• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Форум 14 Шілде, 2023

Халықаралық сарапшылардың басқосуы

270 рет
көрсетілді

Астанада Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты көздеген халықаралық форум өтіп жатыр. «Өзгермелі әлемдегі Азия: Болашақтың күн тәртібі» тақырыбында ұйымдастырылған алаңға жаһанның 25 елінен 60-тан астам сарапшы жиылды. Екі күнге орайластырылған ауқымды іс-шараға Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Сыртқы істер министр­лігі мұрындық болды.

Алқалы отырыста сөз алған Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Азиядағы саяси және экономикалық тетіктерді тал­қы­лап, өз ұсыныстарын ортаға салып, пікір алмасуға ниетті сарапшыларға алғы­сын білдірді. Сонымен қатар ведомство басшысы форум қатысушыларына ар­нал­ған Президент Қасым-Жомарт То­қаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Форумды өткізу идеясы жетекші ха­лық­аралық талдау орталықтарының зия­лы­лары, сарапшылары, академиктерінің үлкен қызығушылығын тудырғаны қуан­та­ды. Қазіргі күрделі жаһандық жағ­дайда сарапшылар қауымдастығымен тіке­лей және ашық диалог шұғыл қажет­ті­лік­ке айналып отыр. Бүгінде әлем бұрын-соңды кездеспеген қиындықтарға тап келді. Біз халықаралық қатынастар жүйесі негіздерінің қауіпті эрозиясының өсіп келе жатқан геостратегиялық шиеленістің және жаһандық экономикалық белгі­сіз­діктің куәсі болып отырмыз. Сенім­сіздік, идео­ло­гиялық және ақ­па­раттық соғыстар се­кілді жағымсыз үрдістердің ерекше алаңдаушылығын тудырады. Сондықтан күш-жігерімізді қауіпсіз, әділ әлем құрудың сындарлы идеялары мен тиімді тәсілдерін табуға бағыттау ма­ңызды. Осы ретте саясаттанушылар, эко­номистер, беделді сараптама орта­лықтар мен ғылыми зерттеу инс­титут­тары бұл үдерісте шешуші рөл атқа­ра­ды. Менің ойымша, қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Орталық Азия форумы еліміздің тұрақтылығын, ынтымақтастығын және орнықты дамуын нығайту мақсатында өңірлердің зияткерлік капиталын шоғырландыруға өз үлесін қосады», делінген Мұрат Нұртілеу оқып берген Президенттің хатында.        

Жоғары білікті мамандар мен сарапшылар өз елдерінің ахуалын, агенттіктерінің халықаралық ұстанымдарын нығайтуға, өзара іс-қимыл мен шығармашылық әріп­тес­тікті дамытуға елеулі үлес қоса ала­ды. Бұл аймақтың қазіргі жағдайда әлем­дегі миссиясын ұғуға, қауіпсіздіктің жалпы ішкі мүдделерін және тұрақты үдеріске жету жолында жан-жақты ынтымақтастыққа ұмтылуда жол бастайды. Осы ретте Сыртқы істер министрі сөз арасында Қазақстан Орталық Азияны көлік-логистикалық торапқа айналдыру ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

– Қазір бетпе-бет келіп отырған мәсе­лелер белгілі бір деңгейде қауіп төн­діруі мүмкін. Осыларды ескере отырып, Қазақстан көпвекторлы, сындарлы саясатты жалғастырып келеді. Сондай-ақ біз Біріккен ұлттар ұйымының Жар­ғы­сында және халықаралық құқық­та бекітілген құндылықтар мен қағи­да­лар­ды берік ұстанамыз. Бұған қоса, Азия­ның экономикалық және саяси тұр­ғы­дан шешуші рөл атқаратыны бел­гілі. Қазақстан өз тарапынан Азияның ұзақмерзімді және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды үнемі көтеріп отырады. Қазақстан Ор­талық Азияны көлік-логистикалық то­рапқа айналдыруға ұмтылады. Біз солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс ба­ғы­тындағы трансқұрлықтық көлік дәлізін, соның ішінде Транскаспий көлік маршрутын дамытуды қолдаймыз және жалғастырамыз, – деді Мұрат Нұртілеу.

Сондай-ақ ол Қазақстан тапшылық мә­селесін шешу үшін өңірлік су-энер­ге­ти­калық консорциум құруды ұсын­ғанын айтты.

– Мен Орталық Азияның болашақ дамуы үшін мұқият назар аударуды қажет ететін бірнеше нақты мәселені атап өткім келеді. Олар: су тапшылығы, қоршаған орта, шекара дауы және Ауғанстандағы жағдай. Халықтың өсуі мен су ресурстарының жетіспеуі кезінде су ресурстарын әділ және ұтымды бөлу басты мәселеге айналды. Осы себепті Қазақстан өңірлік су-энергетикалық консорциум құруды ұсынады. Айта кетейік, біздің еліміз 1990-жылдардың басында Орталық Азиядағы серіктестерімізбен бірге құрған Халықаралық Аралды құтқару қорлары арқылы Аралды қал­пы­на келтірумен айналысып келеді. Қа­зақстан трансшекаралық өзендерге қатысты өзекті мәселелерді шешу бо­йынша Ресей, Қытай, Ауғанстан сияқты мемлекеттермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар Орталық Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету Ауғанстанда бейбітшілік пен тұрақтылық орнатуды қамтиды. Ауғанстан халықаралық қолдауды қажет етеді. Аталған елде бей­біт­шілік орнату Орталық Азияға ғана емес, сонымен қатар жалпы Азия мен Еуропадағы тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Осы мақсатта Қазақстан Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанды тұрақты дамыту жөніндегі БҰҰ хабын құруды ұсынамыз, – деп түйіндеді Сыртқы істер министрі.

Іс-шара – Мюнхен қауіпсіздік конференциясы, IISS-Shangri La Dialogue, Raisina Dialogue, Примаков оқулары және Астана Халықаралық форумы сияқты жыл сайынғы алаңдардың жаһандық эко­жүйесінің бөлігі. Форум – әлемнің жетек­ші ғылыми-зерттеу орталық­та­ры­ның көрнекті ойшылдары мен саясат­та­ну­шыларының диалогы мен өзара іс-қимылының жаңа форматтарын көрсетті. Өйткені панельдік сессияларға «Азияның жаһандық қауіпсіздігі: болашақ мүм­кіндіктері», «Еуразияның жаңа кон­тиненттік өзара байланыстылығы: орта дәліз және интеграция диалогы», «Ин­новациялар мен «ақыл-ой» үшін жа­һан­дық бәсекелестік: жаңа технологиялар, жасанды интеллект және адами капитал» сынды өзекті тақырыптар арқау болды. Отырыста сөз сөйлеген БҰҰ өкілі «Жусан» арнайы операциясы әлем елде­ріне үлгі екенін айтты.

– Қазақстан әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып шетелдердегі шиеленіс аймақтарынан өз азаматтарын шығарған мемлекет. «Жусан» арнайы операциясын ұйымдастырып, Сириядан қазақстандықтарды алып шыққанын әлем елдері біледі. Қазақстанның бұл бастамасы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын шығармаған өзге шет мемлекеттер үшін үлгі, мол тәжірибе. Қазір терроризмнен төнетін қауіпке жеке емес, тек елдердің бірлескен күш-жігері арқасында төтеп бере аламыз. Бұл бағытта БҰҰ өз жұмысын жалғастырып, Орталық Азия елдерімен серіктестікте болады, – деді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Терроризмге қарсы комитетінің атқарушы директоры Наталья Герман.

Бұған қоса Үндістанның Қазақстан­да­ғы экс-елшісі, Нью-Делидегі Жаһандық зерт­теулер институтының президенті Ашок Саджанхар Азияда экономикалық өркендеу басталады деп отыр.

– Біз бүгінде «Ежелгі Азия» тұжырым­да­масына оралып жатырмыз. Бұл уақытқа дейін экономикалық өсім батыс елдерінде болды. Енді экономикалық өркендеу Азияда жүреді. Себебі әлемнің жетекші мемлекеттері осында орналасқан. Басты мә­селе Азиядағы елдердің осы мүм­кін­дік­ті қаншалықты пайдалануына байланысты. Бұл ретте Қазақстан маңызды рөл атқарады. Сіздердің елдеріңіздің ма­ңызды орталықта орналасуы, ішкі жал­пы өнімнің тұрақты өсуі сияқты факторларын ұтымды қолдануға болады. Сонымен қатар Қазақстан әрқашан ашық, еркін диалогқа дайын, – деді үндістандық дип­ломат.

Ал Президент жанындағы ҚСЗИ дирек­торының орынбасары Алуа Жолдыбалина Азиядағы басты қауіп-қатер­лерді тізбектеді.

– Сирия мәселесі, босқындардың ағылуы Азиядағы мемлекеттердің күн тәр­тібіне үлкен өзгеріс енгізеді. Иннова­ция­лық, технологиялық кедергілер бар. Оларды шешу үшін Азиядағы мемлекеттер әртүрлі бастама жасап жатыр. Қазір инновациялық, технологиялық жағынан әлем Азияға ауысып келе жатыр. Әлемдегі адам капиталы, одан бөлек, медицина, білім салалары үлкен өзгеріске ұшырайды. Ең бірінші мәселе – су қауіпсіздігі, су ресурстарын пайдалану. Бүгінде табиғи апаттардың салдарынан болып жатқан қатерлердің ішінде ең өзектісі табиғи ресурстар, оның ішінде су ресурстары, екіншісі инфрақұрылым. Яғни орта дәлізді пайдалану, тауар жет­кізу, транзит, өзара сауда-саттықты орнату – Орталық Азиядағы өзекті мәсе­ле­лер, – деді сарапшы.

Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тұқымов Орталық Азиядағы су тапшылығынан туындайтын салдарға тоқталды. Оны түсіндіру ол үшін таяуда екі ел арасында болған оқиғаны мысалға келтірді.

– Су көлемі азайып барады. Жақында ғана Президент әкімдіктің жұмысын сынға алды. Егер елорданың халық саны 2 миллионға жетсе, онда біз су, электр қуатын қайдан аламыз? Мұның барлығы абстрактылы сұрақ емес. Климаттың өзге­руі де күн тәртібімізде тұрған ма­ңыз­ды мәселе. Жақында су үшін Ауғанстан мен Иран арасында шиеленіс бол­ды. Енді Тәжікстанмен Әмудария бойынша дәл осындай қақтығыс болмайтынына кепілдік қайда? Әмудария Қазақстан арқылы өтпейді, бірақ ол Арал теңізіне құяды ғой. Бұл тікелей Қызылорда облысына қатысты, – деді Е.Тұқымов.

Айта кетейік, спикерлер қатарында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Контртеррористік басқармасының басшысы Владимир Воронков, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Терхи Хакала, Жапонияның Ұлттық саяси зерттеулер институтының вице-президенті Нарушиге Мичишита, Сыртқы істер министрінің орынбасары, Иран СІМ Саяси және халықаралық зерттеулер институтының президенті Мухаммад Хасан Шейх Әл Ислами, Қатардағы Джордж­таун университетінің мемлекеттік саясат профессоры, Араб зерттеулер және саяси зерттеулер орталығының ирандық зерттеулер бөлімінің бастығы Мехран Камрава секілді сарапшылар бар.