Синоптиктердің болжамына сенсек, еліміздің басым бөлігінде 11-13 шілде күндері күн тағы да қатты ысиды. Алдағы тәуліктерде ел аумағы арқылы Батыс циклоны өтеді.
Елдің батысында, одан кейін солтүстігінде және орталығында найзағай ойнап, бұршақ жауып, екпінді жел соғады. Республиканың шығысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында антициклонның күшеюімен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Осы кезеңде солтүстікте, орталықта, 11-12 шілдеде солтүстік-батыста, 12-13 шілдеде оңтүстікте, 13 шілдеде оңтүстік-шығыста 43 градусқа дейін өте қатты ыстық болады.
Күннің қатты ысуы жағдайында өрт қаупі күшейетіні белгілі. Маусым басында Абай облысында орын алған, адам шығынына әкеліп соққан алапат өрттің жалыны жүрегімізде әлі басыла қойған жоқ... Жоғары температура адамдарға да кері әсер етеді. Аптап ыстық барлық адам үшін ең алдымен, қауіп топтарына жататын тұлғалар үшін қауіпті.
Егде адамдар, жүкті әйелдер, жаңа туған нәрестелер, сәбилер, созылмалы аурулары (жүрек-қан тамыр, несеп шығару жүйесі, тыныс алу ағзалары, зат алмасу бұзылыстары) бар тұлғалар, қимыл-қозғалысы шектеулі және ақыл-ой бұзылыстары бар тұлғалар, дәрі-дәрмек қабылдайтын, далада жұмыс істейтін және физикалық жаттығулармен айналысатын адамдар, сондай-ақ халықтың үйсіз-күйсіз немесе жағдайы төмен топтарындағы адамдарда ыстық өтіп ауыру қаупі жоғары болады. Осыған орай Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері барлық жауапты орындарды аптап ыстыққа байланысты бірқатар сақтық шарасын мүлтіксіз орындауға, тұрғындарды өз денсаулығына мұқият болуға шақырады.
Дала және орманды жерде ыстық, құрғақ, желді ауа райы кезінде от жағуға болмайды. Екіншіден, үй маңында, саяжайда жиналған қоқыс пен қураған шөпті жаққан кезде қауіпсіз арақашықтықты сақтау керек. Ол 50 метрді құрайды. Сонымен қатар жанған отты қараусыз қалдыруға және оны бақылауды балаларға тапсыруға болмайды.
Өрт қаупіне байланысты қалалы жерлерде, далалы аймақтарда бірқатар шектеу енгізілген. ТЖД қызметкері халық арасында кең, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Төтенше жағдайлар министрлігі ыстықтан сақтану үшін азаматтарға, аса қажеттілік болмаған жағдайда, далаға шықпауға кеңес береді, сондай-ақ ағзаны сусызданудан қорғау үшін көп су, күніне кемінде 1,5-3 литр сұйықтық ішу керек, аптап ыстықта кез келген физикалық белсенділіктен бас тартыңыз, күндіз күн сәулесі бөлмеге түспеуі үшін терезелерді ашық реңкті перделермен жабыңыз, күн өтпес үшін бас киім, ашық ауа өткізбейтін киім (мақтадан жасалған) киіңіз. Ыстық ауа райында балаларға ерекше назар аударып, сақ болыңыз.
Қазір – жазғы демалыс кезеңі. Осыған байланысты тұрғындардың табиғат аясына шығу фактілері үрдіс алуда. Табиғат аясына барған кезде міндетті түрде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Табиғи өрттердің орын алуының негізгі себептері – халықтың отты абайсыз пайдалануы, сөндірілмеген темекі, алау, жанған сіріңке, майлы немесе тозығы жеткен шүберек, шыны бөтелке, көлік құралының сөндіргішінен ұшқыны, құрғақ шөптің жағу, найзағай.
Сондай-ақ қызмет бабындағы адамдардың да сақтық шараларын қатаң ұстанғаны жөн. Кеңсеге даладан ыстықтап, терлеп кірген бойда кондиционер астына отыруға болмайды. Бұл радикулит пен пневмонияға шалдығу қаупін арттырады. Күн қаншалықты ыстық болса да, кондиционерді 18 градустан төмен түсірмеу керек. Дала мен ғимарат ішіндегі температураның айырмашылығы 10 градустан аспауы тиіс. Сондай-ақ кондиционер жұмыс істеп тұрған бөлмеде екі сағаттан артық отыруға болмайтынын естен шығармаған дұрыс. Үйде де, кеңседе де ауаның құрғап кетуінен сақтану керек. Ол үшін бір ыдысқа су құйып, бетін ашық қалдыруға болады.
Көптеген қала тұрғыны күн ыстық кезде қаладағы субұрқақтың маңайын паналауға құмар. Тіпті кішкентай балалардың субұрқаққа шомылып жүретінін де байқауға болады. Мамандар мұның дұрыс емес екенін айтады. Себебі субұрқақтағы суда вирустар, адам үшін зиянды микроорганизм көп болады. Сонымен қатар бұрқақтарға суға түскенде дизентерияны, ішек инфекцияларын және А гепатитін жұқтыру қаупі жоғары. Сондай-ақ ондағы су тұйық жүйеде айналғандықтан, жан-жануарлардан қалған гельминт жұмыртқаларының жұғуына себеп болуы мүмкін.
Ғалымдар алдағы уақытта ғаламшарда адам төзгісіз ыстық болатынын мәлімдеп отыр. Олардың айтуынша, Жер ғаламшарында климат шамалы жылынғанның өзінде оның арты температураның барынша жоғары көтерілуіне алып келеді. Айталық, жақында Канаданың Литтон ауылында 49,6 градустық ыстық болды. Ғалымдар мұндай ыстық мың жылда бір рет қайталанатынын айтады. Бұған қоса, жаһандық жылыну да жағдайды қиындата түседі. «Климаттың жылынуы экстремалды аптап ыстықтың келуіне әсер етті. Біз мұндай ыстық тек алдағы уақытта болады деп ойлаған едік», дейді Оксфорд университетінің ғалымы Фредерике Отто. Нидерландылық зерттеуші Сьюкье Филипптің пікірінше, енді мұндай аптап ыстық жиі қайталанады. Ал егер планетаның температурасы 2040 жылға қарай тағы екі градусқа көтерілсе, онда әлемде алапат өрт пен түрлі зілзала көптеп орын алуы мүмкін.
Аптап ыстық қашанда, қай жағынан да – үлкен сын. Сондықтан одан бұқара боп сақтанған жөн.