Осынау қуанышпен Астана әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтай келді.

«Елорданың 25 жылдығына орай 10 мау­сымнан бастап әлеуметтік, мә­де­ни ойын-сауық, спорттық және іскер­лік сипаттағы 100-ден аса іс-шара өткізу жоспарланған. Сондай-ақ дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 1 200 орын­дық мектеп, кондитерлік фаб­рика сияқты әлеуметтік нысандардың ашылуы да бар. Бүгін біз Байқоңыр ауданында тұратын жас жұбайларға неке қию куәлігін салтанатты түрде тапсырдық. Бұл іс-шара жыл сайын қала күні қарсаңында өтіп, дәстүрге айналды. Елордада бас құраған жас отбасылардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Осыған қарап-ақ елорданы жас қала, армандар орындалатын мекен деп атауға болады», деді әкімнің орынбасары.

Ал салтанатты жағдайда некесі қиыл­ған жас жұбайлар Үсен мен Гүлнәр Мұ­сайбектер әсерлерімен бөлісіп: «Бізге ХҚО-да бүгінгідей салтанатты тіркеу ұсынылғанда қуана келістік. Некеміз су үстінде осындай сән-салтанатпен қиыл­ғанына және әкім орынбасарының қо­лынан куәлік алғанымызға қуанышты­мыз» деді.

Астанада осындай жас отбасылардың баспаналы болуына да жол ашатын тиімді бағдарламалар баршылық. Мысалы, кейінгі жылдары жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз 5 жылға дейін жал­ға беріліп жатқан пәтерлер қаншама от­басының болашақ үйіне қаржы жинауына көп көмегін тигізіп жатыр.

Бұл бағдарлама іске қосылған 2019 жылы жұмысшы жастарға Ш. Уәлиханов көшесінің бойынан жаңадан тұрғызыл­ған 5 тұрғын үйден 1 050 пәтердің кілті табысталды. Бұдан кейін 2020 жылы пандемияға байланысты жас маман­дар­ға әлеуметтік қолдау көрсету мақ­са­тын­да 350 пәтер берілді. Бұл үйлер Абылай хан, Б.Момышұлы және Р.Қош­қар­баев даңғылдарының қиылысында орналас­қан. Ал 2021 жылы жұмыс істейтін жастар­ға 1 050 баспана сатып алу құқығынсыз берілді.

«Бұл жобаның негізгі мақсаты – ал­дағы 5 жыл ішінде жастар өз қаража­тын жинақтап, жеке үйлерін сатып алуға бағытталған мемлекеттік жоба. Негізгі міндет – жұмысшы жастарды қолдау. Мұнда бес негізгі қағидат негізге алына отырып таңдалады: жасы 29-дан аспаған, жұмыс істейтін, меншігінде тұрғын үйі жоқ, жинақ жасау үшін депозиттік шоты бар, сондай-ақ кейінгі 6 айда кемінде 111 120 теңге, яғни 40 АЕК табысы бар», деді Қ.Қамбаров.