Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен Астананың «Экзотика» арт-галереясы бірлесе отырып, Клара және Дана Исабаевалардың жеке коллекциясынан алынған «Тәуелсіздік бейнелері» атты көрмесін ұсынды. Көрмеге қойылған топтама ХХ ғасырдың 90-жылдары және 2000 жылдардың басында жаңа идеямен жазылған бірегей туындыларды қамтиды.
Тоқсаныншы жылдардың аяғы мен екі мыңыншы жылдардың басында Қазақстан музейлерінде өнер туындыларын сатып алуға бөлінетін мемлекеттік қаржыландыруға шектеу қойылды. Сол себепті бірқатар өнертанушының мойындауына қарағанда, осы кезең аралығында музейлерге өнер туындылары өте аз ұсынылған.
Көрмеге Аркадий Горбатов, Нелли Бубэ, Бейсебек Ақанаев, Гүлжамал Тағенова, апалы-сіңлілі ГаБо, Андрей Назаренко, Александр Ермоленко тағы басқа есімі елге белгілі отандық және шетелдік суретшілер бейнелеген еліміздің ежелгі бай тарихы мен ғасырлар бойғы дәстүрін, ұлы керуен жолдарының жаңғырығын, замана сабақтастығын, туған жер мен оның табиғатын жырлайтын, оның тіл жетпес сұлулығына таңдану мүмкіндігін сыйлайтын 40-тан астам туынды қойылған. Шетелдік суретшілердің қатарында қырғыздың көрнекті суретшісі Жырғал Матураиымов, санфранцисколық суретші Карлос Кузьма, Гаитидің наив стилінде жұмыс істейтін Доминикан Республикасының суретшілері бар. Қылқалам шеберлерінің шығармалары кескіндеме және графикалық, сондай-ақ аралас рельефтік техникада орындалған картиналарда көрініс тапқан.
Клара Исабаева бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнермен елу жылдан аса уақыт әуестеніп, алдымен маркалар, содан кейін кітаптар жинап, кейін төлтума өнер туындыларына ден қойды. Сурет өнерінің бар байлығын бауырына басқан әлемдегі ең үздік музейлерді аралаған Клара ақырында өз коллекциясын жинақтау үшін Қазақстан мен Орталық Азияның бірегей әрі ерекше өнеріне таңдау білдіріп, өз топырағынан өніп шыққан төлтума бағытқа табан тіреген.
Аркадий Горбатов шығыс стилінде жазған «Отырар керамикасы» атты натюрмортында Ұлы Жібек жолындағы ортағасырлық ең бай қаланың тұрмысын бейнелейді. Суретшінің өзі көптеген археологиялық экспедиция мен қазба жұмысына қатысқан, ол бейнелеген қыш бұйымның барлығы бүгінгі күні Астанадағы Ұлттық музейдің «Орта ғасырлар бөлімінде» көрмеге қойылған, нағыз Отырар тарихының құмыралары мен тостағандары суретші шығармашылығының шырайына айналған.
Көне дәуір стилінде салынған Нелли Бубэнің «Даланың еркелері» атты топтық портреті киіз үйдің ішіндегі бейқам жастық шақтың қуанышын кенеп бетіне қапысыз қондыра алған. Суретші қазақ қызының алуан реңкті әлемін көптеген көмекші ұлттық элемент арқылы – әйелдердің әшекей бұйымдарымен және ру таңбаларымен, ыдыс-аяқпен: қазан, саптаяқ, үккіш, қоржын, сандық, көздің жауын алар құрақ көрпелер және дастарқанмен безендіре отырып, шебер жеткізеді.
Бейсебек Ақанаевтың «Петроглифтер әуені» (2001) атты шығармасы және «Қымыз құятын ыдыстардың жиынтығы» (2004) атты натюрморты біздің тарихымыздың маңызды кезеңдерін бейнелейді – қазақ даласының жартас жақтауларында мәңгілік қолтаңба қалдырған алғашқы түркі суретшілерінің өлмес туындылары заманауи өнер тілінде қайта жаңғырды. Осы жартастағы суреттерден ұлттық кескіндемеміз, төл өнеріміз бастау алады. Бейсебек ежелгі петроглифтерді бейнелеу арқылы қазақ елінің байырғы замандардан бері дарынды тұлғаларға бай екенін көрсете білді. Суреттің ортасында аты аңызға айналған музыкалық аспап – қобыз тұр. Оны бірнеше түркі халқының – қазақтардың, түрікмендердің, әзербайжандардың, түріктердің бабасы, Сырдария даласынан шыққан X ғасырдың музыканты және сазгері Қорқыт ата жасаған. Ішектері жылқы жалынан жасалған аспаптың ерекше дыбысы бар, аңыз бойынша ол Қорқыт атаның жанын алуға келген ажалды да қорқытқан. Дала болмысының ең айқын көрінісі, қобыз көптеген қасиетті мағынаға ие – бұл көшпелінің жан дүниесінің, қазақ музыкасының символы, виолончель мен скрипканың түп атасы, ата-бабаларымыздың өсиеті және ежелгі дәуірден келе жатқан көне мәдениетіміздің дәлелі. Бұл туынды ғарышымен астасып, ғасырлар қойнауында қалған ата-бабаларымыздың әуені мен олардың ғибратын қолға әкеліп ұстатқандай ғажап күй кештіреді.
Клараның қызы Дана Исабаева да жастайынан коллекция жинаумен шұғылданып, оны өмірлік дағды-мұратына айналдыра бастаған. Бірақ оның көңіл әлемі алысты барлайды. Венеция көріністері, Чех сарайлары, Венаның салтанаты асқан сәнді үйлері секілді еуропалық пейзаждар көрменің түкпір тұсынан көз арбап, өзіне тартады. Жас суретшіге АҚШ-тың Сан-Францискосында тұратын белгілі қылқалам шебері Карлос Кузьманың қаланың аңызға айналған көрікті жерлерін бейнелеген акварельдерінің әсер қалдырғаны сондай, ол Нью-Йорк пен Майамиден графика тіліндегі бірнеше туындысын өз еліне сыйға әкелген. Отандық суретшілердің арасында апалы-сіңлілі ГаБоның кескіндеме және графикалық жұмыстары да сезімтал Дананы кең тынысымен баурап, әлемді табиғи таза бейнеде қабылдайтын талантты суретшілердің интеллектуалды иірімі мол шығармаларын жеке коллекциясына алып, көрме мазмұнын ширата түсу үшін көпшілікке ұсынып отыр.
«Өнер адамды ішкі әлемімен байланыстыра отырып, өмірді өзгертетін және эмоционалды әл-қуатына ықпал ететін аса тегеурінді күшке ие», деп атап өтті Дана Исабаева.