• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Шілде, 2023

Активтерді қайтару – әлеуметтік әділдікті орнату

145 рет
көрсетілді

Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойғаны белгілі. «Әділетті Қазақстанның» басты нышандарының біріне баланған бұл заңның ерекшелігі неде? Ол қалай жұмыс істейді? Шетке шығарылған және ел ішіндегі заңсыз алынған активтердің қайтарылуы мен оның халық игілігіне орнымен жұмсалуын кім қадағалайды? Осы және өзге де сұрақтарға Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов жауап берді.

– Магеррам Мамедұлы, жуырда қабылданған заң­ды дайындау жұмыстары­на Сіз белсене араласқан адам­дардың бірісіз. Біздің білуімізше, Парламентте заңсыз иемденілген активтер­ді қайтару бойынша жұмыс тобына жетекшілік еттіңіз. Заң қабылданғанға дейін осы бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– Заңсыз иемденілген актив­терді қайтару туралы заңды да­йындау барысында бес бірдей заң жобасы қаралған болатын. Оның төртеуі Мәжілісте талқыланды. Соның ішінде, өзіңіз айтқандай, мен екі заң жобасын талқыға салған екі жұмыс тобына жетекшілік еттім.

Қолды болған қыруар қаржы мен мүлікті тауып, мемлекетке қайтару оңай жұмыс емес екені белгілі. Сондықтан аталған заң жобаларын талқылау барысында көп тер төгуге тура келді. Күніне түске дейін және түстен кейін бірнеше сағат отырған кезіміз болды. Заң жобаларын бүге-шүгесіне дейін талқыға салып жұмыс істедік. Өйткені оның қоғам алдындағы жауапкершілігі үлкен. Оның артында тарихи әділеттілік, керек десеңіз халықтың тағдыры жатыр.Талқылау аясында біз Әкімшілік, Әкімшілік рәсімдік-процестік, Кәсіпкерлік, Қыл­мыстық, Қылмыстық про­цес­тік кодекстерді, бюджет, жедел-іздестіру қызметі, ұлттық банк туралы көптеген заңдарды назар­ға ала отырып, атқарылатын шара­лардың заңнама аясына сай болуы үшін жұмыс жүргіздік. Нақтырақ айтқанда, мұның бәрі заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару үшін заңдық тұрғыда қолайлы жағдай мен оларды іске асыру тетіктерін жасауға бағытталды. Біз бұл тапсырманы толыққанды орындай алдық деп ойлаймын.

– Жаңа заңның елімізге қандай пайдалы тұстары мен артықшылықтары бар?

– Ең біріншіден, ол заңсыз иемде­­ніл­ген активтерді қай­тарудың тетіктері мен жолдарын ашып берді. Біз осы құжат аясында назарға алынатын адамдар мен субъектілердің тізімін кеңейттік. Олардың қатарында бұрын жоғары мемлекеттік лауазымдарды иеленгендер мен қазір де иемденіп жүргендер, одан бөлек, билікке жақын, қолында лауазымдық қуаты бар адамдар, атап айтқанда, ірі кәсіпкерлер, квази­мемлекеттік сектордағы кәсіп­орындардың жетекшілері, аффилиа­цияланған тұлғалар, т.б. бар. Осы аффилиацияланған тұлғалар санатында өздері көзге көрінбесе де, белгілі бір бизнес­тің артында тұрған жоғары ла­уазымды мемлекеттік қызметкер­лер, билікке жақын жүрген адамдар қатары да енді қалтарыста қалмайтын болды. Міне, заңның басты артықшылығы осында.

Екіншіден, бұл құжат актив­терді заңсыз қолды қылу жолдары мен оған қолайлы жағ­дайлардың жолын кеседі. Бұл туралы Президент те бұл заңның әділетсіз баюға және активтерді заңсыз шығаруға ықпал ететін себептер мен шарттарды жоюға бағытталатынын атап өткен болатын.

Үшіншіден, заң әлеуметтік әділдікті қалпына келтіреді. Оның мәні мынада: бұдан былай мемлекет ешкімнің халыққа тиесілі дүниелерді ұрлауына және заңсыз пайдалануына жол бермейді.

– Шетелдегі активтер ақша түрінде қайтарыла ма әлде мүлік түрінде ме?

– Екеуі де бар. Айта кетейік, заңсыз иемде­нілген активтер тек шетелде емес, өз еліміздің ішінде де бар. Қабыл­данған заң солардың бәріне қатыс­ты жұмыс істейтін болады. Ақша түрін­де қайтарылған активтер Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің арнайы ашылған шотына аударылады. Ал жылжитын және жылжымайтын мүліктер мемлекетке қайтарылған соң сатылымға шығарылып, одан түскен қаражат да жоғарыдағы шотқа түседі.

– Одан әрі бұл қаражат халықтың әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға жұмсалады деп естідік. Осыны таратып айтып берсеңіз.

– Иә, бұл қаражаттар әлеуметтік жағдайы төмен адамдарды қолдауға, әлеу­меттік нысандарды салуға жұмса­ла­ды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Бұл қаржыны жоғары технологиялы өндіріс орындарын ашуға, мектептер мен ауру­ханалар салуға, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға пайдалану керек. Жақын арада ауқатты кәсіпкерлер халықтың игілігі үшін өздерінің әлеуметтік жауапкершілігін жандандырады деп ойлаймын», – деген болатын. Шын мәнінде, әу бас­та мұның бәрі де халықтың игілігіне арналған дүниелер еді ғой. Бірақ көлденең көк аттылар килігіп, өз қарақан басының қамын күйттеп, заңсыз иемденіп кетті. Енді сол дүние-мүліктің бәрі өзінің тиісті мақсатына жұмсалмақ. Әлеуметтік әділдік деп отырғанымыз да сол. Бұдан бөлек, ауылдық жердегі елді мекендердің, моноқалалардың дамуына да өз септігін тигізетін болады. Бір сөзбен айтқанда, өзіңіз айтқандай, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталмақ.

– Жақсы. Талан-таражға салынған мем­лекеттің дүние-байлығы қайта­рыл­ды делік. Оны әрі қарай кім бақы­лайды? Қайтып келген қаржы тағы да біреулердің қалтасында кетпей ме?

– Жалпы, бұл жұмыстарды арнайы уәкілетті орган – прокуратура органдарының активтерді қайтару жөніндегі ведомствосы бақылауға алады. Ол заңсыз иемденілген активтерді іздеу, дәлелдеу, мониторингілеу, талдау жұмыстарымен тікелей айналысады. Сонымен бірге мемлекеттік органдармен ведосмствоаралық байланыстар­ды жүзеге асырады және шетелдегі активтерді іздеу бойын­ша халықаралық құқықтық ынтымақтастық орнатады.

Осы жерде айта кетейін, активтерді мемле­кетке қайтару­дың екі жолы қарас­ты­рылған: өз еркімен және мәжбүрлі түрде қайтару. Халық игілігіне бағыш­талған мемлекеттің байлығын заңсыз қолды қылған адамдар өздерінің ағаттығын түсініп, ақылға келіп, дау-дамай шығар­май-ақ өз еріктерімен қайтарады деп үміттенемін.

Ал мемлекетке қайтқан қаражат пен дүние-мүліктің тиісті орнына жұмсалуын жаңадан құрылатын арнайы комиссия бақылауға алатын болады. Оның құрамына қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері кірмек. Жоғарыда атап өткен арнайы шотқа түсетін әрбір тиынның қайда жұмсалатынын осы адамдар қатаң қадағалауында ұстайды. Сондықтан мемлекет қаржысы қайтадан біреулердің қалтасына кетпей ме деп алаңдауға еш негіз жоқ.

– Сіз бұған дейін бір сөзіңізде азаматтық тәркілеу тетігі қолданысқа енетіні туралы айттыңыз. Оның ерекшелігі неде?

– Иә, қабылданып отырған заңның тағы бір ерекшелігі – «азаматтық тәркілеу» деп аталатын жаңа институтты қолданысқа енгізуі. Айта кетейік, азаматтық тәркілеу қылмыстық немесе әкімшілік тәркілеудің орнын алмастырмайды, солармен қатар жұмыс істейтін болады.

Азаматтық тәркілеудің қыл­мыстық тәркілеуден артық­шылығы – оның жедел­дігінде және тиімділігінде. Мысалы, қылмыстық тәркілеу ұзақ үдерістен тұрады. Айыптау тарапы мүліктің заңсыз алынғанын дәлелдеуі керек. Екіншіден, оның мерзімі шектеулі. Яғни белгілі бір уақыттан кейін қылмыстық тәркілеу жүргізілмейді. Үшінші­ден, ол жерде «кінәсіздік презумпциясы» да бар.

Ал азаматтық тәркілеуде керісінше, мемлекет мүлкін заңсыз иемденгендердің тізіліміне енген әрбір субъект өзінің кінәсіздігін делелдеп шығуы керек. Көріп отырғаныңыздай, бұл жерде мемлекет сізді кінәламайды, тек жай ғана күдіктілер тізіліміне енгізіп қояды. Әрі қарай сіз өзіңіздің кінәсіздігіңізді, яғни мүлікті заңды жолмен иемденгеніңізді дәлелдеуіңіз керек. Дәлелдей алсаңыз жақсы, ал дәлелдей алмасаңыз, мемлекетке қайтарасыз.

Азаматтық тәркілеудің тағы бір артықшылығы – оның «мерзімі өтіп кету» сипаты жоқ. Белгілі бір шенеунік немесе лауазымды тұлғаның мүлікті иемденгеніне қанша жыл уақыт өтсе де, егер ол күдікке ілінсе, өзінің заңды жолмен алғанын дәлелдеуі керек болады.

Бұл тәжірибе қазір әлемнің көптеген елінде белсенді жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, АҚШ, Ұлыбритания, Германия секілді дамыған мемлекеттерде қолданыста. Ол өзінің тиімділігін көрсетіп те келеді. Өйткені қазір бізде ғана емес, әлемнің барлық елінде сыбайлас жемқорлық, мемлекет мүлкін заңсыз иемдену проблемасы өте өзекті.

– Соңғы сұрақ: алдағы уақытта қолында «қуаты бар» жоғары шенді­лер мемлекет мүлкін тағы да заңсыз ием­деніп кетпеуі үшін не істеу керек?

– Жаңа заңда осындай жағ­дайларды болдырмаудың жол­дары толыққанды қарас­тырылған. Сондықтан болашақта мұндай келеңсіздіктер орын алмайды деп үміттенеміз.

 

Әңгімелескен

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»