Ұсынылып отырған суреттердің сақталып келгеніне бақандай 85 жыл болыпты. Осы суреттер бүкіл ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаз Әкімқожа Садыровтың архивінен алынып отыр. Бұл туралы Қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетінің 1938 жылғы студенті Ә.Садыровтың естелігін оқып көрелік.
«1938 жылдың декабрь айы. Институттың соңғы курсына аяқ басқан болатынбыз. Бірге оқитын факультет шәкірттерi жиналып, студенттік кезден ескерткіш болсын деп ұлағатты ұстаздарымызбен суретке түсуге келiстiк.
12 декабрь. Дала түгел ақ көрпеге оранғандай, жаңа жауған қардан ауа тап-таза. Ол кезде Алматыда қазiргiдей еңсесiн көкке созған сәулеттi ғимараттар, ерсiлi-қарсылы тынымсыз жүйткiген көліктер аз болатын. Суретке түсiретiн жердiң өзi де бiрлi-жарым. Горький және Красина көшелерiнiң бұрышында шағын фотография бар едi. Демалыс күнi барлығымыз сол жерге жиналатын болдық. Ұстаздарымыз да бұл тiлегiмiздi құп алып, келiсiмдерiн бердi.
Демалыс күнi сағат таңертеңгi тоғызда жан-жақтан фото жасайтын үйдiң алдына жиналып жатырмыз. Көңiл күйiмiз көтерiңкi. Барымызша сәнденiп-ақ келiппiз. Айналамызға елеңдеп, күтiп тұрғанымыз – ұстаз ағалар. Әне бiзбен бiрге суретке түсуге келiсiмiн берген қадiрмендi ағалар да көрiндi. Арамызда студент қыздарымыз бар, бiз де ұстаздарымызды қарсы алуға алдарынан шықтық. Ұлы Мұхтар Әуезов бастап, Есағаң (академик, сыншы Есмағамбет Смайылов) бар, ұстаздар риза пейiлмен күлiмдеп келдi. Біз мәз-мейрам сәлемдесiп жатырмыз. Әсiресе Мұхаңның әрқайсымызға көз тоқтатып, майда қоңыр даусымен мейiрiмін төге сәлемдесуi бәрiмiздiң жүрегiмiзге бiр-бiр от тастап кеткендей болды.
Әне-мiне дегенше жиналып та қалдық. Бiрен-саран кешiккен әрiптестерiн Мұхаң астарлы әзiлмен сынап та тастады. Осы сәтте фотографтың:
– Келiңiздер! – деген дауысы естiліп, бәрiмiз суретке түсiретiн бөлмеге ендiк. Ұстаздарымыз орындыққа отырды да, бiз түрегелiп тұрмыз. Қараңыз: төрт қатардың ең бiрiншiсiне (бәрi де солдан – оңға қарай) Алексей Зиновьев, Ісмет Кеңесбаев, Қали Жанғожин (студент), Есмағамбет Смайылов, екiншi қатарға Төлеген Тәжiбаев, Қажым Жұмалиев, Митрофан Сильченко, Сәрсен Аманжолов, Мұхтар Әуезов, Александр Лыншевский, Серғали Толыбеков, үшiншiге бiз, бiр топ студент қаз-қатар тiзiлiппiз.
Суреттi екi күн тағатсыздана күтіп, мерзімі болған күні бір топ студент суретке түскен үйге келдiк.
– Келiңiздер, – дедi баяғы жүзі таныс фотограф бiзге, – сурет дайын.
Суретті ала-сала тармаса қалай түскенiмiздi қарап жатырмыз. Бiр-бiрден өзiмiзге тиесiлi даналарын алдық. Ендiгi мәселе – суреттi ұстаздарымызға апарып беру. Неғұрлым тез жеткiзуге асығамыз.
Маған Мұхаңның суретiн апарып беру тапсырылды. Бұрын Құдайберген Жұбановқа iлесiп Мұхаңның үйiнде бiрнеше рет болғаным бар-ды.
...Мұхаң жазу жазып отыр екен. Менi көрдi де, орнынан тұрып қарсы жүрдi.
– Сәлеметсiз бе? – дедiм мен қысылып-қымтырылып.
– Сәлемет, сау барсың ба?! – деген соң, мен дереу қойнымдағы суреттi алып, алдына қойдым.
– О, жақсы! Рахмет! – деп ризалығын жасырмай иығымнан қақты да, орнына отырды.
Мұхаң қолындағы суретке қайта-қайта қарағыштап отырған сәтте, әкелерінің жазу столының жанына келген Ләйла, Фаридалар да әлгi мен әкелген суреттi үңiлiп көрiп жатыр.
Валентина жеңгемiз дастархан басына шақырды. Тамақ үстiнде Мұхаң маған қарап:
– Иә, Әкiмқожа, – дедi, – уақыт өтедi, ауызекi айтқанға бiреу сенедi, бiреу сенбейдi. Ал мына суреттi көргендер, өз көздерiмен куә болады. Ұмытылмайтын жақсы естелiк, студенттердiң соны түсiнгенiне iштей қуанып қалдым...
Осылайша, халқымыздың ұлы жазушысының, аяулы ұстазымыздың – қарапайымдылығының, студенттерге деген ыстық iлтипатының бiр ғана сәтiнiң куәсi болғаным бар. Ал мына сурет сол дархан көңiлдiң, шабытты кезеңнiң бiр ғана сәтiн айнытпай дөп басыпты».
Сөз соңында осы мақаланың кейіпкері болып отырған Әкімқожа Сағырбайұлы Садыров жөнінде мағлұмат бере кеткенді жөн көріп отырмыз.
Ол кісі, яғни менің әкем 1916 жылы дүниеге келіп, 1988 жылы дүниеден озды. 1932 жылы мектеп бітірген соң мұғалімдік қызметке кіріседі. 1935 жылы Қазақ педагогика институтына оқуға түсіп, 1939 жылы филолог мамандығы бойынша бітіріп шығады. Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғанға дейін бірнеше әдеби мақала жазып, әдебиет әлеміне деген талпынысын байқатады. Сталинград түбінде ауыр жараланып елге оралған соң, шығармашылықпен айналысу мүмкін болмай, ұстаздық қызметке біржола ден қояды. Ол классик балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевқа, дарабоз ақын Мұқағали Мақатаевқа, ақын Еркін Ібітановқа, ең соңғысы, қазіргі әдебиет майталманы Тұрсынжан Шапайға қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берді. Майданда көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Бірнеше медальдың иегері. Ұстаздық еңбегі бағаланып, «Отличник просвещение СССР» және «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» атақтарын алған.
Берік САДЫР,
«Egemen Qazaqstan»-ның ардагер журналисі