Елімізде электр тапшылығы мәселесі ай өткен сайын өзекті болып бара жатыр. Былтыр 8 ай (қаңтар, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қараша, желтоқсан) бойы тапшылық айқын байқалған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, электр энергиясын өндіру 112,86 млрд кВт сағатты құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4%-ға аз.
Биыл 1 ақпанда Энергетика министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр соңғы екі жылда Қазақстанда, әсіресе ең жоғары жүктеме сағаттарында электр қуатының тапшылығы өткір тұрғанын айтты.
Республика тапшылықты біршама жоғары бағамен Ресейден алған энергиямен жабуға мәжбүр. Тапшылық тәулігіне 1200 МВт-қа жетеді. Сарапшылар мұны тұтынудың артуы, құрылғылардың тозуы және энергетикалық инфрақұрылым апаттылығының жоғары болуымен байланыстырады.
Салалық министрлік энергия тұтынудың орта мерзімді болжамын жариялады. Бұл құжатқа сәйкес, 2023-2029 жылдар аралығында елімізде пайдаланылатын электр энергиясының көлемі жыл сайын орта есеппен 3%-ға артады екен. Өндіріс те өседі, бірақ бірдей қарқынмен емес.
Алдағы жеті жылдағы электр энергетикасындағы өндіріс пен тұтыну деңгейі 2023-2025 және 2028 жылдары сальдо теріс болатынын көрсетеді. Жыл сайын 1,3-1,6 млрд кВт сағат жетпейді. Ал 2029 жылы тапшылық шегіне жетіп, 5,5 кВт сағат болмақ.
Жалпы, жеті жылда елімізде электр энергиясын тұтыну 20,5%-ға, 121,1 млрд-тан 146 млрд кВт сағатқа дейін артады. Ал өндіріс бұл қарқындарға төтеп бере алмайды: 2023 жылмен салыстырғанда 2029 жылы өндіріс тек 17,6%-ға көбеймек.
Өңірлер бойынша тұтыну біркелкі болмайды. Оңтүстік электр энергиясы ең тапшы өңір болып қалса, оны қамтамасыз ету субсидияланады. Оңтүстік өңірлер мен еліміздің екі мегаполисіндегі электр энергиясын өндіру мен пайдалану арасындағы айырмашылық бүкіл жетіжылдықта ең үлкен – 11,8-12,7 млрд кВт сағат шегінде сақталады.
Ranking мәліметі бойынша батыс және солтүстік өңірлер бұл кезеңде профицитті көрсетеді. Айырмашылығы – батыста ол айтарлықтай аз болады, әр жылдары 1 млрд-тан 3 млрд кВт сағатқа дейін, ал еліміздің солтүстігі мен шығысында электр энергиясы жыл сайын 8-10 млрд кВт сағат артық қалады деп болжанып отыр. Жалғыз ерекшелік 2029 жылы болады, ол кезде профицит екі есе азаяды. Солтүстік барлық артығын оңтүстікке береді.
«Энергетика министрлігінің сайтында жарияланған құжатта жұмыс істеп тұрған стансаларда электр қуатын өндіру жыл өткен сайын біртіндеп азайып отыр делінген. Бұл істен шыққан негізгі қорлардың жұмыстан шығуымен де, өндіруші қуаттарды оңтайландырумен де, «таза» энергия курсын ұстану қажеттілігімен де байланысты. Жалпы, Қазақстанда проблеманы шешуге және электр энергиясына деген сұранысты қанағаттандыруға арналған энергетика саласындағы жобалар қазірдің өзінде белсенді түрде жүзеге асырылып отыр», делінген Ranking шолуында.
Қазір көрші елдер де осындай проблемаларды бастан кешіріп жатыр. Мәселен, Қырғызстанда биылғы қыста ауа райының салқын болуы себепті ел билігі тұтынуды азайту үшін электр қуатын өшіре бастады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл ауа райының суытуына байланысты жүктемесі артқан, тозығы жеткен жабдықты сақтау үшін қажет. Сондай-ақ сарапшылардың айтуынша, елде өндіріске қажетті қуат жоқ.
Өзбекстанда да жағдай осыған ұқсас: елде күн сайын бірнеше сағатқа электр қуаты үзіледі. Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары, энергетика министрі Журабек Мирзамахмудов 7 желтоқсанда «Газета.uz» басылымына берген сұхбатында электр қуатын өшіруді қиын кезеңде қажетті шара деп атады. Оның айтуынша, суық ауа райында электр энергиясын тұтынудың айтарлықтай артуы табиғи газ бен электр энергиясының қалыптасқан тапшылығына әкелді. Осыған байланысты билік белгілі бір шектеулер енгізуге мәжбүр. Өйткені мемлекеттің басымдығы халықты және әлеуметтік нысандарды энергия ресурстарымен қамтамасыз ету болып саналады.
Осылайша, энергетикалық жүйені кеңейту, дамыту және жаңарту Қазақстан үшін де, Орталық Азияның көршілес елдері үшін де қажетті шара болып отыр.