Таяуда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ археологтары ерте темір дәуіріне жататын отбасылық қабірді тапты. Жерлеу рәсіміне қарағанда, бұл қабірлер әртүрлі уақытта салынған. Экспедиция жетекшісі қорған үйіндісінің астында тағы да жерлеу орындары болуы мүмкін екендігін айтады. Келешекте бұл қорған толығымен зерттелмек. Қазіргі уақытта барлық олжалар далалық зертханада айқындалып жатыр. Табылған археологиялық кешендер жетісулық көне тұрғындардың заттық және рухани мәдениетінен мәлімет береді.
Осылайша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы тарих ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Досбол Байғұнақовтың жетекшілігімен Алматы облысы Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы қазба жұмыстары кезінде ерте темір ғасырына жататын отбасылық қабірді тауып алды.
Зерттеу жұмыстары «Қазақстанның оңтүстік-шығыс және шығыс аймақтарының (Шу-Іле алқабы, Тарбағатай және Алакөл ойысы) мәдени мұрасын пәнаралық археологиялық және тарихи-этнографиялық зерттеу» атты мақсатты қаржыландыру бағдарламасы аясында жүргізілді.
Далалық жұмыстар барысында ауылдың оңтүстік шетіндегі Кіші Алматы өзені жағалауындағы қорған зерттелді. Қорғанның диаметрі – 30 м болса, биіктігі – 0,5 м. Орталық бөліктен 1,2 м тереңдіктен бір деңгейде жатқан, бірақ жерлеу рәсімінде айырмашылықтары бар екі қабір аршылды.
Бірінші жерлеу орны батыстан шығысқа қарай бағытталып, ұсақ тастардың үстінде жатыр. Жерленген адамның бас жағына жануарлардың сүйектері, құмыралар, аласа шыныаяқтар мен тостағандар түріндегі қыш ыдыстар қойылған. Сонымен қатар жерлеу орнынан қола айна мен алтын фольгаға оралған моншақ, мәйіттің сол жағынан 3 керамикалық бұйым табылды. Жерлеу шұңқырының шығыс бөлігінде тонау ізі байқалды, бұған қаңқа сүйектердің ғана емес, әшекей бұйымды құраған алтын моншақтардың көп бөлігінің жоқтығы айғақ бола алады.
Екінші жерлеу орны біріншісінен оңтүстікке қарай 1,5 м жерде орналасқан. Жерлеудің тас төсендісі жоқ, оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа бағытталып жатқызылған. Жерлеу орнынан 6 керамикалық ыдыс пен үстіне пышақ қойылған малдың сүйектері анықталды. Сондай-ақ бас сүйегінің сол жағынан қола айна табылды. Бас сүйектің үстінен әшекей болуы мүмкін алтын фольга қалдықтары аршылды. Бағалы тастармен көмкерілген алтын сырға да бас сүйек қорапшасы жанынан табылды. Тағы да алтын моншақ бөлігі алынды. Мәйіт ұзынынан созылып жатыр, оның аяқ сүйектері сақталмаған. Сондай-ақ оң қол саусақтарының тұсынан сақтарға тән акинак (қанжар) табылды. Темір акинактың ұзындығы 30 см, сонымен қатар қынаптың алтын жабынының қалдықтары да анықталды. Екі саусақты ұстағышы мен суағары бар керамикалық ыдыстардың бірі Үйсін дәуірінікі болуы ықтимал.