• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Шілде, 2023

Ашынған шаруаның ащы дауысы

948 рет
көрсетілді

«Бір дертке тисең, мың дертің қозады!» дегендей, оңтүстіктегі қауын-қарбыз өсіретін диқан қауым­ының ащы дауысы Астанаға да жетті. Биыл Өзбекстанмен ара­дағы шекара ашылғандықтан, жер емген елдің жағдайы күрт қиындапты. Қауын-қарбыз өсіруге 4-5 млн қаржы салып, қарымтаға соның 4-тен 1-ін де қайтара алмай, қара жерді сабалап қалған аға­йын бар.

Алыстағы диқан ағайынның хал-ахуалын білмекке арнайы хабарластық. Жағдайлары расында, мәз емес. «Ашулы адам не демейді?» дегеннің өзінде де, айтқан мәселелері алаңдауға тұрар­лықтай. Шиеттей бала-шағалы өз отбасымен қатар, ерте көктемнен бері қасында жүріп, қатар еңбек еткен 2-3 адамның маңдайақы терін өтеу былай тұрсын, қауын-қарбыз өсіруге салған қаржысының 4-тен 1-ін де қайта шығара алмай жүрген жанның қайғысы, шынында да ашынарлықтай...

«Біздегі қиындық Өзбек­с­таннан келетін судан басталады. Су тапшылығы үнемі болатындықтан су арналарына сусорғы тастап, көбіне-көп егісті солай суғарамыз.

«Біз­дегі қиындық Өзбек­стан­нан келетін судан бас­талады. Су үнемі тапшы болатындық­тан егісті сусор­ғымен суғара­мыз. Ал тамшылатып суғару технология­сы деген қауын-қар­бызға жарамайды екен. Оны диқандар 2-3 жыл пайдаланып көрді. Нәтиже ойдағыдай болмады. Олардың қата­рында біз де бармыз. Ірі әрі дәмді қауын-қарбыз өсіру үшін үнемі ағынды су керек», дейді Мақ­таарал ауданының тұрғыны Сейітбек Құдайбергенұлы.

Шаруаның айтуына қараған­­да, олар – Өзбекстаннан көшіп ­кел-­­ ген қандастар. Же­кемен­шік жері болмаған соң, егіс алқаптарын 800 мың теңге төлеп, бір жылға жалға алады. Осы арада диқан Үкіметке өкпе-назын да айтып қалды. «Бабаларымыз мұраға қалдырған ұлан-ғайыр жерден бізге үлес тимей отыр. Ал пайдаланылмай жатқан жер қаншама!» дейді ол.

Осы орайда Тәуелсіз Қазақ­станның тұңғыш Конституциясы жадымызда қайта жаңғырғанын жасырып қайтеміз. Онда сырттағы қандастар көшіп келген жағдайда оларға да жер үлесін беру мәселесі жақсы шешімін тапқан еді.

Диқандардың мәселесі мұ­ны­­мен бітпейді. Қауын-қар­быз кө­шетін қыстың соңы, ер­те көк­тем­нің басында отырғыза­тын­дықтан оның астына да, үстіне де арнайы материал төселуі керек. Оның әр келісі 700-800 теңге тұрады екен. Сонда қауын-қарбыз егілетін бір гектар жерге 420 кг клеенка керек. Қыс бойы жерді қайта өңдеп, толық бабына келтіру үшін оған тағы тыңайтқыш беру ләзім. Тыңайтқыш Өзбекстаннан әкелінетіндіктен әр килосы – 200, ал бір қабы 10 мың теңгеге бағаланады. Оған қоса үстін жабу үшін клеенканы ұстап тұратын сымды да бірнеше шақырымға жететін етіп сатып алады.

Тағы бір мәселе, ел­дегі ірі қа­лалардың бәрін дерлік дәмді, қауын-қарбызбен жыл сайын қам­тамасыз етіп ке­ле жат­қан осы диқандарға бас­қа шаруа­шы­лықтардағы сияқ­ты лизинг немесе басқалай кө­мек­тер мен жеңілдіктер мүл­де қарастырылмаған екен. Кері­сін­ше биыл Өзбекстан шекара­сы ашылған соң олармен бәсе­кеге түскенде жағдайлары күрт нашар­лаған. Себебі су мен тыңайт­қыш Өзбекстаннан келеді. Сондай-ақ көрші елде қауын-қарбызды қайта өңдеп, түрлі азық жасайтын кәсіпорындар бар көрінеді.

«Өзбекстанда түрлі жеміс-жи­декпен қатар, қауын-қарбызды да кәдеге асырып консервілейтін, одан қалғанын кептіріп, қауынқақ, қарбызқақ жасайтын кәсіп­орын­дар жұмыс істеп тұр. Логистика­сы да ретке келтірілген. Біз­де бәрі жабайы. Тіпті жүк көлігі­нің жүргізушісі де білгенін істеп жүре береді. Егер көрші елдегідей кәсіпорындар ашылып, жұмыс істеп тұрса, диқан мен базар арасындағы бағаны құбылтып отырған делдалдар жойылса, су мен тыңайтқыш мәселесі дұрыс шешімін тапса, жер емген қазақ кіммен болса да бәсекеге түсіп, ешкімге есесін жібермес еді», дейді Сейітқұл Жұманов.

Тұрғындардың айтуынша, бір гектар жерге 7 мың көшет егі­леді. Оның әр данасы – 15 теңгеден. Кө­шет­терді бірнеше диқан бірігіп, оны өсіре алатын, соған лайықты жылыжайы бар бір адамға тапсырыс береді екен. Сөйте жүріп ол көшеттерді тағы 15 теңгеден сатып алады. «Мен биыл 3 гектар жерге қарбыз ектім. Оған 4 млн теңгеден астам қаржы жұмсадым. Бүгінге дейін сатқан өнімім 1 млн теңгеге әлі жеткен жоқ. Бұдан әрі қалай болары белгісіз. Жерге салған ақшамның тым құрығанда жартысын да қайтара алмаймын ба деген қауіп басым болып тұр», деді Сейітбек Құдайбергенұлы.

«Өзбек делдалдары келіп, бағаны қасақана түсіріп жатыр-ау деген алаң бар. Биыл су тапшылығы мен тыңайтқыштың аздығынан біздің өнім ұсақтау болып қалғаны рас. Ал өзбектердің қауын-қарбызы ірі шықты. Соны пайдаланған олар біздің алдымызды орап кетіп отыр. Шекараның ашықтығын пайдаланып, арзан­ға өсірілген өнімдерінің бағасын тағы да түсіріп, бізді тырп еткізбей қойды. Алдағы жылдарда бұлай жалғасатын болса, көп жағдайда Өзбекстанға тәуелді біздің жақ­та қауын-қарбыз өсіру ісі мүлде тоқырап, тоқтайтын шығар. Өзбек диқандарының іс-әрекетіне қарап олардың көздеп отырғаны да осы ма деген ой мазалайды. Олар қазақ диқандарын нарықтан шығарып тастаса, кейін еліміздің кез келген өңірінде өз өнімдерін қа­лаған бағасына сататыны анық», деді кейіс білдірген шаруа.

Осы жылы шығынға ұры­нып, үлкен зиян шеккен диқан Сейіт­бек Құдайбергенұлы ғана емес. Онымен қатар 4 гектар жерге қарбыз өсірген Марат Қай­на­за­ров, 20 гектар алқапқа қауын еккен Ерғали Әзбергенов сияқты диқан­дардың еңбегі еш болғалы тұр.

«Қарбыз егілген 4 гектар ал­қапқа 5 тоннадан астам ты­ңайт­қыш бердік. Оның бір килосы 200 тең­геден келеді. Әр гектарға 7 мың қар­быз көшетін отырғызған болсақ, то­лық алқапқа 28 мың түп көшет егіл­ген. Оның әрбірін 15 теңгеден са­тып аламыз. Көшеттер тегіс әрі біркелкі өсуі үшін және ертерек же­тілдіру мақсатында 5-6 адамды жұ­мысқа тартып, әрбіріне күнделікті 5-6 мың теңгеден ең­бек­ақы төлеп отырамыз. Ал өнім дайын болып, қауын-қарбыз пісіп же­тілгенде Астана, Қостанай сынды қа­лаларға көлікпен жеткізудің құны 1 млн 200 мың теңгеге шы­ғып тұр. Қыс бойы «Арқа етіміз арша, борбай етіміз борша» болып жүріп өсірген өнімді қалаған қала базарына өз қолымызбен алып бара алмаған соң, соншама еңбегіміз тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп бара жатқанына жанымыз күйеді», деді Марат Қайназаров.

Қауын-қарбыз өз мерзімін­де пісіп-жетіледі де, уақтылы са­тып, өткізіп үлгірмесең, пісі­мі өткенде суға айналып, аға­ды да кетеді. Сондықтан диқан­дар­ды тыңдағанда түрлі ой келе­ді. Расында да, олардың ауыр жағ­дайын естіген Үкімет мән-жайды зерттеп-зерделеп қиындықтан құт­қарудың бір амалын табуы­на болар еді ғой. Мысалы, егіншілер мен малшыларға техниканы ли­зинг­пен бергені сияқты қауын-қар­быз өсіруші диқандарға да осындай көмек жолын қарас­тырған жөн болар. Сонда жер жыртып, егіс алқаптарын өңдейтін техни­каларымен бірге, алыстағы ірі қа­­ла­ларға өнімін өзінің жүк көлі­гімен апара алатын жағдайға же­тер. Сөйтіп, бәсекеде бәсі жо­ғары болып, арадағы алаяқ делдалдардан құтылып, табысқа кенелсе, отбасының және қасында қызметте жүрген бір қауым елдің ырыздық-несібесі артар.

Айтқандай, Жетісай, Мақта­арал өңіріндегі шаруаларға жел­тоқсан айынан бастап, ақпан, нау­рыз, сәуір айларына дейін гектарлап өлшенетін жылыжайда көшет дайындап беретін диқандардың басы Сәбит Сартаев аталған 3-4 айда жыл сайын 50-60 адамды жұмыспен қамтып отырады. Ол да мол шығынға батуы кәдік. Өйт­кені көшетті қарызға алып, ақы­сын жазғы пісім науқанында тө­лемек болған диқандар да бар. Ал олардың жағдайы әзірше осындай.

Бүгінде не істерін білмей дағ­дарған диқандардың қиындығын оңайлатып, ауырын жеңілдете­тін тағы бір жағдай бар. Қазіргі таң­да кезінде жерді заңсыз иемде­ніп алған азаматтардың көптеген жері мемлекетке қайтарылып жатыр. Мүмкін жер үлесін ала алмай қал­ған Өзбекстан, Қытай, Ресей, Моңғолиядан келген қандастарға сол мемлекетке қайтарылып жат­қан егін, егіс алқаптарынан тиесілі үлесін берген дұрыс шығар.

Қауындардың басым көпшілігі уақтылы жинап алып, дер кезінде өткізіп үлгір­ме­гендіктен уақыты өтіп кетіп, жарамсыз болып қалған. Енді олар тас­талады, кейбірі малға жем болады. Қолдаушысы жоқ диқан қауымның еңбегі еш болды деген осы.