• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 18 Шілде, 2023

«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес

245 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен «Жасыл эко­но­микаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында еліміздің өңірлеріндегі экологиялық ахуалды жақсарту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мәселелері қаралды.

Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП, ірі салалық орталықтар мен қауым­дас­тық­тардың басшылары, сондай-ақ БҰҰ өкілдері қатысты.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова осы аттас Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде өткен 10 жыл ішінде экономиканың энергия сыйым­ды­лы­ғы 2008 жылғы деңгейден 36,7%-ға қысқартылып, ЖЭК үлесі 4,5%-ға дейін жеткізілгенін баяндады. Сонымен қатар ормандардың ауданы 5%-ға, ал ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың үлесі респуб­лика аумағының 10%-дан астамына дейін жеткізілді.

Сондай-ақ Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы қабылданғаннан кейін Тұжы­рым­даманы өзектендіру шең­бе­­рінде 2030 жылға қарай ком­мунал­дық қалдықтарды қай­та өңдеу және кәдеге жарату көр­сет­кішін 40%-ға, ал ұзақ мерзімді перспективада – 2050 жылға қарай 60%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ауылдық жерлерде орталықтандырылған жүйені ұйымдастыру арқылы 2040 жылға қарай халықты қалдықтарды жинау және кәдеге жарату қызметтерімен қамту 100%-ға жетуі тиіс.

Бұл ретте кәсіпорындарға ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді ынталандыру арқылы 2050 жылға қарай өнеркәсіп қалдық­тарын қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 60%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қа­тар қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) полигондарын қалпына кел­тіру және жаңадан салу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.

Жаңартылған Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде атмосфераға ластаушы заттар шығаруды азайту, атап айтқанда ЖЭО-ны жаңғырту және газ отынына көшу, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін түрлерін қорғау, сондай-ақ орман алқабын кеңейту есебінен шаралар қабылданатын болады.

Ауыл шаруашылығы, энергетика және су ресурстарын басқа­ру салаларында да экологияға қо­лай­лы шараларды іске асыру жоспарланған.

Премьер-министр «Жасыл экономика» жалпы еліміздің тұрақты дамуының маңызды құралдарының бірі екенін атап өтті. Осыған байланысты Тұжырымдамада қойылған мақсаттар мен индикаторларға қол жеткізу Қазақстан экономикасының даму траекториясын айтарлықтай өзгертуді талап етеді.

«Осының нәтижесінде халықтың тұрмыс жағдайы, атмосфералық ауаның жай-күйі, қалдықтарды басқару, су және жер ресурстарын пайдалану жақсарады», деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Экология министрлігіне Тұжырымдаманы өзектендіруді жеделдетіп, жобаны 1 желтоқсанға дейін Үкімет Аппаратына енгізуді тапсырды.

Отырыста жаңартылатын энергия көздерін одан әрі дамыту бойынша жоспарлар мен қабыл­данып жатқан шаралар барысы талқыланды. Бүгінгі таңда республикада жиынтық қуаты 2 525 МВт болатын 132 ЖЭК нысаны жұмыс істеп жатқаны аталды. Жаңа нысандарды іске қосу жоспарлы мерзімінен бұрын жүзеге асып келеді. Жалпы, 2027 жылға қарай тағы 6 720 МВт жаңартылатын генерацияны енгізу жоспарланып отыр.

Үкімет басшысы дәстүрлі және жаңартылатын энергия сек­торларын үндестірудің, сон­дай-ақ үй шаруашылықтары, шағын және орта бизнес, шаруа қожа­лық­тары деңгейінде шағын ЖЭК қондырғыларын дамытуды ынта­лан­дырудың маңызды екенін атап өтті.