Өткен жылы Ұлытауда өткен бірінші құрылтай мен кешегі Түркістандағы құрылтайдың ақпаратын мұқият қарап шықтым. Ұғынықты тілмен жүйелі айтылған мәселелердің маңызы байқалады.
«Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек.... Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, ол ең алдымен үлкендердің кінәсі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл жерде біз сол «үлкендер» дегенін ерекше сезіне қабылдадық. Себебі жас ұрпақ тәрбиесіне келгенде ардагерлерге де жүктелер міндет өте жоғары. Әсіресе ақыл айтып, айқын бағыт-бағдар сілтеп, тура жол көрсететін буынның қатары азайып та бара жатыр. Рас, жетімсіз тәрбиенің салдарынан жастар арасындағы жағымсыз көріністердің жиілей түскеніне біз де кінәліміз. Оны ашық мойындай отырып, ендігі жерде бұл сияқты бейәдеп көріністердің орын алмауы үшін белсенді іс-әрекет, жанды көмегіміздің қажет екенін ұмыт қалдырмауымыз керек.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда ұрпақ тәрбиесіне байланысты айтқан: «Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны тіпті бейне таспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді», деген сөзі біз сияқты ардагерлердің намысы мен сезіміне әсер етпей қоймайды. Біз, ардагерлер, ата-ана екендігімізді де естен шығармауымыз керек. Осы тұрғыдан алып қарағанда, ел Президентінің: «Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс.... Сол сияқты мектепте – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы. Баланың бойына біліммен қатар адамгершілік құндылықтарды сіңіру – ұстаздың міндеті. Осыған орай балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз, қоғам болып мән беруіміз керек, сондай-ақ белсене араласуымыз қажет», деген ұлағатты сөзін жете ұғынып қана қоймай, біздің де осы орайда көп іс тындыруымызға тура келеді.
Біздің бұл құрылтайдан алатын үлгі-өнегеміз біршама. Жиында сөйлеген қоғам белсенділері мен Мемлекет басшысының баяндамасында атап көрсетілген мәселелерге мұқият зер салуымыз керек. Мысалы, Президенттіміз мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістердің оқытылу қажеттілігі жөнінде баса айтты. Бұл ретте жекелеген ұстаздар мен тіптен мектеп басшыларының да жан жақты ізденісі үлкен рөл атқарады. Қажет дәрістердің пәрменділігі мен оның ықпалды тұсын арттыруға тек мұғалімдер ғана емес, сонымен бірге басқа да түрлі сала мамандары мен сондағы қоғамдық ұйымдардың да өзіндік қол таңбасы болуға тиіс.
Мемлекет басшысы айтқандай, «Әділетті Қазақстанды – Адал азаматтар құрады», дейтін болсақ, онда біз өз бойымыздағы жаңару құбылысын бүгінгі күн талабына сай берік орнықтыра түскеніміз жөн. Ол үшін, әрине, көп оқып, көп ізденуге деген құлшыныс керек. Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алар алдында аға буын өкілдері де кітапхана есігін ашып, кітап оқып отырса, еш артықтығы жоқ. Себебі көптеген мектепте кейбір ұстаз-мұғалімдеріміздің өзі кітап оқуға жете құлық таныта бермейді. Бұл – күнделікті көріп жүрген үйреншікті жағдай.
Біз, әрбір Қазақстан азаматы осындай алқалы жиында айтылған мәселелерге жете көңіл бөле отырып, оның ойдағыдай жүзеге асырылуына сүбелі үлес қосса дейміз.
Серікбай ТҰРЖАН,
Бәйдібек аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі
Түркістан облысы