• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Шілде, 2023

Жәрмеңке ұсынған жұмыс

262 рет
көрсетілді

Алматыда жастарға арналған «Career Day» бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шаһардың 8 ауданында өткен іс-шараға 14 пен 35 жас аралығындағы 26 мыңнан астам азамат қатысты. Онда «Jobfair 365» тегін цифрлық платформасының тест нұсқасы іске қосылғаны айтылды.

Платформаның негізгі мін­деті – жұ­мыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді бір ортада біріктіру. Бастаманы жоғары оқу орындарының өкілдері көтерген. Бү­гін­де қосымшаға елі­міздің 20 өңірі­нен 500 жұ­мыс беруші тіркеліпті. Олар 1 500 бос жұмыс орнын жариялап үл­герген.

– NEET жастардың жұмыс­пен қам­тылуы және олар­дың үлесін азайту – қала­лық жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Осы орайда басқармада жұмыс­сыздықпен күре­су үшін 4 өзек­ті мамандық – қызмет көр­сету, IТ, қолөнер және soft skils бо­йынша жастарға арналған қысқамерз­імді курс­тар іске қосылды. Жаңа дағ­дыларды игеру жастарға перспекти­валы және қызықты мамандықты таң­дауға, жұмыс табуға, қоғам­дағы тәуел­сіз өмірге бейім­делуге және өзін-өзі жүзеге асы­руға мүмкіндік береді. Бү­гінгі таңда 3 850 жас 14 курс бойын­ша білім алды. Біздер «Jobfair 365» плат­формасы арқылы да жастарға жаңа мүм­кіндіктерге жол аштық. Қа­зір онда ең сұранысқа ие көлік және логистика саласындағы 257 бос жұ­мыс орны және өндіріс пен ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы 222 бос жұмыс орны, – деді Жастар саясаты жөніндегі басқарма бас­шысының орынбасары Әзиз Қажденбек.

Ал жәрмеңкенің өзіне 850 ірі компания қатысып, 10 мың­­нан астам бос орын ұсы­ныл­ған. Нәтижесінде, кәсі­би тағы­лым­дамаға 3 800 адам және одан әрі жұмысқа ор­наласу үшін 4 900 азамат шақырылыпты.

Жалпы, еліміздің түкпір-түк­­­пірінде бос орындар жәр­­мең­кесі жиі өткізіліп тұра­ды. Мә­­селен, Ақпарат және қо­ғам­дық даму министр­лігі Мем­ле­кеттік жас­тар саяса­тының 2023-2029 жылдарға ар­налған тұ­жырымдамасы аясында «Tulga Bol» акция­сын ұйымдастырды. Мұнда түлектер мен жастарға жұ­мысқа орналасу мәселелері, мем­лекеттік бағ­дарламалар туралы ақпараттандыру, тұрғын үй сатып алу, 2,5% несие, өз ісін ашу және басқа да бағыттар жөнінде ке­ңес берілді. Іс-шара 7 маусым күні Қызыл­орда облысынан басталды.

– Бұл жастарға мемлекет та­рапынан қолдау көрсету үшін ұйымдастырылып отыр. Бүгінде облыс көлемінде 19 бен 35 жас аралығындағы 250 мыңға жуық жас бар. Олар­ды қоғамның бел­сенді азамат­тарының қатарына қо­су – мемлекеттік маңызы бар сая­си ба­ғыт­тардың бірі. Сыр жас­тары осы жәр­­меңкеде бос жұмыс орындары, құ­қық­тық сауаттылық және тағы басқа өздерін толғандырған са­уалдар тө­ңірегінде жауап таба алады. Әр адам өз мүмкіндігін жүйелі пайдала­­ну арқылы жетіс­тікке жетеді. Осы мақсат­та аймақ­тан 611, басқа өңірлерден 600 бос жұ­­мыс орындары ұсынылды, – деді Қы­зыл­­орда облыстық қоғам­дық даму басқармасы бас­шы­сының орынбасары Уәлихан Ибраев.

Бүгінде елімізде жұмыс­сыз­дардың саны 453,5 мың. Оның ішіндегі 15 пен 34 жастағылар 4,8%-ды құрайды. Осы орайда жастарды әлеуметтендіруге бағытталған мүмкіндіктер керуенінің та­ғы бірін республика көлемінде Ең­бек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен «Amanat» партиясының «Жас­тар рухы» жастар қанаты «Жас­тарға жұмыс» атты жоба­сын ұйымдастырып жатыр.

– Жоғары оқу орындарының түлек­тері бос жұмыс орындары үшін талас-тартысқа түседі. Сондықтан бос жұмыс орындары туралы мәліметті бас­қалардан бұрын білу маңызды. Бір мезгілде бірнеше жұмыс берушімен әңгі­мелесу өте ың­ғайлы. Сонымен қатар ин­тер­неттегі немесе еңбек бир­жа­сындағы хабарландырулардан айыр­машылығы – мұнда жұмыс беруші­мен бетпе-бет кездесіп, толған­дырған сұрақты қоюға болады. Ал жүзбе-жүз әң­гімелескен кезде міндетті түрде көп ақпарат аласыз, – деді студент Шыңғыс Тұрысбеков.