Жаңа ғасырдың адамзатқа сыйлаған игілігінің бірі заманауи техниканың озық жетістіктері деп марқайсақ та, сол табысты шектен тыс асыра пайдалану адамды өзінен өзін алыстатып жатқанын да мойындауға тиіспіз. Себебі бар назары гаджетке бұғауланған бүгінгінің адамының құндылығы да, құндылыққа деген көзқарасы да түбегейлі өзгерген. Сондайда сырласқа сусаған жаныңды кітаптан іздеуің де қалыпты жайт. Ұлы Толстойдың: «Жақсы кітап – ақылды адамның әңгімесімен бірдей» деген ойы қалай қалтқысыз айтылған дейсің дәл осындай көңіл күй үстінде тұрып. Ал өткен демалыста өткен Kitap Fest халықаралық кітап жәрмеңкесіне жиналған жұрттың қарасы адамның кітап оқу мен ішкі рухани кемелденуге деген құлшынысын ешқандай жарқ-жұрқ техниканың алмастыра алмайтынын тағы бір мәрте мойындатқандай.
«Bаurzhan foundation» қорының ұйымдастыруымен осымен тоғызыншы жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан еліміздегі ең ірі кітап мерекесі биыл бас қаламыздың 25 жылдығына арналды. Астана мерейтойын желеу еткен мазмұнды іс-шараға шаһар әкімдігіне қарасты «Креативті индустрияларды дамыту орталығы» тікелей мұрындық болды.
– Біз бұл фестивальді Қазақстанның барлық аймағында өткізгіміз келеді, өйткені сұраныс бар. Қазірдің өзінде көп жұмыс атқарылды. Жаңа Қазақстанға білімді жастар қажет деп санаймын. Сондықтан қоғамда кітап оқуды насихаттау өте маңызды. Елорданың туған күнінде біздің фестиваль тағы да кітапсүйер қауыммен қауышты. Kitap Fest – кітап әуесқойлары үшін ғана емес, сонымен қатар үлкен отбасылық мерекеге айналды. Жыл сайын біз балалар мен ересектерге қызықты әрі ауқымды бағдарлама ұсынамыз. Фестивальден әр адам өзіне пайдалы және қызықты дүниесін табады. Іс-шараның негізгі мақсаты – халыққа кітап оқуды кеңінен насихаттау. Екіншіден, әлі танылмаған жас жазушыларға қолдау білдіру, яғни олардың шығармаларын халыққа ұсыну, өз оқырманын табуға көмектесу. Үшіншіден, баспагерлерді қолдау. Бұл – әлемдік кітапфест қауымдастығына кіретін Қазақстандағы жалғыз кітап фестивалі. Ол барлық қатысушы үшін тегін өтеді, – деді Kitap Fest фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанова.
Оқырман мәдениетін қалыптастыру, жазушылар мен олардың оқырмандары үшін бірыңғай алаң құру, балалар мен жастар арасында кітапқа деген қызығушылықты арттыруды мақсат тұтқан Kitap Fest жәрмеңкесі 2014 жылдан бері кітапқұмар оқырманын қуантып келеді. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шара құрылғаннан бергі 9 жыл ішінде шығармашылық кездесулердің негізгі алаңына, сондай-ақ үлкені де, кішісі де жыл сайын асыға күтетін отбасылық мерекеге айналды. Фестиваль жылдарында белгілі авторлар мен баспалардың қатысуымен 300-ден астам кітап таныстырылды, жәрмеңкелерге 150-ге жуық кітап дүкені қатысты. Нәтижесінде, Kitap Fest жобасы республика көлеміндегі ең алғашқы кітап мерекесі ғана емес, сонымен қатар танымдық мәні зор мәдени-ағартушылық жобаға айналып, миллиондаған көрерменнің сүйіспеншілігіне ие болды.
Күні күліп тұрып, әп-сәтте аспаны жылай жөнелетін Астананың құбылмалы ауа райына қарамастан, кітап фестиваліне келген оқырман қарасында шек болмады. Қала күніне орай ұйымдастырылған 10 сағаттық мәдени бағдарламаға кітап саудасынан бөлек, иллюстрацияланған көрме, қазақстандық жазушылармен және пікір көшбасшыларымен кездесу, шеберлік сыныптары, конкурстар мен акциялар, балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы, сондай-ақ Қазақстанның ірі баспалары мен кітап дүкендері ұсынған кітап керуені астаналықтар мен қала қонақтары, жалпы кітапсүйер қауым үшін тамаша тарту ғана емес, естен кетпес керемет мейрам болғаны да сөзсіз. Іс-шара аясында Серікбол Хасан, Әйгерім Мұсағажинова, Үнзила Мыңбай, Динара Болат, Зәуре Төрехан, Перизат Мырзахмет және басқа да көптеген жазушы мен блогер өздерінің жаңа кітаптарын таныстырды. Кітап авторлары қазіргі әдебиеттегі өзгеріп жатқан тенденция туралы айтты. «Офлайн кітаптар туралы» жеке шатырда танымал жазушылар, блогерлер, психологтер өз тәжірибелерімен бөлісті. Жас жазушылар мен баспагерлер үшін кітаптарды насихаттаудың құпиялары, авторлық құқықты қорғау туралы дәрістер мен семинарлар өткізілді.
Мәселен, сондай мазмұнды кездесудің бірінде белгілі қазақстандық жазушы Зәуре Төрехан өзінің «Күйекөбелектер шаһары» атты жаңа кітабын таныстырды. Ол кітапты Қазақстанда және шетелде басып шығару жолдары туралы жан-жақты сөз қозғады. Жазушының пікірінше, Kitap Fest бүгінде шығармашылық кездесулер үшін беделді де қуатты пікір алмасу һәм тәжірибе бөлісу алаңына айналған.
– Ұйымдастырушыларға осындай керемет іс-шара үшін алғыс айтқым келеді. Бүгінгі кітап фестиваліне біздің мақсатты аудиториямыздың көп бөлігі келді десем болады. Көңіл күй өте керемет, оқырмандар қауымымен жолығып пікір алмасуға тамаша мүмкіндік туды, – десе, жас қаламгер Диана Батишева 8 жасында кітап жазудың құпиясымен бөлісіп, баланың жеке басының дамуындағы әдебиеттің рөлі туралы тәжірибесімен бөлісті: – Елімізде жазушыларға ортақ алаң құратын осындай тамаша іс-шара көп болса екен. Сүйікті астанамыздың туған күнінде қала тұрғындары үшін кітап фестивалі пайдалы әрі қызықты мерекеге айналды. Қазақстандықтарды, әсіресе жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл фестивальдің болашағы зор деп ойлаймын, деп атап өтті жазушы.
Сондай-ақ фестиваль аясында «Ауылға кітап» акциясы ұйымдастырылды. Онда әрбір адам Қазақстанның ауылдық кітапханаларына кітап сыйлау, сонымен қатар ұнаған кітаптарын жеңілдікпен сатып алу немесе кейбіреуін тегін алу мүмкіндігіне ие болды.
– Ауыл мектептерінің кітапханасына кітап көп жеткізіле бермейтіні белгілі. Соны ескеріп «Ауылға кітап» бастамасын қолға алдық. Яғни фестивальге келген әрбір қонақ, өзімен бірге кітап әкелуіне не болмаса жәрмеңкеден сатып алған кітаптарын «Ауылға кітап» деген сөреге қойса болады. Артынан жиналған кітаптарды шалғай аудандардағы мектептердің кітапханасына жеткізіп береміз. Бұған тек бірлі-жарым адам ғана емес, үлкен компаниялардың да қатысуына болады. Оған қоса, фестиваль аясында үлкен кітап алмасу іс-шарасы өтті. Қонаққа келушілер қолындағы кітабын басқа оқырманның кітабымен алмастыра алады. Тіпті балаларға арналған ойын-сауық та ойластырылған. Бір сөзбен айтқанда, әрбір келген оқырман өзіне керекті дүниесін алып, уақытын қызықты өткізеді деп сенеміз, деді айтулы акция мақсатын кеңінен әңгімелеп берген жоба үйлестірушісі Майра Әлжанова. Оның айтуынша, мұндай іс-шараларды ұйымдастыру тамаша тәжірибе болумен қатар, қазіргі әдебиеттің қай саласының ақсап тұрғанын да анықтауға мүмкіндік береді: – Әлемдік жазушылардың санымен салыстырсақ, әрине, бізде жазушылар өте аз. Ол тек балалар әдебиетінде ғана емес, бүкіл жанр бойынша солай. Мысалы, кез келген кітап дүкеніне кірсеңіз, кітап тізіліп тұрған он шақты сөренің тек біреуі ғана қазақтілді туындыларға арналған. Осыған қарап-ақ, біз әлі де жан-жақты жұмыс істеп, көп дүние жазып, жарыққа шығару қажет екенін түсінеміз. Қазір жасөспірімдерге арналған әдебиет тіпті жоқтың қасы. Бар болса да, шетелдік әдебиеттен аударылған кітаптар. Десе де, қуантарлығы – өткенмен салыстырғанда бүгінде біршама алға жылжу бар. Бір ғана мысал, 2014 жылмен салыстырғанда қазір кітап оқитындардың саны артты. Себебі фестивальге алғашқы жылдары 500-1000 адам келсе, соңғы кітап фестиваліне 10 мыңға дейін адам қатысты. Кітап дүкендерінде де жастардың қарасы қалың. Демек мақсатымыз орындалды, деді Майра Әлжанова.
Иә, жоба үйлестіруші атап өткендей, қазір отандық әдебиетпен қатар шетел әдебиетін қазақ тіліне аударып, жарыққа шығарып жатқан баспа үйлері бар. Мысалы, «Qasym», «Steppe & World Publishing», «Abay Books», «Meloman Publishing» және тағы да басқа баспа үйлерінің оқырман сұранысына сай сіңіріп жатқан еңбегі ерен. Атқарылған қыруар жұмыстың жемісін Kitap Fest сөрелеріне қойылған мұқабасы көз тартарлық тамаша туындылардың саны мен сапасынан да айқын аңғаруға болады.
Сондай-ақ биылғы кітап фестивалінде әртүрлі жанрдағы 2000-ға жуық кітап тегін таратылды. Ал фестивальге келген ең кішкентай келушілерді түрлі ойын, квест, шеберлік сыныптары мен аниматорлар қуантты. Қуыршақ театры ұсынған «Алдар көсе» ертегісінің іс-шара қонақтарына, әсіресе балдырғандарға сыйлаған қуанышы мол. Табысты тәмамдалған жоба алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңашыл бастамаларымен оқырманын қуантуға асық. Біздіңше, Kitap Fest-тің ең үлкен жеңісі де осы.