Адам баласы әлмисақтан ағзаны еліртетін тұнбалар мен шөптердің сырын білді десек те, осы күнде талай адамның қолынан түспейтін сергіткіш сусындардың салдарына терең мән бере бермейтініміз рас. Ақиқатында энергетикалық сусындарды жиі ішкеннің кесірінен жүрек тоқтап қалуы мүмкін бе? Адамның уақытша күш-қуатын еселейтін стимулятордың өтеуі қандай болмақ?
Айналаңызда жүргендердің арасынан-ақ энергетикалық сусындарға тым әуес болып, ақыры дерт жамағанын әйтеуір бір естігеніңіз анық. Осы мақаланы жазуға түрткі болған жаңбырлы күні жолай көлігімізге мінген келіншектің әңгімесі еді.
«Жұбайым жеке көлігімен бізді асырап жүруші еді. Ылғи жолда, шаршап жүреді. Кейде демаламын деп отырған жерінде тұрақты клиенттері шақырса, амал жоқ, жолға қайта шығып кететін. Ұйқымды ашамын, шаршағанымды басамын деп жүріп «дизи-мизи» дегенге қалай үйреніп алғанын білмей қалдық. Кейде қатты ұйқысы келіп тұрса да, дегбірі қашып, мазасызданып, жүрегім жиі соғып тұр деп отырушы еді. Күйеуімнің ерте жүрегі тоқтап қалғанын осыдан көремін», деген келіншек көзіне келіп қалған жасты білдірмеуге тырысып, бетін терезеге бұрды.
Қысқасы, «күйеуі ішімдікпен бірге энергетикалық сусын ішіп отырып, аяқ астынан инфаркт алыпты», «баласының қолынан «энергетик» түспеуші еді...» деген сынды әңгімелер төмендегі деректерді жинауға жетелегені рас. Өйткені энергетикалық сусындар да электронды сигарет сияқты қауіпті өнімдерге жатады. Олардың түрі де, маркасы да көп, құрамы мен дәмі неше түрлі және дүкендерде шектеусіз сатыла береді. Егер жақсы болса, неге Норвегия, Дания, Франция сияқты дамыған елдер энергетикалық сусындарды сатуға ресми түрде тыйым салған деріміз анық.
Сонымен «Энергетикалық сусын елірткіш жаңа есірткі ме, әлде жай сусын ба?» деген сауал төңірегінде депутаттарымыз да дүркін-дүркін мәселе көтергені есімізде. Ал ДСҰ олардың қауіпсіздігін анықтапты дедік. Бірақ сергіткіш сусындардың зияны туралы алыпқашпа әңгіме неге тыйылмайды? Шындығында зиянсыз болса, онда Аустралия, Жаңа Зеландия, Сауд Арабиясы өз нарықтарында оларды сатуға да, ішуге де неге қатаң тыйым салды? Жоғарыда аталған Дания мен Норвегияда неге дәріханаларда ғана сатылады?
Энергетикалық сусындарды шығарған қай ел деген сауалға дөп жауап беру қиын, себебі адам баласы әлмисақтан адамды еліртетін, есіртетін сусын түрлерін жасауды білгенін жоққа шығаруға болмайды. «Ғажайып сусынды» америкалықтарға да, жапондарға да телитін деректер жеткілікті.
Шындығында, сергіткіш сусындардың зияны туралы әңгімені алғаш рет 2010 жылы ақпанда сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты Владимир Нехорошев көтеріп: «Энергетикалық сусындардың құрамында адам ағзасына өте қауіпті химикаттар бар. Оларды ХХ ғасырдың 60-жылдары Вьетнамда соғысқан америкалық жауынгерлердің моральдық және әскери рухын ынталандыру үшін АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі әзірлеген. Алайда осындай сусындарды тұрақты пайдаланудың нәтижесінде жауынгерлердің арасында бас ауруы, ми ісігі, бауыр ауруы сынды дертке шалдыққандар көбейіп кеткен. Салдарынан сескенген Пентагон сусындарды әскерлерге беруге тыйым салуға мәжбүр болған. Ал тарихта болған осындай келеңсіз оқиғалардан сабақ алудың орнына елімізде кейінгі кезде энергетикалық сусындарды құмарта ішетіндердің қарасы көбейе бастаған», дегені жадымызда.
Қысқасы, энергетикалық сусындар осылай адам ағзасын алдап соғады десек, ішкеннен кейін 10 минутта оның құрамындағы ингредиенттер ішекке барып, қантты көтеріп жібереді. 20 минуттан соң қант деңгейі шарықтап, адамның бірден көзі шайдай ашылып, тау қопаратындай күш-қуат пайда болады. Кофеиннің әсерінен ми 40 минуттан соң дофамин бөле бастайды да, 1 сағат өткеннен соң кофеин өтке у сияқты әсер ете бастағандықтан, ағза одан құтылуға асығады. Кіші дәретпен шығып кеткенімен, 2 сағаттың ішінде ағзаны гипогликемия басады, яғни қалжырап, тез ашуланатын, ештеңе жақпайтын адам болып шыға келесіз. Бұл күйден құтылу үшін тағы ішуі мүмкін, солай бұл сусынға да байланады. Әсіресе күн мен түні ауысқандар. Тегін күш, тегін қуатқа мәз болғандар оның салдарын білмейді. Бұл – алдамшы сезім. Ағзаны «оятудың» мұндай жасанды жолы оны іше берген сайын денсаулықты күйретіп кетеді. Бұл сусындар адамға сырттан ешқандай энергия бермейді, тек адамның резервтегі энергиясын қоздыру арқылы өзіне алып береді. Қарапайым тілмен айтқанда, болашаққа қажет энергияны ағзаңыздан уақытынан бұрын қарызға алып береді. Ұйықтайтын уақытта ояу, шаршап тұрғаныңызды сезбей, сергек күй кешетініңіз сондықтан. Қысқасы, емтиханға дайындалып жүрген студенттерге, жұмысын уақытында тапсырып үлгермей жүрген қызметкерлерге, спорттық рекордтарға ұмтылған спортшыларға, шаршаған жүргізушілер мен түнгі клуб қыдырымпаздарына нағыз құтқарушыдай көрінетін сусынды пайдаланудың шегі, жөні болмаса, салдары қайғылы.
Мамандар энергетикалық сусындардың көбінің құрамында көп мөлшерде В дәрумені болатынын, бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін екенін айтады. Сондықтан да дәрігерлер спорт ешқашан сергіткіш сусындармен дос бола алмайтынын ескертеді. Энергетикалық сусындарды ешқандай жағдайда ішімдікпен араластырып ішуге болмайды. Кофеин қан қысымын көтерсе, ал ішімдік оның әсерін одан сайын арттырады. Нәтижесінде, гипертониялық кризге ұшыратуы әбден мүмкін. Сол сияқты фитнеске баратындар да кофеиннің несеп айдағыш қасиетін жақсы білуге тиіс. Яғни жаттығудан кейін энергетикалық сусын ішуге болмайды, өйткені жаттығу кезінде ағза онсыз да көп сұйықтық жоғалтады. Сусынның әсері тарқаған соң да ағзаға күш жинау үшін демалыс қажет. Сондай-ақ энергетикалық сусындардың құрамында таурин және глюкуронолактон бар. Бұл ингредиенттердің ағзаға қалай әсер ететіні түпкілікті зерттелмеген. Сондықтан таурин мен глюкуронолактонды жоғары мөлшерде пайдалану қауіпсіздігіне кепілдік берілмеген.
Осы арада мына мәселеге тоқтала кеткен жөн. Жас алматылықтар энергетикалық сусындардан кейін инфаркпен ауруханаға түсіп жатыр деген деректерге қатысты жуырда Алматы қалалық кардиология орталығының директоры Алмат Қодасбаев өзін маман ретінде мазалайтын ойларымен бөліскен еді.
«Отандық кардиологтер хирургиялық көмек көрсету саласының соңғы технологияларын меңгерген. Қазір Rotablator құрылғысы пайдаланылады, бұл жүрек тамырларындағы кальциленген түйіндерді жоюға арналған алмаздалған бор машина. Алайда, өкінішке қарай, науқастардың өздері біле тұра, зиянды әдеттерден бас тартуға асықпайтындықтан, денсаулығы сөзсіз сыр береді. Қазір жүрек-қан тамыры жүйесінің аурулары жасарды. Бұрын біздің негізгі контингент 60-70 жастан асқандар болса, бірақ кейінгі уақытта жүрек ауруының әртүрлі формасы бар науқастар жиі кездесе бастады. Негізгісі артериялық гипертензия болса, оның көрсеткіші жоғары. Тағы бірі инфаркт – күйзелістен, жүйкеге түсетін салмақтан, зиянды сусындарды шамадан тыс тұтынудан ағзаның шамадан тыс жүктелуінің салдары. Бізге энергетикалық сусындарды тұтынудан пайда болған әртүрлі жүрек ауытқуымен де келеді. Өкініштісі, энергетикалық сусындардың жүрекке әсері туралы ғылыми зерттеулерге жеткілікті көңіл бөлінбейді», деп қынжылды дәрігер.
Сонымен қатар кардиохирург науқастардың анамнез кезінде энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынғанын айтқанын алға тартты. Олардың жүрек көрсеткіштері өзгерген, жалпы патология бар. Энергетикалық сусындарға тыйым салынбайды, дегенмен денсаулығын күтетін әрбір адам жақсы жарнамаға қарамастан бұл сусындардың ағзаға зиянды екенін түсінуі шарт. Дәрігерлер әсіресе энергетикалық сусындарды жүкті әйелдерге, балаларға, жасөспірімдерге, егде адамдарға, гипертониядан зардап шегетін, жүрек-қан тамырлары жүйесінде дерті бар, глаукома, ұйқысы бұзылған, тез қозғыш және кофеинге сезімтал адамдарға ішуге болмайтынын айтудан шаршаған емес.
«Денсаулықты жастайыңыздан сақтаңыздар. Дұрыс тамақтану, ұйқыңыз бен демалысыңызды реттеп отырған кезде ғана жүрегіңіз ғарышкердікіндей болмақ. Тұрақты қан қысымы, тұрақты импульс – қалыпты диапазондағы биохимиялық көрсеткіштер. Міне, ғарышкерлердің денсаулығы деген осы», дейді А.Қодасбаев.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бір шыны кофенің әсері 1-2 сағат сақталса, энергетикалық сусынның күші 3-4 сағатқа дейін созылады. Сергіткіш сусындар ағзаны энергиямен қамтамасыз етеді деген тұжырым да дәлелсіз. Сусында ешқандай энергия жоқ, ол – тек энергия қоздырушы. Қорыта айтқанда, біз ағзадағы өз қорымызды пайдаланамыз, яғни өз энергиямызды өзімізден қарызға ала тұрамыз. Алайда ерте ме, кеш пе, бұл қарызды түрлі кеселдер түрінде еселеп қайтаруға тура келеді.