Қызылордалық жастар 5 жылда 11 отбасыға баспана сыйлады. Оған қажетті жер телімін жергілікті әкімдік үлестіріп берген. Осылайша, мақсат пен мүддесі бір 150-ге жуық азамат елдің өсіп-өркендеуіне өзінше үлес қосып жатыр.
«Жаңарған Жаңақорған жастары» еріктілер тобы 2019 жылы «Жастар жылы» аясында Қызылорда облысының Әділет департаментінен ресми тіркеуден өткен. Алайда жүрегі жомарт жандар жұмысын 2016 жылы көмекке зәру жандарға азық-түлік, киім-кешек таратудан бастаған. Волонтерлер құрамында аға буын өкілдері де, кәсіпкерлер мен сан саланы игерген мамандар да бар. Оларды біріктірген бір ғана идея. Ол – «Мемлекет маған не береді?» деген масылдық психологиядан арылып, «Мен елім үшін не жасай аламын?» деген өмірлік ұстаным.
– 2018 жылы Ақзила деген кісіге үй салып бердік. Күйеуі өмірден өткен, қызы мен оның мүмкіндігі шектеулі баласы үшеуі бірге палаткада тұрып жатқан. Баспанаға зәру екенін әлеуметтік желіден білдік. Бұл кісілердің өз баспанасына кіргендегі қуанышын көрсеңіз! Құрылысты бітіріп, үйге кіргенге дейін барлық отбасы үшін жаңалықты құпия ұстаймыз. Қайырымдылық қоржыны жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен толығады. Ал үйді еріктілер асар әдісімен салады. Әр баспана теледидар, жиһаз, кілем, көрпе-төсекпен бірге беріледі. Тігінші қыз-келіншектер пердесіне дейін тігіп көмектеседі, – деді қоғамдық бірлестік жетекшісі Еркінбек Айнақожаев.
Бүгінде аудан әкімдігінің қолдауымен жастар ресурстық орталығынан арнайы бөлме де беріліпті. Олардың негізгі атқаратын 4 бағыты бар: білім, қайырымдылық, руханият, спорт және өнер. Бірақ басымдықты тұрмысы төмен отбасы мүшелерін жұмыспен қамту, баспана тұрғызу, кәсіпке баулу, тегін киім-кешек үлестіру, азық-түлікпен қамтамасыз етуге арнайды. Сондай-ақ еріктілер балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін 2 балалар ойын алаңқайын салған.
Қайырымдылық бағытында «Қармақ» жобасын да іске асырылып жатыр. Бұл жоба шығыстың «Қарны ашқан адамға балық бер ме, қармақ бер» деген нақылынан туындаған. Яғни әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы мүшелерін кәсіпке баулу мақсатында мастер-класстар өткізіліп, керекті құрал-жабдықтарын алып береді. Ал білім бағыты бойынша жастарға арналған түрлі семинарлар, интеллектуалды ойындар тұрақты өткізілетін көрінеді. Мәселен, былтыр желтоқсан айында мектеп оқушылары арасында «Интеллектуалды ұлт» сайысы және «Кайдзен үздіксіз дамудың құпиясы» кітабының авторы Ғани Байғалиұлының жас кәсіпкерлерге арналған тегін семинар-тренингін ұйымдастырған.
Жомарт жандар өңірлерде болған төтенше жағдайлар кезінде де қарап қалмай, көмек қолын созып, азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар мен қаржылай қолдау көрсетіп, игілікті істермен де үздіксіз айналысып келеді.