• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Баға 13 Шілде, 2023

Жаңа тариф: көрпеге қарай көсілу

265 рет
көрсетілді

Керекуде тамыз айынан бас­тап электр энергиясы, жылумен, сумен қамту және кәріз жүйесінің тарифтері біртіндеп қымбаттайтыны бел­гілі болды. Монополияға қарсы мекемелердің өкіл­дері коммуналдық төлем­дердің жаңа бағасы халық­тың қалтасына салмақ түсір­мейтіндей белгіленеді деп отыр. Дейтұрғанмен бір ғана жарық тарифі шамамен 27 пайызға өсетіні тұтынушылардың көңі­ліне жақпай тұрғаны рас.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағида­ты әбден ескірген коммуникациялық желілерді жаңартудың бірден-бір жолы екені рас. Бұған дейін Үкіметтен ескерткендей, коммуналдық қызмет ақыларын өсірмей, әбден көнеріп тұрған құбырлар мен жабдықтарды, электр желілерін жаңарту мүмкін емес. Ортақ пайдаланылатын тораптар мен коммуникацияларды қазы­на қаражатына жаңартып шығу – ойға сыймайтын жайт. Мұның үстіне ке­йінгі жылдары коммуналдық қыз­мет саласында, электрмен және жылумен қамту саласында мамандар тапшылығы тұрақты байқалады. Лайықты еңбекақының болмауы, білікті кадрлардың тұрақтамауы да са­ладағы мәселелердің күрделенуіне алып келген. Ал халықтың күнделікті өмірі үшін аса маңызды коммунал­дық қызметтердің кідіріссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін стансалар мен ұйымдарда пайдаланылатын қосымша бөлшектер мен жабдықтар бірнеше есеге қымбаттаған. Осының барлығы айналып келгенде бұған дейін қолданыста болған тарифтер­дің инвестициялық бөлігін нөлге жеткізіп, шығынға батыра бастаған.

Павлодар облысы бойынша та­биғи монополияларды реттеу ко­митеті департаментінің басшы­сы Ибрагим Тангиевтің айтуынша, өңір­­дегі ең нашар жағдай жылумен қамту саласына тиесілі. Орташа алғанда облыстағы желілердің 76 пайызы ескірсе, бұл көрсеткіш Пав­лодар қаласында – 82 пайыз, Екібастұз қаласында – 93 пайыз, Ақсуда 64 пайызға жеткен. Электр желілеріндегі тозу көрсеткіші – 55 пайызды, ауызсу құбырлары бойынша 64 пайызды көрсеткен. Жағдайды дұрыстау үшін монополистерден жаңа инвестициялық бағдарламалар қабылдауға жалпы саны 8 өтініш келіп түскен. Олардың жалпы құны 12,8 млрд теңгені құрайды.

– Өңір тұрғындары үшін 1 тамыздан бастап электрмен қамту тариф­тері шамамен 27 пайызға қымбат­тай­ды деп күтілуде. Өзгерістер бо­йынша жуық арада көпшілік тың­­дау шаралары өткізіледі. Ал жылу­­мен қамту саласына келер болсақ, әр қаладағы жағдай әртүрлі. Павлодар­да ол шамамен тамыз айында 5 пайыз­ға, Ақсуда 11 пайызға өзгеруі мүм­кін. Екібастұздағы жағдай күрделі­рек, жөндеу шаралары аяқталған соң ол жерде тарифті талқылау бойынша жиындар өтеді. Біздің бол­жамымызша, тарифтің өзгеруі 27-30 пайыз аралығында болуы мүмкін. Ауызсумен қамту саласында облыс орталығында тариф өзгерісі – 20, Ақсу мен Екібастұзда 11 пайызды құрайды. Бұған қоса кәріз жүйесі­нің қызметі үшін Павлодарда тариф ­20 пайызға, өзге қос қалада 9-13 па­йыз аралығында қымбаттайды деп күті­луде, – дейді департамент басшысы.

Мекеме басшысы тариф баға­ларын ұлғайту жөніндегі ұсыныстар бұған дейін құрамына депутаттар, қоғам белсенділері және мемлекеттік органдардың өкілдері енген комиссия отырыстарында қаралғанын атап өтті. Инвестициялық бағдарламаларда­ғы өзгерістерді талқылау бойынша 7 көп­шілік тыңдауы ұйымдастырылған.

– Біз «көрпемізге қарай көсі­лу» қағидатын ұстанамыз. Барлық өзгеріс азаматтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарай қа­былданады. «Тарифті инвести­ция­­ға айырбастау» бағдарламасы тариф­тердің кезең-кезеңімен өзгеруін қарастырады. Бұл тарифтердің бірден күрт өсіп кетуін болдырмайды әрі халыққа ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға жол ашады, – дейді И.Тангиев.

Мамандардың есептеуінше, жаңа тарифтер қабылданса, тұрғындар қазіргі қолданыстағы тарифтен шамамен 1 770 теңгеге көп тө­лейді екен. Көмірлі шаһарда бұл өз­ге­ріс жылумен қамтамасыз ету са­ла­сын­да 3 мың теңгеге дейін же­туі ғажап емес. Та­рифтің өсуі ком­му­налдық же­­­лі­­­лер­ді жаңартуға қо­сым­ша инвес­ти­­­ция­лардың түсуін қам­тамасыз етеді деп болжануда. Еліміз бойынша жабдықтары мен желілері әбден тозған энерге­тика нысандарының «қы­зыл айма­ғына» Керекудегі №1 және №2 ЖЭО-лар, «Павлодар жылу желі­лері», «Павлодар-Водоканал» және еккібастұздық «Горводока­нал» мен «Ақсу су арнасы» енген. Атал­ған мекемелер осы себептен ин­вес­тициялық бағдарламалар мен қолданыстағы тарифтерге өзгеріс енгізу жөнінде өз ұсыныстарын берген. Жоғарыда атап өткендей, қосымша шараларға сұралып отыр­ған қаражаттың жалпы сомасы – 13 млн теңгеге жуық. Алдағы үш жыл­да монополистердің қызметіне бағдарланған өңірлік инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыру 39 млрд теңгеден 51,8 млрд теңгеге дейін ұлғаяды деп жоспарланған. Бағдарлама сәтімен іске асса, жыл сайын желілер мен жабдықтар­дың тозуын 2 пайызға төмендетуге мүмкіндік бар.

Жыл басынан жылумен қамту са­ласындағы монополист компания­лар еңбекақы көлемін 40-тан 100 пайыз­ға дейін өсіріп, қызметкерлерінің жалақысын 335 мың теңгеге дейін ұл­ғайтты. Мысалы, «Павлодар электр­желілік тарату компаниясы» АҚ-ында ор­таша еңбекақы 133 мың, ал «Гор­электросеть» ұйымында ол небәрі ­82 мың теңге болған еді.

 

Павлодар облысы