Шілденің ми қайнатар ыстығы басылар емес. Қазақстанның түкпір-түкпірінде аптаптың бет қаратпай тұрғанына бірнеше күннің жүзі болды. «Қазгидрометтің» хабарлауынша, елімізде ауа райы әлі де жоғары қалпында қала бермек. Әлбетте, жаздың қызығы да осы ыстық қой. Бірақ кейінгі жылдары бүкіл әлем аптаптың зардабын тартып отыр.
Мәселеге кіріспес бұрын аздап кері шегінейік. Күн жүйесінде 8 планета бар. Ғалымдардың пайымдауынша, сегіздіктің ішінде Марс пен Жерде ғана су бар. Оның өзінде, Қызылжұлдыздағы су қатты күйінде, топырақтың астында мұз қалпында жатыр. Ал сұйық күйіндегі су тек Жерде кездеседі екен. Тағы бір қызық дерек келтірейік. «Көк нүктенің» 71 пайызын су алып жатыр. Қалған 29 пайызы ғана бес құрлық пен қаптаған шағын аралға тиесілі. Өкініштісі сол, алып мұхиттың ортасында өмір сүргенімізбен, Жер шарындағы судың 97 пайызы тұзды. Яғни ішуге не ауыл шаруашылығына пайдалануға келмейді.
Цифрлар мұнымен бітпек емес. Қалған үш пайыздың көп бөлігі Антарктида мен Арктика секілді мәңгілік ақ жабындар мен таулардың құзар шыңындағы мұздықтарға жинақталған. Содан қалған 1 пайызға жетер-жетпес «тіршілік нәрі» адамзаттың күнделікті пайдалануына қызмет етеді. Яғни өзендерден ағып жатқан, жер астынан шығатын, күнделікті ішетін суымыз осыған кіреді. Жыл сайын адамзат пайдаланатын тұщы судың көлемі 4,3 триллион шаршы метрді құрайды екен. Мұның 70 пайызы ауыл шаруашылығына, 19 пайызы өнеркәсіпке, ал қалған 11 пайызы күнделікті тұрмысқа жұмсалады. Осылайша, қалың мұхиттың ортасында өмір сүргенімен, адамзат су тапшылығын қатты сезініп отыр. Парадокс емей немене?
Жер-жаһанды алаңдатқан мәселе Қазақстан үшін де өзекті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев іргелі жиындарда сөйлеген сөзінде су тапшылығына жиі тоқталады. Мәселен, биыл VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге маңыз берген-ді.
«Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті бізге оның алдын алу қажет. Қазір Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек. Осы жұмыста ғылыми ұстанымды, инновацияны, халықаралық озық тәжірибені басшылыққа алған абзал», деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Президент Астана Халықаралық форумының пленарлық сессиясында да су тапшылығына тағы да тоқталды. Осы орайда, су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ.
«Су ресурстарының жетіспеушілігі шын мәнінде алаңдатады. Орталық Азиядағы қуаңшылық пен су тасқынынан келетін шығын жалпы ішкі өнімнің 1,3 пайызы деңгейінде деп бағаланады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі 30 пайызға дейін кеміп, 2050 жылға дейін 5 миллионға жуық ішкі климаттық мигранттың пайда болуына әкеп соқтырады. Біздегі мұздықтардың көлемі қазір 30 пайызға қысқарды. Аймақтағы екі үлкен өзен Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз», деді Президент Қ.Тоқаев.
Арал теңізі мәселесі талай мәрте талқыланып, биік-биік мінберлерде көтерілген-тұғын. Бір кездері толқыны шалқып, айдынында аққу-қазы қалықтаған ерке Арал бүгінде бар сұлулығынан айырылып, көлдің басым бөлігі шөлге айналған. БҰҰ-ның көмегімен Қазақстан Кіші Аралды сақтап қалуға мұрындық болды. Өткен ғасырдағы алапат апаттың бірі саналатын Арал теңізінің тағдырын келешекте Каспий қайталауы мүмкін деген қауіп бар. Мәселен, бірнеше күн бұрын «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясы жер серіктері арқылы түсірілген суреттерді ұсынып, қарт теңіздің қалайша кішірейіп бара жатқанын көрсетті. Жерді қашықтықтан зондтау деректері арқылы жүргізілген зерттеуге сүйенсек, кейінгі 15 жылда Каспий теңізінің қазақстандық секторының акваториясы 7,1 пайызға қысқарған.
Елімізге жаһандық жылыну төндірген қауіп мұнымен шектелмейді. Естеріңізде болса, газетіміздің бұған дейінгі нөмірлерінде Ұлы даладағы биік таулардың басында орналасқан мұздықтар азайып бара жатқанын хабарлаған едік. Қазақстан – мұхитқа тікелей шықпайтын әлемдегі ең үлкен мемлекет. Сол себепті еліміздегі тіршілік нәрі тау басындағы қардан келеді. Қазіргі таңда өңірде 2724 мұздық бар. Солардың ішіндегі ең танымалы – Тұйықсу мұздығы. Екі жарым шақырымға созылып жатқан бұл мәңгілік жабын жыл өткен сайын кеміп, жұқарып барады. Бүгінде Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 50 пайызы еліміздің мұздықтардан келетін суына мұқтаж. Жаһандық жылыну салдарынан Алатаудың басындағы ақ жабындар азайса, аталған салаға орасан зиян келетіні айтпаса да түсінікті.
«Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде» дейді ғой халық даналығы. Теңіздерден жырақта жатқан, территорияның басым бөлігін шөл алып жатқан Қазақстанды былай қойғанда, таяқ лақтырсаң мұхитқа түсетін елдердің өзі судан зардап тартып отыр. Тоғызыншы территорияда су тапшы болса, аталған мемлекеттер судың көптігінен зиян шегеді. Климаттың өзгеруіне байланысты Тынық мұхитында су деңгейі көтеріліп, нөсер жауын көбейіп, долы дауыл жиілеген. Ғалымдардың болжамына сүйенсек, келесі ғасырда әлемдегі ең үлкен мұхит қоршауында жатқан бірнеше ел мүлдем су астына кетуі мүмкін.
Атап айтқанда, Кирибати, Фиджи секілді атолдары көп арал-мемлекеттер қиын жағдайға тап келіп отыр. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жаһандық жылыну салдарынан су деңгейі көтерілді. Ал Тынық мұхиттағы аралдың көбі теңіз деңгейіне жақын. Тіпті кейбір мұхиттан бір-екі метр жоғары орналасқан. Ғалымдардың пайымдауынша, жаһандық жылыну осы қарқынмен жалғаса берсе, ғасыр соңына таман шартараптағы теңіз деңгейі метрге дейін көтерілуі ықтимал. Мұндай жағдайда аталған аралдардағы ахуал қалай өзгеретінін елестете беріңіз.
Екіншіден, жаһандық жылыну салдарынан алыстағы аралдарда дауыл мен жел көбейіп, биік-биік толқындар жергілікті бағбандардың бақшасын шайып кетіп жатыр. Мәселен, бірнеше жыл бұрын Кирибатидегі үш арал мүлдем жойылып кетті. Расы керек, онда небәрі мыңдаған адам мекендеген. Сол себепті оларды көшіру аса қатты қиындық туғызған жоқ. Дегенмен ахуал осылай жалғаса берсе, келешекте басқа аралдардың тұрғындары да осындай қатермен бетпе-бет келетінін көрсетіп отыр. Бұл аз десеңіз, Лондон, Нью-Йорк, Амстердам секілді сәні мен салтанаты келіскен алып шаһарлардың да біраз бөлігі теңіз деңгейі бір метрге көтерілсе, су астына кетеді. Аталған қалаларда миллиондаған адам мекендейтінін ескерсек, олардың мәселесі мүлдем қиындай түспек.
Өткен аптада ауа райын бақылайтын мамандар кейінгі 143 жылда болмаған аптап ыстық тіркелгенін алға тартады. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай жоғары температура кейінгі 125 мың жылда кездеспеген. Сондай-ақ Berkeley Earth зерттеушілері жаһандық температура қазіргі таңда өнеркәсіптік төңкеріске дейінгі деңгейден 1,47 градусқа көтерілгенін есептеп шықты. Ал 2015 жылы қабылданған Париж келісіміне сәйкес, шартараптың түкпір-түкпіріндегі ауа райы 1,5 градустан аспауға тиіс. Халықаралық метеорология ұйымының мәліметіне сүйенсек, 2027 жылға дейін жаһандық орташа температура 1,5 градустан арту ықтималдылығы 66 пайызды құрайды. Демек әлемнің басына қауіп бұлты төніп тұр.
Ғалымдар бірнеше айдан бері құрлық пен мұхит температурасының ерекше көтерілуіне байланысты дабыл қағып келеді. Шілде айының басы планета тарихындағы ең ыстық апта болды. Өткен ай адамзат тарихтағы ең жылы маусым ретінде тіркелді. Көп ұзамай жақындайтын Эль-Ниньо ағысы жаһандық температураны одан да жоғарылатып, шартараптың түкпір-түкпірінде экстремалды ауа райын тудыруы мүмкін.
«Эль-Ниньоның әлі басталмағанына қарамастан, Атлант мұхитының солтүстігінде әлден-ақ жоғары температура тіркеліп жатыр», дейді Дүниежүзілік метеорология ұйымының климатты зерттеу бөлімінің басшысы Майкл Спарроу.
Қорыта айтқанда, жер шары суға толы болғанымен, одан зардап шегіп отыр. Шартараптың Қазақстан секілді бір бөлігінде «тіршілік нәрі» жетіспей жатса, Кирибати, Фиджи секілді аралдар оның көптігінен қиындыққа тап келген.