• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 19 Шілде, 2023

Астанада жаңа энциклопедияның тұсауы кесілді

178 рет
көрсетілді

Астанада ресми қызмет ететін діни бірлестіктердің шығу тарихы, олардың қызметі мен діни ғибадат ғимараттары жайында жазылған «Елорданың діни нысандары» атты энциклопедиясы таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты іс-шара Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкеннің төрағалығымен Дін істері басқармасы дайындаған кітаптарды тамашалауға елордалық діни бірлестіктердің басшылары, ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдері мен мемлекеттік органдардың қызметшілері келді.

Жиынға Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Қаналимов қатысып, туындының елорда тұрғындары мен қонақтарына дін туралы таптырмас нұсқаулық болатынын атап өтті. 

«Дін – халқымыздың әлеуметтік және рухани өмірінің бір бөлігі. Қазақ халқында салт-дүстүрі мен ғұрпы дінмен ұштастырылған. Салиқалы өмір сүру, дұрыс ұрпақ тәрбиелеу, келер ұрпаққа дұрыс тәрбие беру, құрметтеу, ізет көрсету қасиеттерін қалыптастыру дін мен дәстүріміздің ерекшелігі деп айтуға болады. Бұл еңбек елордалықтарға, қала қонақтарына және дін саласының зерттеушілеріне нұсқаулық болады деп ойлаймын», деді мәслихат төрағасы. 

Жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Есет Бәйкеннің айтуынша, діни бірлестіктердің тарихы мен культтік тәжірибесі туралы жазылған туынды - Астананың ширек ғасырдағы жетістігі.

«Бүгінгі жиын Астананың 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Дін істері басқармасымен ақылдаса келе, дін саласындағы жетістіктерді көрсету мақсатында энциклопедия жасауды ұйғардық. Ширек ғасырда біз үшін елордада атқарылған шаралар жетістік деп білемін. Үш жылда бір өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі елордамызды әлемдік және рухани диалог орталығына айналдырды. Елордадағы 14 діни конфессия мен 57 діни бірлестіктің еңбегі арқасында 25 жылда елордадағы дін саласы өзіндік дара жолын қалыптастырды. Осы жетістіктерді оқырман назарына жеткізуді жөн көрдік», деді қала әкімінің орынбасары. 

Жаңа жинақ 16 тарауға бөлінген. Әр бөлімде елордадағы конфессиялар туралы жекелеген толық ақпарат ұсынылған.

Сондай-ақ жинақта діни бірлестіктердің шығу тарихы мен бүгінгі атқарып жатқан жұмысы туралы жазылған, түрлі діни орындардың, сәулетті ғимараттардың фотолары да енген.