• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Таным 24 Шілде, 2023

Қазақы төбеттің қалыбы бөлек

355 рет
көрсетілді

Ұлттық түсінікке салсаңыз, тазы мен төбетті елдің қазынасына балап қана қоймайды, оны тіпті туыс-дос көріп, сапардағы сенімді серігі, адалдықтың өлшеміне де балайды. Бұл – бабатаным сыйлаған тәлім. Мұны Мемлекет басшысы да жақсы бағамдап отыр. Қазақы иттің қалпын бұзбай, тектілігін сақтап қалу үшін қам-қарекет жасап жатыр. Әйтсе де бүгінде ауыл азаматтары мемлекеттің көмегінсіз-ақ төбет асырап, жанашырлық танытып жүр. Біз бүгін оған куәгер болдық.

Өздеріңіз білетіндей, еліміздің көп өңірінде тазы мен төбеттің толық жойылу қаупі туындап отыр Оның басты себебі – генетикалық ғылыми зерттеулердің болмауы мен мемлекеттік қолдаудың жоқтығы. Ел азаматтары аталған мәселе аясында ұсыныстарын айтып, дабыл қаққан еді. Мұны естіген Ел Президенті іске дереу араласып, қазақы тазы мен төбетті сақтау жұмысын қолға алуды тапсырған соң, тиісті заң жобасы әзірленді. Енді қазақы ит заң шеңберінде қорғалып, соған сай жұмыстар жүргізіледі.

Десе де ел ішінде қазақы итке қызығушылығы жоғары жандар көп. Біз осы ретте әлеуметтік желілерден іздестіре жүріп, Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде тұратын Жандос Укашев есімді азаматқа жолықтық. Оның күшік кезінен асыраған «Малыш» дейтін төбеті 64 салмақта еліміздің Оңтүстік өңірі бойынша чемпион атанған екен. Маманнан қыстың қақаған аязын, жаздың қапырық ыстығын елемей, иесінің үйі мен мал-мүлкін күзетуден танбаған итінің қандай сыры барын және неге оның төбет аталатынын сұрап білдік.

«Төбет бағудың өзіндік ерек­ше­лігі бар. Жақсы тәрбиелесе өзін салмақты ұстап, өзгелердің алдында кемшілігін көрсетпейді. Сабырлы, байсалды, қасқырға төтеп бере алады. Ең керегі де осы», деген Жандос Болатбекұлы итінің шежіресін таныстырып өтті.

«Бұның ең үлкен атасы Ақтөбе қаласында тұратын Арыстанбек Укашев деген кісіде. Әлем чемпиондығын 2 мәрте жеңіп алған, шетелдерде өнер көрсеткен сондай мықты ит. Дене қуаты бойынша 64 салмақта онымен теңесер төбет кемде-кем. Мінез-құлқы да ерекше.

Жалпы, иттердің чемпионаты бәйге секілді. Жүйріктің жүйрігі ғана ұзақ қашықтықтан озып келетіні сияқты төбеттердің қасқырға төтеп беретін қай­сарлығы, сырттандығы, мал бағуға икемділігі, күзетке бейімділігі сынға түседі. «Малышты» Оңтүстік өңір бойынша абсолютті чемпионатқа дайындағанда тестілік сынақтар болатынын білмедік. Соған қарамастан төбетім сынақтан мүдірмей өтті. Яғни әбден іріктелген 2 төбет бір-бірімен кездесіп, күш сынасады. Ондай жарыстың итке залал келтір­мей­тіндей өз ережелері бар. Соған байланысты басым түскен төбет жеңіске жетеді».

Жандос Болатбекұлының айтуынша, жеңімпаз болғаннан бастап «Малыштан» күшік алушылардың қатары көбейген. Ол үшін ұрғашы иттерін қашыруға әкелетіндер ақысына күшік беруге немесе ақшалай ақысын төлеуге келіседі. Осылайша, қазақы тұқым еліміздің әрбір өңіріне жайылып барады.

Төбет бағудың өзіндік қиын­дығы бар. Ең алдымен, тамағын тауып беру оңай емес. Қыстың суығында негізінен ет жейтін маң төбет жазда түрлі дәнді дақылдан жасалған быламық пен нанға қанағат етеді. Оны да өлшеулі мөл­шермен беруге үйрету керек.­ Одан бөлек, мұхиттың арғы бетінен келетін «Pedigree» тама­ғын қосымша беріп отыра­ты­нын жеткізген Жандостың ай­туын­ша, 10 күшіктің ішінен таң­дап алған «Малыш» ерекше ақыл­ды.­ Аулаға бөтен адам кіргіз­бей­тін­ді, көше­ге­ шыққан жағдайда еш­кімге ти­мейді. Есесіне тау мен тас­та ер­кін жүріп, қасқыр атаулыдан сес­кенбейді.

«Биыл қыста шалғайда атпен серуендеп жүріп, қасқырға кездесіп қалды. Дәу көкжал деп өтірік айтпай-ақ қояйын, тұрқы орташа қасқырға қарсы тұрып, таласудан тартынбады. Қасқырдың аты қасқыр ғой, иттің шекесіне зақым келтіріп, сүйегін сындырып жіберді. Сол кезде қыңқ еткен дыбыс шығармады. Осылайша, түз тағысына төтеп беріп, жарақатына байланыс­ты жіберуге мәжбүр болды. Арнайы аңға шықпағаннан кейін қасқырды қуып, індетпедік», деген Жандос Болатбекұлы аудан орталығында тұратынына қарамастан ат ұстап, саят­шы­лықпен де айналысатынын айтып қалды. Бірақ ең басты ермегі төбет асырау екен.

Сарыөзекте тағы бір жігіт төбет бағатынын естіп үйіне бардық. Есімі – Дастан Мүсірәлі, төбетінің аты – «Сарбаз». 2016 жылы Байдрахман деген кісінің Байтөбет атты итінен туған күшікті сатып алыпты.

«Ит – адамның досы» деген сөз бекер айтылмаса керек.­ Меніңше, төбет адамның айнымас серігіне, бұлжымас сертіне айналады екен. Дұрыстап үйрет­се,­ барлық бұйрықты орындай­ды.­ Көпшілік бұл жағынан неміс овчаркасының қабілетіне қызы­ғып жатады ғой. Төбет айтқаныңды бірден орындайды», деген Дастан Мырзалыұлы итінің бойына жасырған сырын паш етті.

 «Отыр! Тұр! Тамақ іш! Ішпе! Орныңа! Суға түс! Машинаға мін!» деген бұйрықтың бірде бірін жібермей атқарады. Және ең бастысы – адал. Әлдекім мені ойнап жұлқылап, күш көрсететін болса қорғауға ұмтылады. Туған бауырым екеуміз қыстың күні есік алдында алысып, жұлысып, күресіп, ойнайтын болсақ, маған жәрдемдесіп, інімді денесімен қағып, қарсылық танытады. Осылайша, күшігінен баққан маған жақындығын білдіріп қояды.

Бұның енесі Қызылжар ауы­­лында тұратын Қайрат деген­ ағамыздың қолында өскен еді.­ Қазір жоқ. Тек мал бағуға жұм­сал­ған қаншық күшіктерін өзі тамақ­­тандырып отыратын. Жеге­­нін құсып беретін. Соның тек­ті­лігін көріп таңғалдым. Менің «Сарбазымның» «Таймас» деген ұяласы бар. Сонымен ұйық­тандырмақ болғанда өз күшігіне қосылмай қойыпты. Қозыға тимейтін, ашық тұрған есіктен кірмейтін, үйдегі етке ауыз салмайтын қасиеттерін айтып тауыса алмаспын».

Осылай деген Дастан «Сар­ба­з­ды» Алматыда өтетін ит жарыстарына қосып көргенін айтты. Қарсыластарынан жеңіліп көрмеген адал төбеттің күшіктері Жетісу облысының барлық ауданына таралып кетіпті. Ол үшін қаншығын қашырып алуды сұрап келушілермен келісіп, 1 күшігін алып тұрады. Онда да күшікті өзі алдымен таңдауды талап ретінде ұсынады. Көпшілік келіседі.

Дастанның айтуынша, туған­нан 8 қар басқан «Сарбаз» тәр­тіпті, аштыққа шыдамды. Ыды­сы­на құйылған тамақты иесінің қарасы көрінбей кеткен соң ғана жейді екен. Яғни жөнсіз арпыл­дап, тамақ көрсе жалаңдап кетпейді. Сырбаз кейіпте өзіне бұйырған несібеге ауыз салады.

Міне, бір ауылда өскен 2 адам, 2 төбет. Екеуі де ғылыми технология қарқынды дамыған кезеңде өмір сүріп жатыр. Жаһандану дәуірінде тегіне адалдық танытып, ата-баба дәстүрін берік ұстану оңай емес. Ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасқан төбеттің бүгінгі ұрпағы осылай күн кешуде. «Ит иесіне тартады» дегенді айтқан халқымыздың даналығына ой жүгіртер болсақ, Жандос та, Дастан да баққан төбеттеріне өз тәртібін үйретіп, өз шарттарын сіңірген. Маң төбеттер де иесінің айтқанынан шықпай, үйреткенін бойына сіңірген.

Ертеде ауылдың іргесіндегі биікке шығып, мал мен жанның амандығын күзеткен қазақы төбет бүгінде әрбір ауылдың түп-түзу көшелерін жағалай орналасқан үйлердің ауласында байлаулы жатыр. Оны қарғыбауға үйреткен – заманның талабы. Кеңестік идеологияның тұсында жос­пар орындауға тырысқан ит ат­қыш­тардың оғынан қырылып кете жаздаған төбет қазір жаңаша тыныстай бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тазы мен төбетті сақтау туралы Заң әзірленіп жатыр. Аталған Заң күшіне енгенде қазақы төбеттің саны өсіп, кең байтақ еліміздің жаңа тұлғасына айналарына сенім мол.

Жалпы, адам баласы жер бетіне түскелі бері жан серігі ретінде итті асырап, қажетіне жаратып келеді. Соған орай әлем жұртшылығының өзіне тән итке деген қызығушылығы мен құрметі бар. Мысалы, тибеттік мастиф, сібірлік лайка, жапондық хаски, алмандық овчарка, түр­кі­меннің алабайы, қазақы төбет. Бұлардың әрқайсысы жағ­ра­фия­лық жағдайда, ауа райына, жер бедеріне, адамдық қарым-қатынасқа орай бүгінгі тұлғасын қалыптастырды. Яғни аталған тұқымдар іріктеліп, ғасырлар қойнауынан осы күнге жетті.