• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өндіріс 13 Шілде, 2023

Қуатты кәсіпорынның қадамы

303 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев «Әділетті мемлекет, Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі мәселенің бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет», деп атап өткен болатын. Осы тұрғыда еліміз көлемінде жан-жақты мемлекеттік қолдаудың арқасында аса ауқымды инвестициялық жобаларды сәтімен жүзеге асырып жатқан, заманауи үлгідегі кәсіпорындар жыл санап көбейіп келеді. Солардың бірі – Ақмола облысының Бұланды ауданы аумағында орналасқан Макинск құс фабрикасы.

Макинск құс фабрикасы – құс етін өндіру және қайта өңдеу саласындағы еліміздің ірі инвестициялық жобасы. Кәсіпорынның бірінші және екінші кезектегі инвестицияларының жалпы көлемі 48,5 млрд теңгеден асты. Макинск құс фабрикасының құрылысы 2015 жылы басталды. Жобаны іске асыру құны 74 млрд теңгені құрады, бұл оны саладағы ең ірі инвестициялық жобаға айналдырды.

2018 жылдың қыркүйегінде қуат­ты­лы­ғы жылына тірі салмақтағы құсты 34 000­ тонна көлемінде өндіретін бірінші кезек пайдалануға берілді. Бірінші кезек аясын­да құрылыс инвестициясы 34 млрд теңгені құрады. Оған әрқайсысында 12 құс қорасы бар бройлер өсіретін 4 алаң, инкубаторий, құстарды қайта өңдеу зауыты, жем өндіру цехы, саңғырықты қордалау алаңы, әкімшілік ғимараттар кірді. Фабриканы пайдаланудың бірінші кезеңінде 882 адам жұмыспен қамтылды.

2020 жылы Макинск құс фабрикасында бройлер өсіру бойынша өндіріс­тің­ екінші кезегі пайдалануға берілді. Жоба­ны жүзеге асыру құны 14,5 млрд теңге болды. 2020 жылы өндіріс көлемі 34 000 тонна тірі салмақтағы құс өнімін құрады. Екінші кезектің іске қосылуы­мен құс фабрикасы қуаты бойынша Қазақ­стандағы ең ірі фабрикаға айналды. 12 құс қорасынан тұратын төрт жаңа бройлер алаңы өндіріске қосылды. Инку­ба­тор, жемшөп цехы, құс етін өңдеу зауы­ты­ және ет-сүйек бөлімі жаңа қуатта жұ­мыс істей бастады. Екінші кезекті іске қосу­дың­ нәтижесінде кәсіпорында жаңа­дан­ 570 жұ­мыс орны ашылды.

2021 жылы өндіріс көлемі 61 554 тонна ет өнімдерін құрады. Қазірде Макинск құс фабрикасының үшінші кезегін салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. МҚФ-тың үшінші кезегінің құрылысы 2021 жылы басталған. Жобаға салынған инвестиция сомасы 25 млрд теңгені құрайды. Алдағы уақытта құс фа­брикасының қуаттылығы жылына 100 мың тоннаға дейін құс етін өндіруге мүм­кіндік береді деп күтілуде.

Құс фабрикасының аумағы мен қуатын арттырудан бөлек, үшінші кезек­ жобасына жаңа құс қораларын салу, сою­дан­ қалған қалдықтарды қайта өңдеу жаб­дығының қуатын тәулігіне 133 мың бастан 140 мың басқа дейін ұлғайту, жем түйі­р­шіктендіру желісінің өнімділігін саға­тына 20 тоннадан 30 тоннаға дейін өсіру және өндірістің өзекті талаптарына жауап беретін дайын өнімді сақтауға арнал­ған орындар көлемін арттыру кіреді.

МҚФ үшінші кезегінің құрылысы – құра­мына аталған өндірістік кәсіпорын кіретін AITAS холдингінің стратегиялық жоспарының ажырамас бөлігі. Макинск құс фабрикасының үшінші кезегін іске қосу жобасы импортты алмастыру және аймақты дамыту, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты әлеу­меттік нәтижеге қол жеткізуге бағыт­тал­­ған. Қазіргі уақытта мұнда 1 900-дан астам адам жұмыс істейді.

МҚФ-ның бүгінгі тыныс-тіршілігі, ал­дағы нақты жоспарлары туралы кәсіп­орынға жасалған баспасөз туры барысында оның басшылығы, жауапты мамандары жан-жақты әңгімелеп берді.

«Макинск құс фабрикасы, оның жоба­сы­ның үшінші кезегі құрылысының жүзеге асырылуы – Қазақстанның құс шаруа­­шылығы саласына қосылған қомақ­ты­ үлес, құс фабрикасының өзінде де,­ МҚФ айналасында дами баста­ған­­ басқа да шағын және орта бизнес кәсіп­­орындарында жаңа жұмыс орын­дарын құру. Біз өз қызметіміз аясында Бұланды ауданы мен Макинск қала­сын­ дамытуға қатысып келе жатқан «Ауыл­дық аймақтарды тұрақты дамыту­ қоры­мен» өте тығыз серіктестік қарым-қаты­настамыз. AITAS – осы қордың бас де­меушісі, ол ақшалай қаражатты өңірі­міз­дің инфрақұрылымын, білім саласын, медицинасын дамытуға бағыттайды», деді «Макинск құс фабрикасы» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің бас дирек­торы Ришат Раисов.

Бүгінгі таңда Макинск құс фабрика­сын­да 17 өндірістік нысан, атап айтқанда, инку­батор, әрқайсысында 12 құс алаңы бар­ қолданыстағы 8 құс қорасы және пай­­да­лануға берілу жоспарланып отыр­ған 4 құс қорасы, құс өңдеу зауы­ты,­ құс саң­ғырығын, ет және сүйек қал­дық­­­тарын қордалау алаңы, жем өндіру цехы­ бар. Өндірістің биоқауіпсіздігі мен эколо­гия­лығы талаптарын сақтау мақ­са­тында кәсіп­орында инкубациялық өн­діріс, құс өсіру, сою және ет-сүйек ұнын өндіру саты­ларында жоғары техно­ло­гия­лық­ энер­гия үнемдейтін жабдықтар пайдаланылады. Барлық учаске, мекемелерде санитарлық талаптар қатаң сақталады.

Бұл жөнінде ЖШС-ның өндіріс жөнін­де­гі директоры Сергей Серебрен­ников: «Кәсіп­орын ең озық үлгідегі еуропалық өндіру­шілердің жабдықтарын қолданады. Құрал-жабдықтар жағынан ең заманауи құс фабрикасы, бұл тұрғыда әлемдік көшбас­шылардан еш кем түспейміз», дейді.

Осы арада кәсіпорын басшылығы мәлім еткен бір мәселе – фабриканың бүкіл құрылымдары әлемдік озық үлгілі техника, құрал-жабдықтармен жасақталуына орай оны игеру, басқару, қолдануға қа­тысты мамандарға зәрулік бар. Бұл жөнінде өндіріс цехының бастығы Евгений Овдиюк: «Алғашқы жылдары Еуропалық маман-кадрларға жүгінген едік. Өкінішке қарай, еліміздегі кәсіптік-техникалық арнайы білім беретін мекемелерде бізге қажет, қолданыстағы техника, жабдықтарымызды жақсы білетін мамандар даярлана бермейді. Сондықтан қазір біз тәлімгерлік тәжірибесін кең пайдаланудамыз. Іске ысылып қалған мамандарымыз жұмысқа жаңа келген жастарды қамқорлығына алып, тәжірибесімен бөліседі. Бір сөзбен, өз мамандарымызды өзіміз даярлаудамыз», дейді.

Құс фабрикасының аумағында орна­лас­­қан барлық ғимараттың жалпы ауда­ны­­ 300 мың шаршы метрден асады. Жоба Еу­ро­­­палық қайта құру және даму банкі­нің,­ Baiterek Venture Fund венчурлық қоры­­ның және Қазақстанның Даму Банкі­нің­­ кредиттік желісінің қолдауымен, AITAS­ холдингінің дамудың ұзақмерзім­ді­ стратегиясы шеңберінде іске асырылу­да.­

Үшінші кезектің құрылысы бойынша жоспарларды іске асыру 2023 жылы кәсіпорынның қуатын жылына 100 мың тонна құс етіне дейін арттырады, бұл өсімдік шаруашылығын дамытуды және қанаттас салаларда жұмыс орындарын құруды ынталандырады. Кеңейту жобасы аясында 40 млрд теңгеден астам инвестиция тартылмақшы.

Макинск құс фабрикасы «Aitas» хол­дин­гінің құрамына кіреді. Холдинг стратегиясына сәйкес 2030 жылға дейін 350 млрд теңгеге жуық инвестициямен жылына 350 мың тоннаға дейін ет өнімдерін өндіру көлемін арттыру көзделіп отыр.

Айта кетелік, AITAS – Қазақстандағы ең ірі агроөндіріс холдингі, оның құра­мы­на «Кус&Вкус» брендімен өнім шы­ға­­ратын Өскемен және Орталық Азиядағы ең ірі Макинск құс фабрикалары, Алматы асыл тұқымды құс репродукторы, «AMP» брендімен шығатын ет, деликатес, шұжық өнімдері, Aitas Foundation корпоративтік қоры сияқты 15-тен астам кәсіпорын кіреді. Холдингте жемшөп және жемшөп компо­ненттерімен қамтамасыз ету мақса­тын­да Шығыс Қазақстан және Солтү­с­тік­ Қазақстан облыстарындағы 35 мың гек­тардан астам аумақты алып жатқан бір­неше шаруашылық кіретін Aitas Agro биз­нес-бағыты бар.

Aitas Foundation жобалар портфеліне Ауыл­дық аймақтарды тұрақты дамыту­ қоры, Білім беруді тұрақты дамыту қоры және Өңірлік зерттеулер орталығы кіреді. Қор мамандары қазақстандық ауыл­дардағы білім беруді, денсаулық сақ­тауды, туризмді, абаттандыруды­ және өңір­лік дамуды тұрақты дамыту мәсе­ле­лері мен мүмкіндіктерін зерде­лейді. Бұл жөнінде кәсіпорынның аймақтың әлеу­меттік-экономикалық дамуына лепті үлес­ қосып келе жатқанын ерекше атап өткен жөн.

Осы жылдар ішінде компания­ құс етін өндіру, өңдеу және тарату­ сала­сын­д­­ағы жетекші холдингке және Қазақ­станның аграрлық секторындағы көш­бас­шылардың біріне айналды. Хол­дин­г­тің Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі менедж­мен­ті жүйесі ИСО 22000 халықаралық стан­дар­­тының талаптарына сәйкес серти­­фикат­талған. Компанияның «Халал»­ серти­фикаты, сондай-ақ «ЭКО» белгісі бар. AITAS холдингі бүкіл ел бойынша ауыл­дық және қалалық аумақ­тар­ды дамыту­ арқылы Қазақстан хал­­қы­на қызмет етуді өзінің басты боры­шы санайды. Ұйымда сенім мен сертті, жа­уапкершілік пен еркіндікті, қызығушылық пен батыл­дықты қамтитын құндылықтар арқы­лы басшылыққа негізделген бизнесті бас­қару жүйесіне ерекше назар аударылып келеді.

Кәсіпорынның бас ғимаратын, негізгі өндіріс орындарының бірі – мұздату және маринадтау учаскесін аралап көргенде анық байқағанымыз, мұнда тазалық, ұқыптылық, жинақылыққа ерекше мән бері­летіні бірден көзге ұрады. Бейсауат жүр­ген бір адам, көлденең жатқан бір құрал-жабдық көрінбейді. Бәрі өз орнында, барлық қызметші, маман қауырт жұмыс үстінде, қалт етуге мұршалары жоқ. Және бір сұрап білгеніміз – мұнда еңбек­ ететін маман-жұмысшылардың ең­бек­­­ақысы салыстырмалы түрде аса жоғары, оның көлемін азық-түлік өнім­де­р­і, халық тұтынатын тауарлардың қым­­бат­тауына байланысты өсіріп отыру да – кәсіп­орын басшылығының жіті наза­­рында.

«Жалпы, бізде еңбекшілерді әлеу­мет­тік-тұрмыстық тұрғыда қорғау, қол­дауға ерекше мән беріледі. Әрісі Щучинск, Макинск қалаларынан, берісі фаб­рика маңындағы ауылдардан қатынап істей­тін­ жұмысшыларды тегін тасымалдау, түс­кі тамақтандырудан бастап, еңбек дема­лысын дұрыс ұйымдастыруға, ден­сау­лығын күтуіне, нығайтуына, тіпті балаларының қалауы бойынша білім алуы­на жағдай жасауға дейін тыңғы­лық­ты­ ­­қарастырылған. Сондықтан да мұнда кел­ген маман, жұмысшылар көп нәрсеге алаң­дамай, тұрақты, нәтижелі жұмыс істеу­ге тырысады», дейді мұздату және мари­надтау учаскесінің маманы Ринат Отыншин.

Ашылғанына бес жыл ғана болған, осы уақыт ішінде тауық етін өндіру көлемі бойынша Орталық Азиядағы көш­­басшы кәсіпорынға айналған Макинс­к құс фабрикасының бүгінгі қай­на­ған тыныс-тіршілігі от шапшып жат­қан отпан шоқыны елестетеді. Қай қыз­мет­ші­нің­ болсын ісінде еңбекке деген ерен құл­­шыныс бар, қай маманның болсын жү­зін­де кәсіпорын болашағына деген берік сенім бар. Жақын мерзімде өндірістің үшін­ші кезегін қосуға тас түйін дайын­ отыр­­ған үлкен ұжымның байыпты қадам­дары аймақтағы, елдегі азық-түлік қауіп­сіз­ді­гіне, молшылығына нақты кепіл бола ала­ды.