• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Баға 17 Шілде, 2023

Тариф неге қымбаттайды?

556 рет
көрсетілді

Қыстың көзі қырауда Екібастұз жұртын әбігерге салған оқиғадан кейін ғана сең қозғалып, жылу электр орталықтарын жөндеуге, желілерді жаңартуға тосыннан келген апат тікелей түрткі болды дей алмаймыз. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатын былтыр қыркүйектегі Жолдауда ұсынған.

Тұрғындарды жылу, жарық, сумен қамтып отырған мекемелер осы уақытқа дейін тұты­ну­шылардан түсетін қар­жы­ға жыртығын жамай алмай келді. Салада еңбек ететін жұ­мыс­шы­лардың да шалқып отыр­ғаны шамалы. Сонымен «Та­рифті инвестицияға айырбас­тау» қағидаты шеңберінде 2023-2029 жылдары 62 мың км инженерлік желіні жаңғыртуға 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіпті. Бұл бастама 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20%-ға төмен­де­туге мүмкіндік береді екен. Орайы келгенде ә дегеннен алыс­қа көз тастамай, беріде іске асатын шаруаларға тоқталайық.

Биыл қала, аудан, ауылда 5,8 мың км инженерлік желілерді жөндеуге 250 млрд теңге инвес­ти­ция тарту жоспарланыпты. Жоспар жоспарымен, бірақ тұр­ғындарды тарифтер өсе ме деген сауал көбірек толғандырады. Үкімет басшысы айтқандай, биыл тарифтер 10%-дан 30%-ға дейін өседі. Бұл мақсатты қа­дам­сыз коммуналдық инфра­құ­рылымның сапасын жақсарту мүмкін емес екен. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы Қазақстанның 57 электр стансасының, оның ішін­де 37 жылу энергетикалық то­рабының техникалық аудитін аяқтағанын айтты. Барлық стан­са арнайы санатқа бөлінді. Энер­ге­ти­ка­лық қазандықтардың 62%-ы, турбиналардың 58%-ы ес­кір­­ген, енді оларды ауыстыру қа­жет. Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму ми­нистрі Марат Қарабаев айтқандай, рес­публикада 128 мың км-ге жуық жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілері бар. Нақ қазір олардың тозуы 51%-ды құраған. Енді бұл көрсеткішті 40%-ға дейін төмендету межеленген.

Премьер-министр Әлихан Смайылов жуырда өткен Үкімет отырысында «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты арқылы тарифті өсіруден түсетін пайда біреудің қалтасына кетпей, тікелей өндірісті жаңғыртуға жұмсалатынын айтты. Себебі жаңа та­рифтік саясат ашықтық, есептілік және жариялылық қағидатына негізделеді. Яғни тиісті заңнамалық түзету­лер, нормативтік құқықтық актілер қа­был­данбақ.

Тариф жөнінде халықаралық сарапшы Асхат Жапсарбай да Үкімет басшысы айтқандай, тариф мәселесінде барлық тараптың мүддесін ескеретін ортаны табу маңызды екенін еске салды. Яғни тарифті белгілейтін шақта тек саланы дамытуға басымдық беріліп, әлеуметтің әлеуеті екінші жақта қалып қоймауы керек.

– «Тарифті инвестицияға айырбас­тау» қағидаты негізінде әрбір қала, аудан, ауылда тарифті көтергенде са­паға назар аудару керек. Мысалы, жылу бойынша айтар болсақ, кейбір қа­лаларда жылу режімі сақталмайды. Жеке үйлерде жылу 23, 24 градустан төмен болмауы керек. Бірақ кейбір үйлер 19, 20 градус жылуды қанағат тұтуға мәжбүр. Жылудың жетпеуі тек жылу электр орталығының қуатына байланып тұрған жоқ. Мұнда орталықтан әрбір үйге тартылған желілердің сапасына да назар аудару қажет. Өйткені елде тозығы жеткен жылу желілерінің көп екені белгілі. Бұл – елдің барлық өңірінде өзекті. Ірі қалаларда урбанизация, яғни ауылдан қалаға қоныс аударған ағайынның көбеюіне байланысты да қайшылықтар туындап отыр. Мұнда ескеретін жай, сорғы-сүзгі стансаларының әлеуетін былай қойғанда, мөлдір су тұтынушыларға санитарлық жағынан таза болып жетуге тиіс қой. Кейбір өңірлердің тұрғындары «судың иісі бар», «санитарлық тазалық сақталмаған» деген сипатта шағым айтып жатады. Сондықтан тарифті белгілерде көрсетілетін қызмет сапасы қатар қаралып, көңілге қонымды болуға тиіс. Үкімет басшысы айтқандай, осы екі мәселеде тепе-теңдікті сақтау маңызды, – дейді А.Жапсарбай.

Иә, тарифтерді белгілерде тұтынушы­лардың әлеуетін елеусіз қалдыруға болмайды. Мұны мұқият зерделеп, тиімді шешім ұсыну – мемлекеттік органның бір мақсаты. «Тарифті инвестицияға ­айырбастау» қағидаты бойынша тұ­ты­нушы мен коммуналдық мекеме ара­сындағы тепе-теңдік сақталса, тұрғындар қар­жының қайда кетіп жатқанынан хабардар болса, межелі мақсат сонда ғана орындала бастайды деуге болады. Судың жайын айтар болсақ, тұрғындарды су­мен қамтып отырған мекемелердің ең бас­ты активтері құбыр ғой. Елде ескірген ­су құбыры көп. Тағы бір 5 жылда сапа­сы сыр беріп тұрған құбырлар пайдалану­ға жарамайтын халге жетуі мүмкін. Ескі­нің аты ескі болған соң, құбырды жүз жамағаннан бір рет жаңартқан тиім­ді. Ол үшін, әрине, қаражат керек.

– Тұрғындар бағдарлама шеңберінде қаржының қайда кетіп жатқанынан хабардар болуы керек. Мынадай мысал келтіре кетейін, Қарағанды облысы бо­йынша тұтынушылардың коммунал­дық төлемге қарыздары 15%-дан 20%-ға өскен. Неге? Себебі көбіне-көп ауылдық жерлерде, моноқалаларда жарық, жылуға қарызын төлемейтін тұтынушылар бар. Ал мекемелер мұндайда орталықтан берілетін жылу жүйесін өшіре алмайды. Тұрғындардың әрқайсымен соттасу деген де оңай шаруа емес. Сондықтан түсіндіру жұмыстарын күшейту керек деп ойлаймын. Айтпағым, мұнда коммуналдық компаниялар, жергілікті органдар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды айқындап, солармен жұ­мыс істеуі қажет. Себебі коммуналдық төлемнің шығынын өтеуге жағдайы келмейтін отбасылар жылу, жарықсыз қалмауы керек. Мемлекеттен қаралған жәрдемге қолы жетуге тиіс. Бірақ сол көмекті ә дегеннен ала алмай отырған отбасылар бар. Құжатын жинай алмай немесе қай құжатын қандай мекемеге өткізетінін білмей, қолын бір-ақ сілтегендер кездеседі. Яғни бұл – жүйе­ні дұрыс жолға қою керегін аңғартады, – дейді Асхат Жапсарбай.

Тарифтерді белгілерде мемлекет­тік орган коммуналдық мекеменің жұмысын үйлестіруге жәрдемдесіп, тұтынушылардың да жағдайына қа­райласуы керек дедік. Бұл айтуға оңай болғанымен, әсте оңай шешілетін шаруа емес. Мамандар егер тариф инфляция деңгейінен аспаса, онда оның өскені аса байқала қоймайтынын алға тартады. Сарапшы Асхат Жапсарбай тарифтің нормаларына қатысты да өзгерістер енгізу керегін айтады. Ол былай, коммуналдық қызметті әркім әртүрлі мөлшерде тұтынады емес пе? Қанігі ауыз суды аула суаруға пайдаланып, хан сарайындай үйінің барлық бөлмесін түгел жарқыратып қоятындар бар. Әңгіменің ауаны ком­муналдық қызметті шамадан тыс пайдаланатындар жайында болып тұр. Асхат Жапсарбайдың айтып отырғаны осы, тарифті нормаға қарай белгілеу арқылы реттейтін шақ таяған секілді. Сәйкесінше, мұндайда суды, жарық, жылуды үнемдеп пайдаланатындарға салмақ түспейді.

Бағдарлама шеңберінде коммунал­дық қызметті үйлестіріп отырған ме­ке­мелер осыған дейін жиылған шығын­дарын, қарыздарын жаба алмайды. Ин­вестиция жөндеу жұмыстарына және жаңа құрылғылар алуға жұмсалады. Қаржы Премьер-министр айтқандай, бі­реудің қалтасына кетпейді. Осы қағида бойынша 2029 жылға дейін желілер жа­ңартылады. Тұрғындар өз қала, аудан,­ ауылының, коммуналдық желілерін рет­теуге жәрдемдеседі. «Елдегі тариф шетелмен салыстырғанда анағұрлым арзан» деген сипаттағы ақпараттан құ­лағдар боларсыздар. Осыған аз-кем тоқталсақ артық болмас. Иә, бізде жа­рық, су, жылу шетелмен салыстырғанда анағұрлым арзан екен. Мысалы, жылуды айтар болсақ, елде тұтынушылар­дың дені орталықтандырылған жылу желісіне қосылған. Сарапшылар осы жүйені сақтап, жойылып кетуіне жол бермегеніміз абзалырақ екенін айтады. Себебі Еуропада тарифтердің жоғары болуы орталықтандырылған жылу желісіне қосылмағаннан екен. Қазіргі қолға алынып жатқан шаралар да мейлінше орталықтандырылған желілерді сақтап қалуға септеседі деп ойлаймыз.